Спорттық самбодан өткен жарыста қазақстандықтар арасынан ең үздік нәтижеге Қайыргелді Айдынбай қол жеткізді. 58 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Атырау облысының өкілі жуырда Израильдің Бат-Яме қаласында жағажайдағы самбодан өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалаған еді. Соның алдында ғана ол Ливанның Джуния шаһарында Азия чемпионы атанды. Бішкекте де Қайыргелді тамаша өнер көрсетіп, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Алайда шешуші сында Ресейдің әйгілі самбошысы екі дүркін әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері Саян Хертекке әлі жетпеді. Бұл жарысты Айдынбай күміс медальмен қорытындылады.
Алатаудың арғы беткейінде Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының екі бірдей самбошысы қола медальды мойындарында жарқыратты. Әйгілі бапкер Бақыт Қоқысбековтің шәкірті Ділдәш Құрышбаевадан бұл жолы біз алтын медаль күткен едік. Өйткені бұл спортшының жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын ол ұлттық құрама сапына іліккен еді. Сол аралықта әлем чемпионатында алты рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 2013-2021 жылдар аралығында Ділдәш үш күміс пен үш қола медаль иеленді. Одан бөлек, Азияның алты дүркін чемпионы деген атағы тағы бар. Осы жарысқа ол тек алтын аламын деп аттанған еді. Алайда 72 кило салмақта өнер көрсеткен Құрышбаева алғашқы айналымда ойда-жоқта румыниялық Волха Малейдадан ұтылып қалды. Содан кейін мысырлық Самах Абделлатиф пен өзбекстандық Махигул Камилжанованың аяғын көктен келтіріп, қола медальды мойнына ілді. Бұл – Ділдәштің әлем чемпионаттарында жеңіп алған жетінші жүлдесі! Осындай тамаша көрсеткішке қол жеткізген балуан қызымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сарыөзек өңірінің тағы бір тумасы Арнұр Қуатайдың да есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Бірқатар байрақты бәсекеде жүлде алған ол Болат Қожахметов пен Берік Жетпісбаев сынды білікті бапкерлердің қол астында жаттығады. Әлемдік додада 71 кило салмақта күш сынасқан Арнұр қола медаль еншіледі. Тұсаукесер кездесуінде белоруссиялық Владислав Саяповты сан соқтырған қандасымыз келесі кезеңде ресейлік Шамил Зильфикаровқа жол берді. Жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Алтыншах Давдонды ұтқан Қуатай үшінші орын үшін тартыста болгариялық Ангел Ангеловтан айласын асырды.
54 кило салмақ дәрежесінде шеберлік байқасқан Гүлдана Әлмұханбетова былтыр Ташкентте ұйымдастырылған әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан еді. Бұл жолы ол дәл сол биіктен көренетін шығар деп үміттендік. Бірақ бұл жолы Гүлдана қола медальды қанағат тұтты. Сол секілді аса ауыр салмақта күрескен Арайлым Әбенова да дәл сол межеден көрінді.
Бішкектегі бәсекеде Ресей спортшылары табысты өнер көрсетті. Олар 8 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Беларусь (1 алтын+2 күміс+2 қола) екінші орынды иеленсе, үздік үштікті Түрікменстан (1+1+2) түйіндеді. Төртінші және бесінші сатыға Қырғызстан (1+1+2) мен Грузия (1+1+2) жайғасты. Тағы бір алтынды Босқындар командасы сапында өнер көрсеткен Вэнесуланың өкілі Мария Гедес олжалады. Одан кейінгі сатыларға Нидерланд (0+2+0), Қазақстан (0+1+4) және Армения (0+1+1) құрамалары жайғасты.
Жалпы, әлем чемпионатында Қазақстан самбошылары 1992 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Сонымен қатар Бішкекте жауынгерлік самбодан да түрлі түсті жүлделер сарапқа салында Бұл жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына 2 күміс пен 3 қола медаль түсті. Бас жүлдені олжалауға Әсет Анарбаев (71 кило) пен Асылбек Смайыловтың (79 кило) тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ олар шешуші тұста сүрінді. Әсет қырғызстандық Даярбек Карияевтен ұтылса, Асылбек израильдік Таррен Аббасовтан жеңілді. Нәтижесінде, олар күміспен күптелді. Ал Мирас Уәлиев (58 кило), Айбек Сәметаев (88 кило) және Райхан Мәди (98 кило) қола медальды қоржынға салды.