Қоғам • 14 Қараша, 2022

Елімізде интернет-алаяқтық тыйылмай тұр

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері елімізде интернет-алаяқтыққа қатысты 17,5 мың қылмыс тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде интернет-алаяқтық тыйылмай тұр

«Соңғы уақытта киберқылмыс, соның ішінде интернет пайдаланушыларға қарсы алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Жыл басынан бері 17,5 мың қылмыс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға төмен көрсеткіш. Алаяқтардың әрекетінен азаматтар жыл басынан бері 15 млрд теңге көлемінде шығынға ұшырады», деді Киберқылмыспен күрес орталығының орынбасары Рүстем Дюсетаев. 

Спикер атап өткендей, онлайн-сауда әлі де ең кең таралған әдіс болып отыр. Алты айдың ішінде осылайша 6 мыңға жуық алаяқтық жасалған.

«Банктерде және микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн-несиелерді тіркеудің 2,8 мың фактісі тіркелді. Фишингтік сілтемелерді жіберу арқылы азаматтардың шоттарынан 1200 ұрлық жасалды», деді Р. Дюсетаев.

Сондай-ақ ол банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының атынан түскен жалған қоңыраулар ерекше алаңдаушылық туғызатынын түсіндірді. Жыл басынан бері осы әдіспен 3 мыңнан астам алаяқтық жасалған.

«Мұндай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді өзгерту үшін арнайы қызметтерді белсенді пайдаланады. Яғни, орнатылған бағдарламаның көмегімен бастапқы абоненттік нөмір басқаға ауыстырылады. Әлеуметтік инжиниринг әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алу әрекеті туралы хабарлайды және жосықсыз банк қызметкерлерін ұстау бойынша жүргізіліп жатқан арнайы операция туралы хабарлайды», деді Орталық басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттан немесе депозиттен «сақтандыру» деп аталатын сейфтік шотқа ақша аударуға көндіреді. Кейін ұрланған ақшаны одан әрі аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады.