Әдебиет • 10 Қараша, 2022

Шығыс шуағы

297 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Шығыс – кең тақырып, кемел тақырып. Жақында ғана Гетенің «Жаңа Мелузинасын» оқып, ергежейлілер елі мен айдаһар бейнесінің түбі қайдан шыққаны жөнінде ой жүгірттік. Ергежейлілер Германияның ежелгі фольклорларынан бастау алса, айдаһар бейнесі алғаш шығыстық шумерлердің ескі тастарынан табылған. Қайбір іргелі туындының түп-тамырын зерделегенде шежірелі Шығыс өркениетіне тіреліп жатамыз. Бүгінгі әңгімеміздің негізгі тұздығы да Шығыс тақырыбы хақында болмақ.

Шығыс шуағы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Антика мен Шығыс

Еуропа әдебиетінің түбірі Антика әдебиетінде жатқаны көзіқарақты оқыр­­манға бейтаныс емес. Александр Пуш­кин Антика әдебиетін «Біздің ал­ғаш­қы университетіміз» деп атады. Грек мифологиясы, құдайлар һәм Зевс бейнесін әрбір Еуропа жазушысының шығармасынан (ең құрығанда мифтік кейіпкерін), пьесаларынан кезіктіруге болады. Италия суретшілері: Леонардо да Винчи «Әйел тәңірі» Флораның бюстін сомдаса, Сандро Боттичелли «Венераның тууы», «Көктем» картиналарын, Тициан «Айна алдындағы Венера» картинасын грек мифтерінің сюжеттер желісімен салды. Ежелгі грек мифтерінің пайдалану XVII-XVIII ғасырларда Еуропа өнер қайраткерлері үшін «сәнге» айнал­ғаны жасырын емес. Данте, Пет­рарка, Микеланджело, Шекспир, Байрон, Мольер, Вольтер, Эразм, Гёте, Шиллер­дің еңбектерінде мифологиялық қаһар­мандардың бейнелері көптеп көрініс тапты.

Тіпті атақты Толстойдың «грек тілін­сіз білімнің жоқ екені анық» деген пі­кірі шолақ ойдан айтыла салған пайым емес еді. Грек мәдениетінің Еуро­паға кіруінің алғашқы қадамдары 1453 жылы ежелгі гректердің рухани мұралары жиналған Константинопольдің түріктердің қолына өтуінен бастау алды. Осы тұста көптеген грек оқымыстысы Ресейге, Францияға, Италия, Германияға қашуға мәжбүр болды. Және олар өз кітапханалары мен қордаланған білімдерін әр елдің оқымыстыларымен сұхбаттасып, бөлісіп отырды. Ресей өркениетінде І Петрдің келуімен көптеген шет тілінің ғылым-білімі орыс тіліне аударылып, мәдениетінің алға шығуына терең ықпал етті. Атақты Белинский Гомердің шығармашылығына асқан махаббатпен құлаш ұрып, «балалық қарапайымдылығы мен поэтикалық күрделілігіне» таңданып, өз еңбектерін арнады. Белгілі ақын В.А. Жуковский «Одиссеяны» аударып, 1849 жылы жа­рыққа шығарса, 1829 жылы Гнедичтің аудармасымен «Илиада» баспа бетіне шықты. Ал Антика әдебиетінің түп­тамырына қарай ойысар болсақ, тосын, терең шатқалды жаңалықтарға кезігеміз. Жазба деректерде «ежелгі гректердің басқа елдермен сауда-саттық, кеме жолы байланыстары гректердің танымдық көк­жиегін кеңітті» делінеді. Иә, расын­да сол тұстағы Шумер, Иран, араб мәдениеті, Орталық Азия, сақ-скиф, Мысыр мен Месопотамия, шежірелі тарихы бар Шығыс өркениеті Антика әдебиетін қа­лыптастыруда ең маңызды рөл атқарды. Тіпті Пифагор, Фалес, Анаксимандр, т.б. грек ойшылдары өз бойларына Шы­ғыс даналығын қордалап, өзінше түйін шығара білді. Осы тұста Мысыр абызының Солонға айтқан: «О, Солон! Солон! Сендер, гректер, бала сияқты ке­шегі, бүгінгі күнді ғана білесіңдер», деген астарлы сөзі ойға оралады. Расында, ғылым-білімнің бастауы грек-рим деп танып, Шығыс танымын мойындағысы келмеу Еуропаның алғашқы ағаттық шешімі болатын. Мәселен, қарапайым дерек – қазақтың XX ғасыр әдебиетінде көптеп аударылған Крыловтың мысалдарынан Шығыстың шоқтығы биік туындысы «Кәлилә мен Димнәнің» иісі шығады. Сонымен қатар Шумер кезеңінің құнды жәдігері саналатын «Гилгамеш туралы жырдың» сюжеттері мен грек мифо­логиясының басты қаһарманы, Зевстің ұлы Гераклдың прототипі арасында ұқсас байланыстар өте көп. Құмық түркологі Мұрат Әжінің «Европа, тюрки, Великая степь» еңбегінде «Почему первой стала Древняя Греция? Она была ближе к Востоку…» деген түйінді сөзі бар. Тіпті Аттиланың жорығы Антика әдебиетіне өзіндік із қалдырғанын түсіну керек. Аттила есімі бағзы грек авторларының маңызды тақырыптарына айналып, батыр жайлы Дионис Периегет, Кл. Птолемей сынды авторлар таңдана қа­лам тартып, маңызды деректер жазып қал­дырды. Ал Ренессанстық Еуропа араб ғылымына қарыздар екені түсінікті жайт. «Цифра», «надир», «алидада», «азимут», «альтаир», «алхимия», «алгебра», «алмагест» сынды араб терминдерінің әлдеқашан әлемге ортақ ғылымда орын алғанын аңғармау мүмкін емес. Батыстың бүгінгідей орасан зор жетістікке жетуінде өздері «қараңғылық дәуірі» деп бағалаған орта ғасырлық мұсылман ғалымдары үлкен рөл атқара білді. Бір ғана XVIII ғасырда Әл-Фараби еңбектерінің орыс шіркеулерінен табылуы үлкен құбылыс еді. Осы тұста «Қазіргі Батыс мәдение­ті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар» деген британдық жазушы К.В.Бодлидің пікірі еске тү­седі. Сөз жоқ, XVI ғасырларда Батыс өркениеті шіркеу діндарларының қатаң қағидаларымен бүркемеленіп, ғылым-білімнің дамуы артқа шегінді. Тіпті жуы­ну үшін сабынды пайдаланудың өзі Құдайға теріс әрекет саналды. Жердің домалақ екенін дәлелдеуге тырысқан Галилео Галилей, Коперник сынды ға­лымдар Інжілдің қатаң ескертпелеріне қайшы келіп, оларға күш көрсетіп, пікір­лерінен айнуға мәжбүр етті. Ал бірбеткей Бруноны өз сөзінен қайтпағаны үшін отқа өртеп жіберді. Осы тұста Ислам мәдениеті өркен жайып, түрлі ғылыми жетістіктерге жетумен болды. «Әл-Жабр уәл-Мұқабала» атты кітабын жазып, әлемдік қолданыстан түспей келе жатқан «алгебра» терминінің түп атасы әл-Хорезми, медицинаның атасы, «дәрігерлердің патшасы» саналған Ибн Сина, Батысқа «Geber Filius Afflae» атты есіммен танымал химия саласының атасы, алғаш рет атомға түсінік берген Жабир ибн Хаййан, Еуропа ғалымдарынан төрт жүз жыл бұрын «Хайатул-Хайауан» атты зоологиялық кітап жазған Мұхаммед ибн Муса (Демири) сынды авторлар сөзімізге тұздық, пікірлерімізге дәлел. Әсіресе Әл-Фарабидің кезіндегі Араб халифаты жасаған мәдениет Еуропа, Африка, Азия елдеріне орасан зор ықпал етті.

 Даниэль Дефо мен Мұхаммед ибн Туфейл

Еуропа мәдениетінің қайта өрлеу дәуірін бастан кешуіне әсер еткен ежелгі ілім шоғырының отаны – Андалуся болатын. Мұхиддин ибн Араби, Ибн Рушд, Ибн Туфейл сынды жан-жақты ға­лымдар ғылымға терең дендеп, жаңа құр­лықтарды ашты. Осы тұс­та оқы­­мыстылар тартысқа түскен Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» мен Мұхам­мед ибн Абд ал-Малик ибн Туфейлдің «Хай ибн Якзан» шығармасы арасындағы ұқсастыққа тоқталсақ. Ғалым, ойшыл, астроном, математик, емші және мемлекет қайраткері Абу Бакр Мұхаммед ибн Абд ал-Малик Ибн Туфейл қазіргі Испанияның Гуадикс қаласында дүниеге келді. Ғалымның өмірі жайлы мағлұматтар аз болғанымен, оның Гранада қаласында емші болып қызмет еткені жайлы айтылады. Ал 1154 жылы Абу Саида Танжера әмірінің хатшысы болып сайланады. Сол бір асқақ та тәкаппар өлкенің тумасы ақын Федерико Гарсиа Лорка Гранада жайлы не деуші еді?

Тапжылмас түнекті аңсары,

мұңдарын түгескен жол қарар.

Тұздалған шынылы таңсәрі,

ериді әуеде арналар…

Гранада, расында, табиғаты «ауасы дертке дауа, жұпар иісін, көкірек қанша жұтса, тоясың ба?» деп таңырқай көз қадар жер еді. Ғалымның ойлау жүйе­сіне осы бір алуан түсті тастар мен жаң­ғырықты шатқалдар әсер еткен болса керек.

Еуропаға танымал Шығыстың он кітабының тізіміне енетін және «Құран» мен «Мың бір түннен» кейінгі әлем тілдеріне ең көп аударылған кітап – «Хай ибн Якзан» (Оянғанның ұлы). Шығармада белгісіз аралда туған және киіктің қамқорлығымен ержеткен бала (Ашина аңызына ұқсай ма, қалай?) жайлы баяндалады. Бала елу жыл жат аралда ғұмыр кешеді. Алғашқы жеті жылда астрономия, зоология сынды әртүрлі ғылым салаларын меңгереді. Сенім мен құлшылық, Құдай мен адам, жасыл мен қоңыр турасында ұзақ ойға батады. Құс тілін, аң тілін, табиғат тілін меңгереді. Біздің білуімізше, ғалым мұнда өз жалғыздығы мен таным жолын баян етеді. Кейіпкер жан сала дүние сырларын ұғуға талпынады. Әр құбылысқа алғаш көргендей таңданыспен қарайды. Тіпті жануарлардың ішін үшкір таспен жарып, ішінде нендей мүшелер барына назар салады. Шығармада келетіндей: «Сонымен, бір хайуанды ұстап алып, дәл баяғы елік секілді сойып, жүрегіне жетті. Назарын алдымен сол жақ қуысқа аударды, тілік салып, оның бу тәріздес ауаға толып тұрғанын көрді. Саусағын жүгіртіп еді, қолын ыстық шарпыды, хайуан сол сәтінде өліп қалды. Сонда хайуанды қимылға келтіріп тұрған осы бу екені, мұндай будың әр хайуанда болуы және ол ұшқан сәтте хайуанның өлетіні мәлім болды. Осыдан кейін құрылысын, орналасу реті мен тәсілдерін, жалпы санын білмек үшін, хайуанның барлық мүшелерін тексеруге ынтасы ауды. Олардың бәрі осы будың арқасында тіршілікте болса, буды қалай пайдаланады, ол денеге қалай таралып, қалай сақталады, күш-қуатты қайдан алады, оның жылуы неден таусылмайды? Ол ұшырасқан өлі және тірі хайуандарды сойып, осының бәрін зерттеді, қашан білікті табиғат зерттеушілері дәрежесіне жеткенге дейін бар ойын, бар назарын осыған жұмылдырды».

Мұнан әрі кейіпкердің түйген ойы­на назар салыңыз: «Хайуан рухы да біртұтас. Ол көз қаруын пайдаланғанда, көру әрекеті мүмкін болады, құлақ қаруын пайдаланса, есту әрекетіне ие болады, мұрны арқылы иіс сезеді, тілімен дәм біледі, терісімен және етімен сыртқы әсерді сезеді, егер әлдебір мүшесін пайдаланса, қимыл пайда болады, бүйрегі іске қосылса, азықтану және оны қорыту мүмкін болады. Әр жеке мүшеге жеке-жеке жерлері бағынышты етілген. Бірақ әр қозғалыс жүйке аталатын жолдар арқылы осы рухтың бір бөлігі мүшеге келіп жеткенде ғана орындалады».

Туфейлдің тікелей ғаламды, табиғат пен әртүрлі салаларды қызығып, мейір­лене іздеу графигі шығармада шынайы, күр­делі, шытырман оқиғалармен көрі­ніс табады. Ал біз білетін «Робинзон Кру­зода» философиялық түйіндерге тереңдеп бармайды. Керісінше ертегі секілді же­ңіл, тартымды тілмен әңгімеленеді. Содан да болар (адамзатты әу бастан жеңілге әуестігі мәлім) Робинзон Крузо жаһанға тезірек таралып, шығарма желісімен көптеген фильмдер түсірілді, зерттеу ең­бектер жазылды. Ал іші астрономия­лық, медициналық, окульттық, мистикалық сырларға толы «Хай ибн Якзан» интел­лектуалды оқырманның ғылым жолы­на шырақ жағар темірқазығына айнал­ды. Ғалымдар пайымдауынша, сол тұста Англияда атақты болған Туфейл еңбегімен жазушы Даниэл Дефо, философ Жан-Жак Руссо сынды тұлға­лар жақсы таныс болған. Еуропа ағар­тушыларын жалт қаратқан бұл қордалы ең­бекке бөгелмеген ойшыл аз. Кей тұс­тарда «Робинзон Крузоны» «Хай ибн Якзан­ның» тікелей көшірмесі деп кінә­лаушы әдебиеттанушылар мен сыншылар табылады. Шынында, сюжеттік тұрғыдан екі шығармадан көптеген ұқсастық табуға болады. Бірақ бірі жетілу жолын, кемелдік жолын іздесе, «Робинзон Крузода» қалайда құрлыққа жету мен күнелту жолын іздейді. Шығар­ма соңында Туфейл мырза: «Мен бол­сам, осы жолдарды оқып отырған қарын­дастарымнан түсіндіруімдегі ұшқа­ры­лығым және пайымдауларымның жал­пы­ламалығы үшін кешірім сұраймын. Мен мұны көз жанарын талдыратын қияндарға көтерілуім себепті және ондағы көргендерімді сендердің қиялдарыңды оятып, осы жолға түсуге ынталарыңды тудыру мақсатымен тұспалдап жеткізу мақсатымен жасадым», дейді. Бұл сөз­дерден ғалымның еңбекті жазудағы түпкі мақсаты қылаң береді.

 Еуропаның бастау бұлағына үңілсек, Шығыс өркениетінің, Азия құрлығының алма ағашына кезігу – бүгінде қалыпты құбылыс іспетті.

Гете мен Шығыс

Немістің алып ақыны, данышпан Гетенің Шығысқа деген махаббаты ерте кезден-ақ қылаң берді. Алайда әкесі ұлының заңгер болуын қалайды. Әке тілегіне қарсы келе алмаған ол 16 жасында Лейпциг университетінің заң факультетіне оқуға барады. Көп ұза­май жұтынған дерттің салдарынан үйіне оралып, оқуын бірнеше жылдан соң Страсбургте тәмамдайды. Осы жылдар ішінде ақын өзінің Шығысқа һәм оның мәдениеті мен дәстүріне деген қы­зығушылығын бір мысқал жоғалт­қан емес. 1814-1815 жылдары «Батыс-Шығыс диванын» жазарда, арнайы шығыста­ну­шы ғалымдар Пау­люс, Лорсбах, Козе­гар­тен арқылы араб тілін меңгерумен терең айналыса бас­тай­ды. Ақын адамзатты осы әлемді Жара­тушының құлы ретінде санады. Айнымас сенімді адам тіршілігі­нен, Құдайға мойынсұнудан тапты. Бұл ­жайлы өзі де әлденеше рет дәйек келті­ріп, «Батыс-Шығыс диванында» жазды. ­Ұлы ақын өміріндегі ерек бетбұрысты өзге ­тарихи құжаттардан да байқауға болады.

Шығыс мұнарасын темірқазық ете отырып жазған «Батыс-Шығыс диваны» жайлы өз очерктерінде: «Жалғыз Құдай­ға деген сенім әрқашан рухты жоғары көтереді», дейді. Құдайға мойынсұна отыра: «Міне, өзім мұсылмандықты танып, Құдайдың 99 есімін айтып, Құдай атымен таспих тартамын, бұл – ұлық ғибадат»,  деп ой түйеді. Бір уақытта Жаратқанның бұлжымас бекі­ген заңын, оның мінсіз жаратылысын айтады, таңданып табынады, өлшеусіз кеңістігінен тыныштық табады. Мұның бәрінің кездейсоқтық һәм жай ғана үйлесім екенін теріске шы­ғарады. 1807 жылы Реймерге жазған хатында: «…Терең сенімді, айрықша бел­гі мен сабақты адамға Тәңір береді. Адам өмірдің ерекше сәттерінде берілген күшті «кездейсоқтық» деп атайды, оның мәнісін білмейді. Сезіне алмайды… Бірақ бұл кездейсоқтық емес, Құдайдың өзінің кеңдігін, құдіретін осындай ерекше жағдайлар арқылы танытады», дейді.

1813 жылдың күзінде «Батыс-Шығыс диванын» бастамас бұрын, бір неміс солдаты Испаниядан Қасиетті Құранның «Ан-Нас» сүресі жазылған ескі араб қолжазбасын алып келеді. Кейін өзінің иендік ұстазының жетекшілігімен оны көшіріп алып, сүрені тәпсірлеуге тырысады. Ақын мұны ылғи да өзіне келген Жаратқанның белгісі есебінде санайды. Жаратушыдан жеткен және бір белгі ретінде 1814 жылы қаңтарда болған оқиғаны қарайды. Ол белгі – ақынның жергілікті орыс армиясында қызмет ететін башқұрт мұсылмандарының намазына баруы еді. Ғибадат Веймар­дың протестанттық гимназиясында өтті. «Саған бұдан бұрын айтпаған пайғамбарлық жөнінде айтуға тиіспін, бүгін бір оқиға болды, – дейді 1814 жылы 5 қаңтарда Требурге жазған хатында. – Бұрын, тіпті Пайғамбарларға да айтуға тыйым салынған дүниелер бүгін­де ашықтан-ашық болып жатыр. Біз­дің протестанттық гимназияда Құдай­ға құлшылық жасалып, Құран сүрелері оқылады деп кім ойлапты?! Бір ғажабы, бәрі нақ осылай өтті, біз башқұрттардың ғибадатына қатыстық, олардың молдасын көрдік, кінәздарын театрда қарсы алдық. Маған естелікке садақ пен жебе сыйланды, оны бөлмемнің қабырғасына іліп қойдым. Ал біздің кейбір ханымдарымызға, тіпті кітапханадан Құранның аудармасына тапсырыс берілді», дейді.

Жыл өткен сайын Гетенің Құдайға деген сенімі беки түскенін «Батыс-Шығыс диванындағы» мына бір өлеңнен аңғаруға болады.

Егер мені Тәңір құрт қылып

жаратса,

мен адамзат табалдырығындағы

құрт болар едім...

Осы іспеттес ойларды ақынның «Эг­монт», «Поэзия және Шындық» сынды өзге де еңбектерінен көруге болады.

1820 жылы 20 қыркүйекте Цельтеруге жазған хатында өз өмірінен әсерлі мысал келтіреді. Жақын адамы Кристианның өлімінен соң, өзін бақытсыз сезініп, Марианна фон Виллемерге нақты үйлену мақсатымен үшінші рет барады. Алайда жолда ойда-жоқта күймесі сынады. Мұны жаман ырымға балап, алғашқы тіле­гінен бас тартады. Хатын аяқтай келе: «Сонымен, біз Исламда қалуға тиіспіз... Бұған басқа алып-қосарым жоқ», деп қорытындылайды.

«Мұхаммед» өлеңінде Пайғамбарды рухани күш алған сайын арнасы кеңіп, алып мұхитқа айналатын бұлаққа және Жаратқанның құдіретін әйгілейтін сим­волға теңейді. 1816 жылы 27 қаң­тар­да «Жаратылғандардың ұлығы – Мұхаммед», деп жазады.

«Дивандағы» бір өлеңінде ақын христиандық түсінікке ашық қарсылық танытып, Мұхаммедтің елшілігін оған қарсы дәлел етеді. Өлеңнің жолма-жол аудармасына назар салалық:

Пәк (таза) Исус тек жалғыз

Құдайға ғана бағынды,

Исусты Құдай секілді

жоғарылатқаны –

Құдайды қорлағаны.

Бүкіл әлемді мойынұсынуға шақырған,

Мұхаммедтің бізге жеткізген

ақиқаты жарқырасын!

Ұлы ақын 70 жасқа толар жылы, Пайғамбарға Құран түскен ғажайып түн­ді ерекше атап өтетіні туралы жазады. «Ешкім бұл ұлы кітаптың әсеріне күмән­данбайды. Ол адам қолымен жасал­маған дүние екенін білгендіктен, оны мойындайды. Бұл кітап – мәңгілік күш пен қуаттың қайнар көзі ретінде қала бермек».

Ақын араб тілі оқулықтарын, өлең кітаптарын, Руми, Жәми, Хафиз, Сағди, Аттар қолжазбаларының араб тіліндегі нұсқасын, қасиетті Құранның тәпсірлерін, фикх сұрақтарына арналған материалдарды мұқият зерттеумен қатар терең түсіне білді. Зерделей білді. Хафиздің ақындық қуатына бас иіп, еліктеді. «Хафизге» атты өлеңінде былай дейді:

Қайран Хафиз!

қайтіп саған тең келем?

Мынау неткен сандырақ!

Ұшқыр қайық шырқар құстай

желменен,

Айдын жарып жарқырап.

…Жайнашы таң, құдіретті пішінде,

Медет берші маған да.

Елестейді жарқын өлке түсімде,

Құмармын ол ғаламға!..

(Қ.Бекхожин аудармасы).

Гете – Шығыс ақындарының өлең­дерін түпнұсқадан оқып, қайнарымен терең сусындаған ақын. Сол арқылы әлем поэзиясына «Батыс-Шығыс диваны» атты іргелі дүние сыйлады.

Қорыта айтқанда, Шығыс  – зерделеуді қажет ететін қордалы тақы­рып. Әлем әдебиетіне алты томдық мәснәуи еңбек сыйлаған алып Руми, төрт жүзден аса лирикалық жырлары арқылы Еуропа поэзиясына орасан зор әсер еткен «Шираз бұлбұлы» Хафиз, әр жыр жолының тармағын бір дирхем алтынға бағалаған паң шайыр Фирдоуси секілді ұстындар жеке әңгімеге жүк. Біз Шығыс шуағы­ның бір сәулесін ғана қамтып айта алдық, қадірлі оқырман.