Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кейінгі кезде Аралға қатысты мәселені шешу үшін «күріш егуге мораторий жариялау керек» деген ұсыныс айтылып жүр. Меніңше, бұл тығырықтан шығар жол емес. Керісінше, өңірдегі елді мекендердің жағдайын одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Өңірде қаншама шаруашылық күріш егумен айналысады. Аталған шаруашылықтарда мыңдаған адам жұмыс істейді. Мораторий жарияланса, олардың жайы не болмақ? Ең алдымен осыны ескеру керек.
Ел аузында айтылып жүрген екінші бір ұсыныс – Ертістің суын құбыр арқылы дарияға құю. Бұл да болашағы жоқ жоба. Өйткені Ертіс – трансшекаралық өзен. Бастауын Қытайдан алып, Ресей арқылы бізге жетеді. Трансшекаралық өзен суларын бөліп пайдалану туралы халықаралық конвенция бар. Бұл ұйымға Қытай мүше емес. Демек Қытай өз аумағынан өтетін өзен суын қалай және қанша мөлшерде пайдаланса да, еркі өзінде. Соңғы жылдары Ертіс суы деңгейінің түсуі соның бір дәлелі. Ал Сібір өзендері Ресей Федерациясының меншігінде. Сырдария мен Әмудария бастауын тәжік және қырғыз мұздақтарынан алып, жолындағы үш мемлекеттің қажетін өтеп барып, қазақ жеріне жетеді. Онда да судың жартымсыз бөлігі ғана келеді. Сонда Кіші Аралды қандай сумен толықтырмақпыз?
Менің ұсынысым – дарияның Арал ауданымен шектесетін ең жақын тұсынан Арал қаласына, яғни бұрынғы теңіз портына дейін құбыр бойымен су айдау. Бүгінгі халықтың құтылармен ойпатқа қарай төккен тамшы суларын құбыр арқылы келетін мол суға неге айналдырмасқа?! Әрі қарай Қосаман елді мекенінде жер асты тұщы су қоры бар. Бұл су Арал, Қазалы қалаларын және оларға қарасты елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.
Арал ауданы негізінен мал шаруашылығымен ғана айналысады. Егістік жоқтың қасы. Себебі бізде ағын су жоқ. Ендеше, неге қалаға дейін жеткен дарияның суын құбыр арқылы ауданның елді мекендеріне жеткізбеске. Тартылған құбырдың бойына жағалай ел қонып, егіншілікпен айналысса, мал бақса, тамаша емес пе?!
Бұл ұсынысты айтудың өзіндік себебі бар. Өздеріңіз білетіндей, ауылдық елді мекендерде халық саны аз, есесіне мал саны бірнеше есе көп. Малға су керек. Ал аралдықтардың қазір ішіп отырған суына мал ортақтасып отыр. Егер дарияның суы құбыр арқылы жетсе, ауылдардың экологиялық мәселесінің реттелуіне, яғни жақын өрістердің тозбауына, қашық өрістердің айналымға түсуіне, егін, бақша шаруашылығының дамуына жол ашылар еді. Ал балықшы қауым ауын кетпенге, қайығын атқа айырбастап мал бағып, егін егер еді. Тартылған теңіздің табанынан босаған жерлерге сексеуіл мен жыңғыл еге берген абзал.
Жоғарыда айтқанымдай, тәжік пен қырғыз ағайындарға дарияның суы мәселе емес. Егер ортақ өзеннің суын келісіп пайдаланатындай мүмкіндік пен ынта болса, Кіші Аралды қазіргі деңгейінде ұстап тұруға болады. Барлығы биліктегілердің келісімі мен шешімдеріне тікелей байланысты.
Қайрат МЫРЗАТАЙҰЛЫ,
Қосаман ауылының тұрғыны
Қызылорда облысы,
Арал ауданы