29 Мамыр, 2014

Ақтауда жаңа зауыт салынбақ

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
0057348 Мұнай бар, ақша бар деп өзгеден сатып ала беруді әдетке айналдырмай, ірі де іргелі зауыттар мен өндіріс орындарын өзімізден салып, онда өндірілген бұйымдарды шеттің нарығына шығарсақ, өзгелер өздерінде жоқты бізден келіп аттай қалап сатып алып жатса – экономикалық даму деген осы. Жер астының байлығы бар дегенмен, оның да шегі көрінетіні табиғи құбылыс. Бәрін сарқып алып, келер ұрпаққа асты да, үсті де бос құрғақ жерді саусақпен нұсқап «табыстап» кетудің маңызы қанша? Қазір елімізде жүргізіліп жатқан индустриялық-инновациялық іс-шаралардың негізі осында жатыр. Ал, ірі жобаларды өзгелермен бірлесіп, олардың озық технология­сын, жеткілікті күшін, ғылымдағы әлеуетін пайдалана отырып, ортақ қаражатқа салу да экономикалық табысты болмақ. Осы орайда, елімізге түрлі мемлекеттерден ресми өкілдер келіп, түрлі маңызды келісімшарттарға қол қойып, бірлескен істерді қолға алып жатады. Соның бірі, өткен жылы қыркүйекте Испанияның премьер-министрі Мариано Рахояның Қазақстанға іссапары барысында нақтыланған болатын. Жуырда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Ақтау теңіз порты» ЕЭА және «IndoxSamrukKazakhstan» ЖШС арасында аймақ жұмысына қатысу­шылар ретінде қызметті жүзеге асыру жөнінде шартқа қол қойылды. Бұл атауы әлі кеңінен таныс емес компания – «IndoxSamrukKazak­hstan» ЖШС – «Самұрық-ҚазынаИнвест» және испаниялық «RosRokaindox»-тың бірлескен кәсіпорны. Жаңа кәсіпорын «Мұнай өнімдері, сұйы­тылған және сығымдалған газ үшін жабдықтар құруға арналған өнді­рістік кешен» ашу жобасын дамыту мақсатында құрылған болатын. Қазақстан аумағында табиғи сұйы­тылған газ нарығын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым және жабдықтар құру жобасы қарас­тырылады, сондай-ақ, ішкі қажет­тілікті өтеумен бірге сыртқа өнім шығару мүмкіндігі көзделеді. Жобаны жүзеге асыру барысында инженер-техник қызметкерлерді даярлауға бағытталған бірегей ғылыми-зерттеу орталығы құры­лып, Қазақстанның және Испа­ния­ның техникалық жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылып, білікті мамандар әзірленбек. Айтуларынша, түрлі көлік құрал­дары қозғалтқыштарын табиғи сұйытылған газбен жұмыс жа­сау­ға бейімдеу үрдісі жүзеге аспақ және зауыт табиғи газды за­лал­сыздандыруға арналған құрал-жабдықтар шығаратын цехтардан тұрмақ. Ақтауда сұйытылған көмір­сутекті газдарды шығаратын әрі тасымалдайтын, сақтайтын құрыл­ғыларды өндіретін бұл ірі өндірістік кешен салынса, 3 мың­ның үстінде адам жұмыспен қамты­латын болады. Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақтың 100 гектарға жуық аумағын алатын зауыт келешекте өз өнімдерімен Қазақстанның ғана емес, ТМД елде­рінің сұранысын өтейді делінеді. Тиянақты, тыңғылықты іс атқаруға осы салада 60 жыл тәжірибесі бар компания сендіріп отыр. Қол қою рәсіміне қатысқан Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев жобаның өңір үшін экономикалық тұрғыда маңыз­дылығын, жоба аясында бірден бір ғылыми-зерттеу орталығы салынып, инженер-техник қызметкерлері дайындалатындығын айтумен қатар, ірі жобаның Қазақстанда іске асырылуын Елбасының ортақ кеден орталығын құру бастамасының жемісі деп ұғынатындығын жеткізді. Жаңа жобаның тұсауы кесілді, енді тұрғындар зауыттың, одан кейін алғашқы өнімдердің тұсауы кесілетін күндерді тағатсыздана күтетін болады. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.
Соңғы жаңалықтар