Қоғам • 13 Қараша, 2022

Экобелсенділер французша тіл сындырды

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан француз тілі мұға­лімдері қауымдастығының ұйым­­дастыруымен «Француз ті­лін үйре­неміз және экобелсенді бо­ла­­мыз» тақырыбында акция өтті.

Экобелсенділер французша тіл сындырды

Бұл жобаның бастамашысы – Француз тілі мұғалімдерінің халық­аралық федерациясы Педагогика­лық инновациялар қоры мен Франко­фония ұйымы. Қазақстан француз тілі мұғалімдері қауымдастығының президенті Айгүл Дощанова атап өт­кендей, экологиялық белсенділікті арт­тыру мақсатында қазір еліміздің мектептерімен, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Акция аясында осы кезге дейін қоршаған ортаны, табиғатты қорғауға байланысты конкурстар, спорттық ойындар өтті, логотиптер әзірленді. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған акцияның қорытындысы қараша айында Астанада жарияланады.

«Қауымдастық бүгінде француз тілі мұғалімдеріне оқу-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында көптеген игі жобаны іске асырып келеді. Биыл Француз тілінің халықаралық федерациясы бас­тамашы болған климаттық өзгеріс­тер мен тұрақты дамуға байланысты өткен конкурста Қазақстан француз тілі мұғалімдері қауымдастығы же­ңім­паз атанды. 100-ден астам мемлекет қа­тысқан халықаралық жобада же­ңіп алған қаржылай сыйлыққа фран­цуз тілінің мұғалімдеріне арнайы плат­формалар сатып алынды. Ен­дігі кезекте бұл платформалар қазақ­стандық оқытушылар үшін ауқымды бағдарламаларымен ерекшеленетін болады», деп атап өтті А.Дощанова.

«Француз тілін үйренеміз және экобелсенді боламыз» акциясының Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім алған Ілияс Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиясында өтуінің де өзіндік себебі бар. Мектепте француз тілі 1-сыныптан бастап оқытылады. Акция барысында оқушылар өздері дайындаған арнайы жобаларды, презентациялар мен фотоколлаждарды француз тілінде таныстырып, табиғатты аялау, жан-жануарларды қорғау, тазалықты сақтау арқылы адамзат игілігіне қызмет етуге байланысты жарқын ойларын ортаға салды. Француз тілінде ән айтып, өз өнерлерін көрсетті.

Алматы қаласы білім басқармасының қолдауымен өткен іс-шара бары­сында Францияның Алматы қала­сындағы Бас консулы Фабрис Неве оқушылардың экологиялық жобалар жасаудағы белсенділігіне риза­шылығын білдірді. Бас консулдың айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы білім беру ынтымақтастығы жалғасын тауып, білім алмасу жобалары аясында жүзеге асып келеді. Осыған орай оннан аса француздық оқушы №25 мектепке келіп, Қазақстанның тыныс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен таныс­са, ендігі кезекте алматылық оқу­шы­лар­дың Францияға саяхаты жос­парла­нып отыр. Сондай-ақ «Даун» синдромы, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қолдау көрсету мақсатында Франциядан Қазақстанға велосипедпен келген саяхатшы жұп Эмили мен Дэвидтің сапарын еске салған Бас кон­сул бұл бағытта мектеп оқушылары, жоға­ры оқу орындарының студенттерімен кездесулер ұйымдастырылғанын атап өтті. Бүгінде Францияның экология­лық саясаттағы жобалары назар аударуды қажет етеді. Париждің климат­тық келісімдері экологиялық қауіпсіз­дік сала­сындағы көптеген жобада тиім­­ділігін көрсетіп отыр. Осы орайда Бас консул мектеп оқушыларының, жас­тардың ғаламдық климаттық өзге­рістер кезеңінде өз аумағында жүзеге асырып отырған жобаларына қолдау көрсе­туінің маңызын атап өтті.

«Eco network» жобасының негізін қала­ған Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау бүгінде ғаламдық проблемаға айналып отыр. Сондықтан экологиялық бел­сен­ділік әрбір азаматтың бойынан табылуы қажет. Бұл бағытқа мектеп оқу­шыларын жұмылдыру алдағы онжыл­дықтарда жемісін беретін нәтижелі іс. Қайырымдылық мақсатта жүзеге асатын жобаға бүгінде №25 мектеппен қатар РФММ, «Престиж» және 2 жекеменшік, 8 мемлекеттік мектепті қамту көзделіп отыр. Астана қаласы, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында да жобалар жүзеге асуда. Жоғары оқу орындарымен де байланыс орнату жоспарда бар. Қазіргі кезде №25 мектепте экобокстар қойылып, оқушылармен бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Акция соңында экобелсенділер пікір алмасып, жаңа жобаларға қатысты жоспарларымен бөлісті.

о

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше