Руханият • 09 Қараша, 2022

Күй және ұлттық рух

593 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астананың мәдени-рухани өмірінде ерекше оқиға болды. Ұлтымыздың күй өнері саңлақтарының гранит тасқа есім­дері жазылып, күйшілер аллеясы ашылды. Бұл Ұлы дала өрке­ние­тіне, қазақтың рухани кемелдігіне қойылған ескерткіш болды.

Күй және ұлттық рух

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Домбыра – қазақтың жаны, мұқалмас рухы, тарихи жады және ары!

Қазақтың күй мұрасын зерт­теуші Ақселеу Сейдімбек жаз­ғандай «күй – қазақтың аспапты музыкасы, күй – адамның белгілі бір сезім сәті.

Күй деген түбір сөзден өрбіген, алуан мағыналы сөздердің ортақ қасиетін, сабақтас мәнін аңғартуға болады. Ол – күй деп басталатын қай сөздің де сезімін қайнатып жататындығы».

Иә, атам заманнан бері қа­зақ әуелі «Мал-жан аман ба?», «Кө­ңіл күйің жақсы ма?» деп сұраған. Бұдан ұлтымыздың бү­кіл дүниетанымын, рухани сұ­ранысын, философиялық ұғымын тануға болады.

Академик Құдайберген Жұ­банов ағамыз «Қазақтың күй түрінде айтылатын сөз шағатай, ұй­ғыр тілдерінде, анадолы тү­рік тілдерінде «көк» болып ай­тылуға тиіс» деп түйіндейді. Ал Махмұт Қашқаридің түркі тіл­дерінің сөздігінде «күк» сөзі «күй» мағынасында қолданылады деп түсіндірген.

Демек күй деген сөз музы­калық жанр ғана емес, ол – ұлттың болмысы, танымы, дүниені бей­нелеудің көркемдік тәсілі деп ба­ғалаған жөн болар.

Күй белгілі бір заманның, тарихи оқиғалардың, жаугершілік пен тыныштықтың, адам табиғатының тылсым сырын ұқтыратын ақпа­рат көзі де. Күйлердің аттарынан қай заманның зары мен мұ­ңы, қуанышы екенін бірден-ақ аңға­рамыз.

Қорқыт бабамызға байланыс­ты мына әңгіме еске түседі. Қор­қыт баба дала кезіп, қобызын аңы­ратып келе жатқан көрінеді. Алдынан сән-салтанаты келіскен Сұлтанның тобы шығады.

«Еһе, қобыз арқалаған Қорқыт сен екенсің-ау. Өмір ақиқатын қалай түсіндірер едің?», депті Сұл­тан.

Қорқыт баба ақ түйесінен тү­сіп, қобызымен бір зарлы сарынды төге жөнеледі.

Қылышын жалаңдатып отыр­ған Сұлтанның бір кезде көзінен жас парлап қоя береді. Ұшқан құс, жүгірген аң тоқтап, аттары басын иіп, тылсым тыныштық орнайды.

«Уа, Қараспан күйшім! Мынау сарыныңды қалай түсінсем болады?» деп тәкаппар Сұлтан басын иіпті.

Бұл күйдің атын «Қазабұл» дейді Қорқыт баба. Яғни сананың аржағында тұншығып жатқан «Нұрлы сезім» емес пе? Сонан соң:

«Күй – көңілдің сәулесі;

«Қазабұл» – күйдің құдіреті;

«Тазабұл» – тәннің қасиеті;

«Батабұл» – жолдың бесігі;

 «Әзәзіл» – жанның қасіреті» деген екен жарықтық.

Иә, атам қазақ күйді түріне қарай арнау күйлер, сый күйлер, тілек күйлер, хабаршы күйлер, естір­ту күйлер, жоқтау күйлер, елік­теу күйлер, бәсеке күйлер, емеу­рін күйлер, құлақ күйлер деп бө­леді.

Бұларды Ақселеу Сейдімбек адамның сенім-танымымен, тарихи оқиғамен байланыстырады. Ол – шындық. Бәріміз жақсы білетін Жошының өлімін күймен жеткізген ғой. Осылай Шыңғыс хан домбыраның көмейіне қор­ғасын құйдырғаны тарихи әфса­наға айналып кетті.

Шоқан Уәлихановтың өлімін әкесі Шыңғысқа Қанқожа қобыз­шы мен Тулақ сыбызғышы күймен ес­тірткен. Бұл туралы атақты академик Әлкей Марғұлан жазып кеткен.

Мұны музыка тілі сөзден гөрі сезімге ерекше әсер ететін, психо-аналитикалық түйсікке әсер ететін әуез құдіреті деп бағалаған жөн.

«Белгілі бір ұлттың сөйлеу тілі болатыны сияқты, әрбір ұлт­тың дәстүрлі музыкалық «тілі­нің» болатынына күмән бол­мауға тиіс», деген Ақселеу Сейдім­бек­тің сөзі иландырады және мойындатады.

Күй рухын ерекше түсініп, бағалаған Алаш ардақтысы Ілияс Жансүгіровтің поэма жазуы те­гін­нен-тегін емес қой.

«Домбыра, сенде мін бар ма?

Мінсіз болсаң тіл бар ма?

Тіл жоқ деуге бола ма,

Тілден артық үн барда.

Домбыраның күшімен,

Көмейінде күй барда»,

деп ерекше тебіренген.

Күйдің өз «тілі» бар екен. Ол дыбысқа, әуезге, синкретті се­зіммен ұштасып, жүрекке ерек­ше әсер етеді. Ол бірден ми қа­бат­тарына мыңдаған нейрон ағын­дарын жібереді. Ақпарат санаға же­теді, тербейді, жылатады, күлді­реді, жұбатады.

Музыка мамандары халықтың күй өнерін үшке бөлуге болатынын айтады: қоңыр күй, тік күй, бойлау күй деп.

Қазіргі музыка мамандары «шертпе күй», «төкпе күй» деп бө­­лінетінін жазып, оны түрлі ква­­лификацияға бөледі. Күй біл­гірі Ақселеу Сейдімбек аға­мыз бұлардың тек домбыраға қа­тыс­ты бөлінетінін ескертеді. Ал қо­бызбен, сыбызғымен, сазсырнай­мен, жетігенмен тартылатын күйлер қай топқа жататыны зерттелмеген. Музыка мамандары осы мәселелерді зерттеп, ғылыми ай­налымға қосады деп ойлаймын.

Жазушы, музыкатанушы Т.Әсемқұлов күйлерді «буынды күйлер», «буынсыз күйлер» деп екіге бөлген. Ахмет Жұбанов, А.Зат­аевич тағы да басқа ондаған күй өнерін зерттеушілер күй өне­рінің халық тағдырымен, қоғам дамуымен үндесіп, замана суретін бейнелейтінін жазып кеткен.

Қазақ тарихында Қорқыт баба (ІХ ғ), Кетбұға (ХІІ ғ.), Сары-Сал­таң (ХІІІ-ХІV ғ.), Асан қайғы (ХV ғ.), Қазтуған сияқты ұлы күйшілердің ұлы мұрасы халық санасынан өшкен жоқ. Соңғы мыңжылдықтардан бері үзілмей жалғасып келе жатқан күй өнеріне қарап, біздің де тарихымыз тереңде жатқанын білгеніміз жөн.

Қазақ күйшілері мен күйші-композиторларының гранит тасқа қашалып жазылуы баяғы көк түріктер заманын еске түсіреді. Күл­тегін, Білге Қаған жазбалары тасқа қашалып, күні бүгінге дейін жетті. Көк түріктердің бітік тас­қа жазылған аманаты қайта жалғасын тапқандай. Халық жадынан шықпайтын жүз бір адамның есімі тасқа қашалып жазылуы тек есімдері ғана емес, олар ұлтының жүрегіне жазылған есімдер деп білу керек!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері