Қоғам • 10 Қараша, 2022

Бүркіт салған күн

449 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кигендері керей тымақ, саптама етік, қасқыр ішік... Бозанбайдың бәйге төбесіне қарай сән-салтанаты жарасқан бүркітшілер маңғаз басып келе жатты. Бұл күні «Шығыс салбурыны-2022» бүркітшілер байқауы ұйымдастырылған еді. Құсбегілердің ниетіне қарай ма, түнімен қар қапалақтаған. Нағыз қансонар.

Бүркіт салған күн

Биыл Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында бүркітшілер байқауы екінші рет ұйым­дастырылды. Анау жылы аудан басшылы­ғы жылда өткізіп, дәстүрлі етеміз дескен. Айт­қанындай, биыл қыран қалықтатып жүр­ген отыз бүркітші Ұлан ауданында бас қосып, өзара сынға түсті. Қазақтың бекзат өнерін дәріптейтін бүгінгі шараға бүркіт ұшы­рудан әлем рекордын орнатқан Айшолпан Нұрғайып та келді.

Бүркітшілер сынға түсетін сайыс әдет­тегідей ресми басталды. Аудан әкімі Ренат Құр­манбаев құттықтау сөз сөйледі, қатысу­шыларға сәттілік тіледі. Келесі құт­тық­тау сөз алған жарыстың бас төрешісі Бағ­датхан Мүптекеқызы ұлттық өнерді дәріп­теп жүрген құсбегілерге ризашылығын біл­дірді. Бас төреші сайыс басталмас бұ­рын Бозанбай аулының тумасы Айзере Марк­сқызының бауашар рәсімін жасап, «Хабар» Агенттігі акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәлидің арнайы сыйлығын табыс етті.

– Ақсақалдарымыз баланы балиғат жасына толғанда қыран көтертіп, қансонарға алып шығар еді. Қайтып келгенде үлкендер шашу шашатын. Бұл дәстүр – бауашар деп аталады. Сол дәстүр бүгін Бозанбайда өткелі отыр. Айзереміз әкесімен бірге ұядан бүркіттің балапанын алған қайсар қыз. Әлем таныған Айшолпанның ізін басып, әпкесі сияқты ұлттық спортта оза шабады, – деп бас төреші Бағдатхан Мүптекеқызы жылы лебізін білдірді.

Жас құсбегі Айзере әкесімен бірге шың басына шығып, балапан алған кезде сегіз-ақ жаста болыпты. Қайсарлық десе, қайсарлық.

р

– Әкеммен еріп, шыңға көтерілгенім есімде. Аяғымызды аңдап басып, артық дыбыс шығармауға тырыстық. Әкем ол жерде бүркіттің ұясы барын бұрыннан білетін. Шың басындағы ұяға көтеріліп, сары ауыз балапанын алдық. Қазір ол төрт жаста. Өте сезімтал. Қорықсаң, шабуылдаудан да та­йынбайды, – дейді Айзере.

...Іргедегі төбеден додаға дайынбыз деген­­дей бүркіттер саңқылдады. Қыран құс­­тың аңға түсуін көреміз деп келген жұрт та ор­таға қарай топтасты. Жарыстың алғаш­қы шарты бойынша құсбегілер қы­ран­дарын қолға шақырды. Бірінің бүркіті тура барып қонса, енді бірі бостандықты аңса­ғандай тауға қарай ұшты. Ондайда қы­зық­тап келген көрермендер ұшып кетсе қай­теді деп күбірлесті. Бірақ бабы келіскен бүр­кіт ешқашан ұшпайды. Бірінші турдан ірік­тел­ген­дері шырғаға түсті. Ептілері 12-35 секунд ішінде шырғаны іліп үлгеріп жатты. Моң­ғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген құс­бегі Серік Жеңісбекұлы екі жасар «Қара­гер» атты бүркітін шырғаға 13 секунд­та да түсіргенін айтып отырды. Десе де Айшол­панның рекорды әлі бұзылмаған. Қазіргі уақытта бүркітші қыз Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінде оқып жүр. Айта кетсек, Айшолпан туралы деректі фильм жарық көріп, әлемнің 30 елінде көрсетіліпті.

– Қазір көбінде спикер ретінде көпшілік арасына шығамын. Құсбегілік жағы оқуыма байланысты тоқтап тұр. Бүгінде алтыншы тіл үйреніп жатырмын. Негізі, қыз балаға құс баптау өте қиын, – дейді Айшолпан Нұрғайып.

Соның өзінде бүркіттің бабын жақсы біледі. Білмесе, 79 азаматтың арасында жал­­ғыз өзі сынға түскен 13 жасар қыз бала бүр­­кі­тін алты секундта шырғаға қондырар ма еді?! Ол рекордты әлі күнге еш бүркітші жаңарт­паған.

м

Киіз үй жақта қазан көтеріліп, бұрқ-сарқ самауыр қайнады. Келген меймандар түстеніп, күштеніп алу үшін ақ дастарқан жайылды. Ұланның белгілі әнші-күйшілері әуелете ән шырқады, күмбірлете күй төкті. Көпшілік күткен нағыз қансонар түс ауа басталған. Бүркітшілер биіктеу төбеге қарай жайғасты. Жарыс шарты бойынша төменде орғи қашқан қоянға құс салады.

«Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» деген мақал еске түсті. Жәшікте тұрған сұр қоянды қар бетіне қоя бере салған. Қор­ғансыз жануар әр қурайдың басын бір иіс­кеп, жан-жағымен таныса бастағысы келген. Сол сәтте қабақтың үстінде тұрған құсбегі бүркітінің томағасын сыпырады. Қырағы қыран көзі бірден төмендегі жеміне түседі де, қанатын екі-үш рет қана қағып, төменге қарай зулайды. Қоян қаннен қаперсіз жүр, қауіпті сезбеген. Қанатынан жел есіп, жер бауырлай таяп келгенде ғана қоян қашпақ болар еді. Бірақ кеш. Құстың тегеуріні түйреп өтіп, сол сәтте-ақ ессіз қалдырады. Қыран құстың шапшаңдығына көз ілесіп үлгірмейді. Байқаймыз, кейбір бүркіт иесі келгенше қоянды басып қана отырады екен. Жо-жоқ, бүркіттен құтылып кеткен әккі қояндарды да көрдік. Құс үстінен төне бергенде шалт бұрылып кері қаша жөнеледі. Ондайда бүркіттің қонған жерінен қайта көтерілуі қиын.

о

Жарыстың бұл кезеңіне өткен құстар қырдың қызыл түлкісіне түсті. Кіл мықты­лар іріктеліп шыққандықтан болар, қашқан түл­кілерді ұзатпай алды. Сайыс соңында ­қазылардың шешімімен бірінші орын Алматы облысынан келген Алмас Сейіт­жанға берілді. Екінші орынды да Алматы облысының бүркітшісі Ермұхан Балтабай ен­шіледі. Ал үшінші орын Ақмола облысы­нан сынға түскен Алмас Қасымовқа бұйырды.

Айтпақшы, дәл осы күні тазы жүгіртуден де жарыс ұйымдастырылған. Тазының да тазы­сын көрдік. Негізі Ұлан жерінде бүр­кіт баптап, тазы жүгіртетін жігіттер көп. Олар­мен де тілдестік. Ұялас қос тазысын сынап көрмек болып, жарысқа келген Ринат Жанабаевтың құмай күтіміне қатысты бастаған әңгімесі саятшылыққа ұласқан. Оның айтуынша, қандай мықты тазы болса да, қасқыр алуы мүмкін емес дейді.

– Кейбіреулер тазы жүгіртіп қасқыр алдым деп жатады. Ол аңшының әңгімесі шығар, – деп әзілдей келе, – он шақты тазы бір қасқырды қаумалап алмаса, екі-үш тазының жүрегі қасқырға батпайды, – деп кесіп айтты. – Қуып жетуі мүмкін. Бірақ алқымнан ала қоюы екіталай. Ал түлкі, қоян секілді ұсақ аңды ойнап жүріп алады. Бірақ борсыққа келгенде сәл күш салуы керек, – дейді Ринат Жанабаев.

н

Бұл жарыста өскемендік Мансұр Қанат­бекұлының тазысы топ жарса, Ұлан ауда­нының намысын қорғаған Адал Оразай мен аягөздік Жандос Озатұлының иттері екінші, үшінші орындарға жайғасты.

г

Жарыс аяқтала күн борандата баста­ған. Алайда көрермендер мен бүркітшілер­дің көңілі тоқ еді. Сайыс соңында аудан басшылығы бұл жарысты келер жылы бұдан да көлемді етіп атап өтуге дайын екендерін айтты. Қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін ұлттық спорт түрлерінен қандай жарыс болмасын, артықтық етпейді. Көктегі қыранды қолға үйреткен баба өнері өміршең болсын деп тіледік біз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Бозанбай ауылы