– Сізді «майталман қобызшы» дейді екен. Тыңдармандарыңыз атады ма бұлай, әлде әріптестеріңіз бе?
– Ұмытпасам, 1996 жылы Дина Нұрпейісова атындағы байқауда бірінші орын алдым. Аталған байқауда қазылар төрағасы Қаршыға Ахмедияров ағамыз болды. Сол жолы Қаршыға ағаның айтқаны ғой. Кейін газетке ме, журналға ма сұхбат бергенінде аталмыш сөзін қайталап, ресми бекіткендей әсерге қалдырды. Бұл, әрине, мен үшін мақтаныш әрі өмірімдегі елеулі оқиғаға айналды.
1990 жылы Атырауда Құрманғазы атындағы екінші байқау өтіп, жеңімпаз ретінде тұңғыш көзге түстім. 10-сынып оқитынмын. 2008 жылы елімізде тұңғыш рет Ықылас атындағы байқау ұйымдастырылып, бас жүлде иеленгенімде, автокөлік мінгізді.
– Қобызды ерте бастан ұстаған екенсіз ғой?
– 9 жасымнан тарта бастадым. Әкем Жұмабек Оразбаев домбырашы, Талғар ауданының намысын қорғаған айтыс ақыны еді. Ақын Есенқұл Жақыпбек ағамен бірге жүрді. Әкем сонымен қатар домбыра, қобыз шабатын шебер кісі. Домбырасы әлі күнге сақтаулы. Дауысы күмбірлеп, ерекше естіледі. Маған арнап шапқан қобызы қазір өзім ұстаздық ететін Қазақ ұлттық өнер университетінің музейінде тұр. Уақытша қоюға сұраған соң тапсырғанмын. Кезінде Париждегі концертте сол қобызды тарттым. Алғашында екі қобызбен шығуым керек болған, алайда дәл сахнаға көтерілерде жүрегім тек осы қобызды қалады. Көне, өте көне сарындар сарнап алып жөнелді. Асылында, біз көне замандағы дыбыстарды да біле бермейміз. Бірақ терең түйсік пен рухани код арқылы сеземіз. Парижде қобыз шалғанымда соны ұқтым.
Өнерге ерте әуес болатыным, біз үй ішімізбен отбасылық ансамбль құрып, Алматыда, Талғар ауданында өнер көрсетіп жүрдік. Айтпақшы, Қамбарбай атам да – домбырашы. Ол кісі Әлшекейдің күйлерін жеткізуші. Атам Әлшекейдің күйлерін радиоға жазып қалдырған екен. Соны алып, тыңдап, қағазға түсіріп қайта жаңғыртайын десем, радиодағы «жазбасын» бір кісі алып кетіпті. Әлгі адамды біреулер арқылы іздеп жүріп әрең тапқанымды қайтейін, дыбыс жазылған таспаны сақтамаған. Ескіріп кеткендіктен, лақтырып жібергенін айтады. Халық мұрасына ондай ұқыпсыздық жүрмейді ғой. Содан әлгі кісі атамның тартуынан естіп, нотаға түсіргені бойынша орындап көрсем, қате. Себебі бала кезімде атам тартатын Әлшекейдің «Аққу» күйі құлағымда қалған. 2018 жылы шығарған «Аққулар сазы» кітабыма бала күнімде атамнан естіген нұсқасы бойынша енгіздім. Бұл жинақта «Аққу» күйлерінің басын қосуға тырыстым, барлығы 30-ға жуық күй. Домбырада тартылатын «Аққу» күйлерін қобызға машықтадым. Ал домбыра күйлерін қобызға лайықтап тарту, біріншіден, қобызшының орындаушылық шеберлігін арттырады, екіншіден, күй орындауға түрлі жаңа әдістер, тың штрихтар кірігеді.
Ахмет Жұбанов атындағы мектепте оқыдық, ол жерден де көп нәрсе үйреніп шықтық. Әбдіманап Жұмабекұлы деген ұстазымның да ықпалы мол болды. Бала күнімде Омар Қаймолдин деген кісі ертіп жүретін. Ықылас музейінде істеген, Байжігіттің күйлерін жеткізуші. Композитор Кенжебек Күмісбек ағаның да есімін құрметпен еске аламын.
– Бізде тұтас қобыздың концерті өткенін естімеппін. Соған қарағанда бұл аспапты жатырқау бар сияқты?
– Иә, ондай жағдайлар кездеседі. Біздің бала кезімізде қобызға көп балалар қол соза бермейтін. Бақсының аспабы деп қабылдайтын (күлді). Бірақ қазір, керісінше, жастардың қобызға қызығушылығы жақсы. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ бір ескеретіні, қобыз – жүрдім-бардым ұстағанды көтермейтін қасиетті аспап. Оны ұстадың екен, ақиқатты мойындап, хақ жолына түсу керек. Рух тазалығын талап етеді. Әйтпесе, адасасыз. 30 жыл сахнада өнер көрсетіп, 28 жыл ұстаздық еткенде көзім жеткен бір шындық сол.
– Қазақстаннан гөрі шетелдерде көп концерт беретініңіз байқалады? Оның сыры неде?
– 2003 жылы Италиядан «Аққу» атты дискім жарыққа шықты. 2004 жылы ол бірқатар әлем елдеріне таралды. Мен Голландияда да көп өнер көрсеттім. Максим деген кісінің септігімен жекелеген компаниялар арқылы шетелдерге көп шығып жүрдім. Өйткені шетелде біздің құндылықтар аса жоғары бағаланады. Әсіресе Еуропа елдерінде.
2020 жылы карантин кезінде Американың Wesleyan университеті онлайн кездесуге шақырды. Интернет арқылы сұхбаттасып, күйлерімді тыңдады. Осы 2020 жылы халықаралық «Бионд мюзик» деген жобаға қатыстым. Штабы Швейцарияда. Онда әр ұлт өзінің музыкасын, негізінен әндерін, композицияларын біріктіріп, коллаборация жасап шығарады. Мәселен, Мексика, Аргентина, Португалия, Қазақстаннан мен қосылдым. Нәтижесінде, «Same planet 2021» атты альбом шығып, дүниежүзіне таралды. Жоба шеңберінде 26 елдің музыка өкілі қамтылды. Солардың арасында қазақ музыкасының үнін шығарып, қобызды қосқанымды мақтан тұтамын.
Өткен жылы қазан айында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, Аустрия астанасы Вена қаласында концерт бердім. Ондағы «Культ Еуразия» ұйымы жыл сайын шақырып тұрады мені. Венадағы концертімде Ықылас Дүкенұлының барлық күйін тарттым. Аудармашы тарихын айтып тұрды. Сонымен қатар қобыз ұстап жүрген аустриялықтарға шеберлік сыныбында білгенімді үйреттім.
2020 жылы Астанадағы «Наз» би театрында концерт қойдым. 2021 жылы Жастар театрында өткен «Бір мүмкіндік» байқауында қазылар төрағасы болдым және «Ықыластың қобызы» деген жеке концертімді бердім.
Айтпақшы, биыл Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының ұйымдастыруымен «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» атты жобамен жарты Қазақстанды аралап концерт қойдық. Абай облысынан бастап, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау облыстарындағы моноқалаларды араладық. Яғни әртістер көп бара бермейтін мекендерге ат басын тіреп, халықтың көңілін көтеруге тырыстық. Мәселен, сонда Шығыс Қазақстанда Алтай қаласының тұрғындары қобызды бірінші рет «тірідей» тыңдап отырғанын жеткізді.
– Мәселен, шетелдерде өнер көрсетіп жүргеніңіздей, Қазақстанда тұтастай қобыз концерттерін беруге не кедергі? Аустрияда Ықыластың барлық күйін орындап шықтым дедіңіз ғой...
– Енді-енді қолға алынып келеді. Кең көлемде насихатталмады демесе, бұрындары да өтпеді деуге болмайды. 2014 және 2015 жылдары Астана қаласында «Аққу» және «Ұлы дала сарындары» атты жеке шығармашылық кешім ойдағыдай өтті. Бұдан бөлек Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінде концерт қойып тұрамын. Мысалы, қазір қобызды Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы жақсы көтеріп жатыр. Кеше ғана «Күй қайнары» атты концертте қатарынан үш күй тарттым. Халық риза болды. «Қазақконцерттің» басшысы Ақтоты Райымқұлованың ұлттық өнерге деген оң көзқарасын атап өткен жөн. Аты дардай республикалық концерттерде қобызға бір немесе екі номер ғана қиятын кездердің де куәсі болғанбыз.
– Шетелдік тыңдармандар арасында қобыздан алған әсерлерімен бөліскендері болды ма?
– Шетелдіктер қобыз күйлерін көбіне терапия ретінде қабылдайды. Өйткені көшпелі елдердің ұлттық аспаптары мен музыкаларының энергетикасы бөлек. Неге десеңіз, ұлттық аспап пен музыканың неше атасы оларда да бар ғой. Мына қызықты қараңыз, 2013 жылдан карантин басталғанға дейін Германияға жыл сайын барып, концерттер қойып қайтатынмын. Олар да қобызды құдіретті музыка, терапия ретінде тыңдайды. Адамдардың жанын емдейтін орталық бар Германияда. Тіпті сонда қолқалап шақыртып ойнатады. Бір, бір жарым сағаттап тартқызады.
Ұзақ уақыт арқаланып қобыз сызғанда, энергия алмасады. Мен музыка шығарамын, олар разылығын білдіріп, қошемет қылады. Адамның рухы солай жаңарып отыруға тиіс деп ойлаймын. Энергия жаңарған сайын адам да ауруға шалдыға қоймайды. Ол үшін бір-екі күй емес, бір, бір жарым сағат күй тарту керек.
Ұлыбританиядағы әлемдік мәдениетті дамыту орталығының қолдауымен мен «Qyryq qyz» халықаралық мультимедиа жобасының музыкалық жетекшісі ретінде тағайындалып, Қазақстаннан 5 өнерпаз 2018 жылы Американы араладық. Бруклин консерваториясы, тағы басқа мекемелерде шеберлік сыныптарын өткіздік. Сонда Кембридж университетінің Уулф атты профессоры: «Мынау неткен бітпейтін ырғақ, бай музыка?» деп таңғалып, сұрақтың астына алды. Соған қарағанда, көшпелілер музыкасы ырғағының байлығымен ерекшеленетін сияқты.
Үндістанда қобыз тартқанымда, олардың бұрынғы хандарының тұқымы – махараджасы келіп, елдің көзінше қобызыма басын иді. Сонда қасымдағы музыканттар жығылып, әлгінің етегін сүйіп жатыр. Маған қарап ақсүйектеріне жығыл, тәжім ет деп ымдап қоймайды. Мен тіземді бүге алмадым, кеудеме қолымды қойып, басымды иіп белгі бердім. Мұндай оқиғалар көп кездесті өмірімде.
– Демек бірер күймен ғана шектелуге болмайды. Арнайы қобыздың концерттері керек деген сөз ғой?
– Иә, дұрыс айтасыз. Табиғатын ашып, төл дыбыстарын шығара алса, бұдан асқан аспап жоқ. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Қобыз ағаш болғанымен, ақиқатты ұстанушы... Ондағы сарындар табиғаттағы сан түрлі әуен, үйлесімділік, тепе-теңдікті жырлайды. Біздің миссиямыз – солар арқылы адамның рухын жаңарту. Қобызды ұлықтау өз қолымызда.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жәнібек Әлиман,
«Egemen Qazaqstan»