Таным • 14 Қараша, 2022

Ел қорғаған ер Жанатай

607 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Айыртау өңірінде сауапты бір шаруа қолға алынып, абыроймен атқарылды. Төл тарихымызды айқындау үшін маңызды қадам жасалды.

Ел қорғаған ер Жанатай

Жанатай батыр бабамыздың ұрпақ­тары бас болып қолға алып, кесене салды. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр» демекші, батыр ұрпақтарының іші­нен осыған айрықша күш салған екі ел ағасын ала-бөле атағанымыз дұрыс, Қайрат Қожахметов пен Жаябай Жаңа­бергенов осы игілікті іске мұрындық болып, көп күш-қайрат жұмсады. Өзге­лерге өнеге, ұлағат болуы үшін жақсы істерін жария еткеннің айыбы жоқ шығар.

Абылай хан үш жүздің басын қосып, ортақ іске, қасиетті туған жерімізді басқыншы жау­дан қорғау үшін күреске жұ­мылдырғанда, жанында серік бола білген, қолдаған батыр­ларымыздың абзал есімін  ұмыта алмаймыз.

Тәуелсіздігімізге қол жеткіз­ген кезең­нен бері, халқымыздың рухы оянып, дүр сілкініп көтері­ліп, ежелгі арнасын тауып, ата-бабалар жолын ұлықтауда. Соның бір үлкен көрінісі – еліміздің тарихындағы аласапыран шап­қын­шылықтарға толы, қазақ хал­қының «жанталас» дәуірінде  үш жүздің басын біріктірген ұлы билеуші Абылай ханның жауға қарсы қаһармандық күресінде қол бастаған айбынды ерлерінің бірі – Жанатай батыр. Батырға орнатылған кесененің бүгінгі күн үшін маңыздылығы сол, бұл ескерткіш белгі ғана емес, өскелең жастарымызға рух беріп, ұрпақтарға ұран болардай құдіретке айналарына сенеміз. Өйткені қазіргі ұрпаққа керегі, ата-бабамыздың ел мен жерді қорғау жолындағы күрескерлік биік рухы, қаһармандық қасиет­тері мен өрлігі, арман-мүддесінің асқақтығы. Ұл-қыздарымыздың бойынан осындай қайсарлық пен өжеттілік, табандылық пен биік мұрат табылып жатса, Жанатай бабамызға орнатылған кесене осы бағытта қызмет етсе деген тілек бар.

Жоғарыдағы Абылай хан есімін ұлағаттап, оның ұлы жеңіс­пен аяқталған дүбірлі, әй­гі­лі он сегізінші ғасырын е­с­ке­ алып, жаңғыртып отыруы­мыз­дың өзіндік себебі бар. Тари­хымызда Абылай хан айналасында жиі аталатын, тіпті, ең жақын серіктерінің бірі деп дәріптелетін Қарауыл Жанатай батыр бабамыздың есімі көп­шілікке жақсы таныс. Тіпті, сол тарихымыз нақты зерттелмеген, көп деректер көмулі жатқан, немесе, қасақана жойылып келген кезеңнің өзінде Жанатай батыр есімі аталмай қалған жоқ. Әрине, бұл арада басын ашып алатын жағдай, қазақ тарихында бірнеше Жанатайдың аты аталып жүргендігі де белгілі. Біз атап, айшықтап отырған Жанатай батыр бабамыз Қарауыл ішінде алты ата Ноғай тармағынан өрбиді, толық аты-жөні – Жанатай батыр Ақанұлы. Бұл кісінің есімі тарихта көп аталғанымен, оның өзгелермен шатастырып танылуының бірнеше себебі бар. Ең басты себебін жоғарыда айтып өттік. Біріншіден, кешегі кеңестік дәуірде тарихымыздың аяқасты болып, нақты зерттеу­лер жүргізілмей келгендігі. Екіншіден, бұрын-соңды тари­хымыздың көп деректері Ресей тарихымен байланысты болып келгендіктен, көбі­несе, мағ­лұматтардың сол елдің архив­те­рінен алынуы. Көптеген маңыз­­ды деректеріміз ресейлік ғалым­дардың еңбекте­рі­нен алынған. Бұл арада, біз ол атақ­ты ғалымдардың еңбек­тері­нің маңыздылығына күмән­данбаймыз, қалай болған күнде де, қазақ тарихы, әсіресе, осы Абылай хан дәуірі Ресей тарихында көп зерттелгендігі, қазақтың кенжелеп қалған тарихында одан өзге құнды деректер жоқтың қасында екендігін мойындауымыз керек. Қазақтың көшпелі кезеңдерінде оның тарихының сақталу мүмкіндігі төмен болғандығы, көбінесе, ел ауызындағы аңыздарға негізделіп келгендігі шындық.

Келесі, 2023 жылы Жанатай батыр бабамыздың туғанына 300 жыл толатын дүбірлі мерейтойды ұрпақтары ғана емес, бүкіл ел болып атап өту мәселесі туындап отыр. Әрине, осынау, батыр баба басына орнатылған зәулім ескерткішті сол дүбірлі тойға дайындықтың басы деп қабылдаймыз. «Істің сапасы қалай аяқталуынан емес, қалай басталғандығынан білінер» деп дана Абай атамыз айтпақшы, игілікті іс жалғасын табарына, ол тойдың Жанатай батыр бабамыздың ел тарихындағы орны айқындала түсер, ерлігі мен өрлігін паш еткен салтанатты мерейтойға айналарына сеніміміз зор.

 

Сәбит ШАҒЫРОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Құрметті азаматы

 

Солтүстік Қазақстан облысы