Президент • 08 Қараша, 2022

Мемлекет басшысы Атырау өңірінің тарихи маңызы жайлы айтты

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Атырау жұртшылығымен кездесу барысында өңірдің тарихи маңызы жайлы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Атырау өңірінің тарихи маңызы жайлы айтты

«Атырау алқабы – табиғи байлығымен қатар тарихи мұраларымен де танымал өлке. Өңірде мыңдаған жыл бойы озық өркениеттер болған. Бұл жерден табылған «Алтын адам» – соның бір айғағы. Көненің көзіндей Сарайшықта атақты хандарымыз ордасын тіккен. Шаһар кезінде ең ірі және ең дамыған қалалардың бірі болғаны баршаға мәлім», деді өңірге барған сапарында.

Сондай-ақ Иманқара үңгірі мен Ақмешіт қорымы - қазақтың сан қилы шежіресі екенін де атап өтті.

«Осы аймақтан Исатай мен Махамбеттей батырлар, Мұрат пен Шернияздай ақындар шыққан. Бұл өлке қазақ руханиятында орны бар ақын-жазушыларымен, зиялы азаматтарымен танымал. Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов – осы өңірдің тумасы. Сонымен қатар, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Қаршыға Ахмедияров, Рақымжан Отарбаев және басқа да біртуар тұлғаларды атап өтуге болады».

Жиын барысында Президент Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың еңбегін айтып өте, мақтан тұтатынын жеткізді.

«Бәріміз бұл аса көрнекті композитор, жазушы, өнертанушы тұлғаны мақтан тұтамыз. Қаймағы бұзылмаған қазақтың байырғы мекені қай жағынан алып қарасақ та, қарқынды дамып келе жатыр. Біз мемлекеттік саясатта «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанамыз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.