Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Аталған іс-шараға Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Юнус Эмре институты Бақылау кеңесінің мүшесі Әли Өзгүндүз және Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысып, көрме экспозициясына ұлы қайраткердің өмір-тарихынан ақпар беретін 40-тан астам фото қойылды.
Мәртебелі жиынды ашып сөз сөйлеген елші Уфук Экиджи мырза, бүгінгі іс-шараның басты кейіпкері болып отырған Мұстафа Кемал Ататүрік осыдан 84 жыл бұрын дәл бүгінгі 10 қараша күні сағат тағы 09:05-те өмірден өткен болатын. Бұл сәт түркиялықтар үшін Ататүрікті еске алу, яғни ұлттық аза тұту рәсімі ретінде белгілі. Бұл күні ел көлемінде 2 минуттық үнсіздік жарияланады. Одан кейін қайраткер жүзеге асырған реформалар жайлы халыққа түсіндіріліп, оның сөйлеген сөздері радио, теледидар арқылы өз даусымен көпшілікке тыңдатылады, сонымен қатар тұлға жайлы деректі фильмдер көрсетіледі. Осы іс бүгінгі таңда Қазақстан елінінің астанасында жалғасын тауып отырғаны қуантады, деді.
Расын айтсақ, қазіргі туысқан Түрік мемлекеті Ататүріктің туындысы. Ол кісі ең әуелі білім беру жөніндегі тың реформаны жүзеге асырды. Анадолының әртүрлі қалаларында кәсіптік мектептер, техникумдар, мұғалімдер даярлайтын мектептер, орта мектептер мен лицейлер ашты. Түркия латын алфавитін қабылдатты. Жаңа алфавит батыс өркениетімен үндесуге үлкен үлес қосты. Сондай-ақ тіл реформасын жүзеге асырды. Қысқа мерзімде түрік тілін ғылым мен білім тіліне айналдырды... тағысын тағылар.
Келесі кезекте сөз алған Юнус Эмре институты Бақылау кеңесінің мүшесі Әли Өзгүндүз мырза, көрмені ұйымдастырушыларға ризашылық білдіре отырып: «Заманауи Түрік Республикасының негізін қалаушы, азаттық майданының бас қолбасшысы, ХХ ғасырдың кемеңгер мемлекет қайраткері Кемал Ататүрік атақты шейх Қожа Ахмет Ясауидің жолын таңдаған тұлға. Сондай-ақ адамды сүюді дәріптейтін үлкен ғұлама Юнус Эмренің гуманистік философиясын ұстанған адам. Сондықтан да бұл кісінің саяси жолы мен діни ілімі қазіргі қазақ бауырларымызға да жат емес, біз осы қайраткер тұлғалардың ісін өнеге етуіміз керек», деді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери оркестрі қайраткердің құрметіне әскери марш әндерін көпшілікке ұсынса, Түркиядан келген әнші Ататүрік сүйіп тыңдаған шығармаларды орындады. Ал қазақстандық жас суретші Альбина Әбенова өзі салған Ататүріктің қос портретін шараның құрметті қонақтарына тарту етті.