Көз тартарлықтай әдемі қазақтың ұлттық киімдерін киіп шыққан бикештер қазылар алдында өздерін таныстырып, қол жеткізген жетістіктері туралы баяндап, өнерлерін ортаға салды.
Айта кету керек, Ақтөбеде арбаға таңылған бикештер арасында сұлулық конкурсы 1999 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында қиындықтарға мойынсұнбай, табиғи сұлулығымен және еңбекқорлығымен белгілі бір салада жетістікке жеткен қаншама қыздар танылды. Бүгінгі күні олардың дені өмірден өз орындарын тапты. Солардың бірі 1999 жылы өткізілген сұлулық конкурсының жүлдегері – Виктория Кваша. Ол биылғы сайыста үздік шыққан Гүлфайра Рамазановаға Мысырға саяхатқа арналған екі адамдық жолдаманы тапсырып тұрып, өмір жолындағы өзгерістер туралы баяндады.
Сұлулық сайысына қатысып, ел алдына шыққаннан кейін танымалдыққа ие болған Виктория бүгінде Ақтөбе қаласындағы қазақ тілін тереңдетіп үйрететін орталықтың басшысы. Оның айтуынша, ерекше қажеттілігі бар жандар өз – өздерін шеттетпей, барынша ашық-жарқын болып, адамдармен риясыз қарым-қатынас орната білсе, жетістіктің кілті осында. Бұл жолы сұлулық сайысына Гүлфайрамен бірге қатысқан алты қыз да сыйлықсыз қалған жоқ. Олар осындай сайыстар ерекше жандардың бойындағы ашылмаған қабілетті танытып, қоғамда өз орындарын табуға жол ашады деп есептейді.
Ақтөбе облысы