Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ведомствоның хабарлауынша, азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау, отандық бизнес пен халық мүдделерінің теңгерімін сақтау мақсатында «қатаң» құралдарды пайдалану жағдайды шешпейді. Яғни осы кезге дейін дұрыс деп есептелген – бөлшек бағалардың шекті мәнін белгілеп қою және ӘМАТ-қа шекті рұқсат етілген бөлшек бағалардың мөлшерін белгілеудің қолданыстағы ережелері ендігі кезекте жарамсыз. Жарамсыз болатын себебі, бұл тәсіл бизнес тарапынан реніш туғызуда.
Осыны ескере отырып, министрлік жаңа ережелер жобасын әзірледі. Бұл құжат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілердің өзіндік құны мен өткізу бағаларын, логистикаға арналған шығындарды, көтерме және бөлшек сатушылардың 15%-дан аспайтын мөлшердегі сауда үстемелерін, сақтауға арналған шығындарды, сондай-ақ өндірушілер мен ішкі сауда субъектілерінің залалды қызметіне жол бермеуді ескеретін ӘМАТ-қа бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінің мөлшерін белгілеу үшін жергілікті атқарушы органдардың есеп айырысу түрлерін айқындайды.
«Жалпы, мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді өз өнімдерінің бағасын өз бетінше тұрақтандыруға ынталандыруға мүмкіндік беретін «оңтайлы» реттеуге біртіндеп көшуге ниетті. Бұл – ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді «айналым схемалары» бойынша тікелей өндірушілерге қаржыландыру тәсілдерін өзгерту, ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу, қызмет тізбегін талдау және азық-түлік бағасына тікелей әсер ететін аймақтық комиссиялардың жұмысы аясында өнімсіз делдалдарды анықтау сияқты әдістер. Бұдан басқа, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаны тұрақтандыру тетігі ретінде «форвард» ұғымын енгізуді көздейтін ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерінің үлгілік қағидаларына түзетулер әзірледі», делінген министрлік хабарламасында.
Аталған бастамалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіруге, оларды кейіннен белгіленген бағамен жеткізуге алдын ала қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерекке қарасақ, қазан айында жылдық инфляция 18,8 пайызға жетті. Қыркүйекпен салыстырғанда инфляция 1,6 пайызға көтерілген. Осы қарқынмен жыл соңына дейін инфляция 20 пайыздық межеден еркін асып түсетін секілді.