Қазақстан • 15 Қараша, 2022

Тұңғыш ұшқыш тұғырға қонды

557 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан он жыл бұрын ба екен, «Малдыбаевтың тақтасы трансформатордың жанында тұр» деп мақала жазғанбыз. Ондағы ойымыз – қазақтың тұңғыш әскери ұшқышына деген құрметіміздің деңгейін көрсеткіміз келген, батырға лайық белгі орнатылса деген тілегіміз болған. Неше жылдан соң сол тілегіміз орындалды. Ертісті жағалай жатқан Жақыпбек Малдыбаев көшесінде оның барельефті мүсіні ашылды.

Тұңғыш ұшқыш тұғырға қонды

Салтанатты шараға батырдың туған-туыстары, қала басшылығы және Жақыпбек Малдыбаевтың өмір жолын зерттеп жүрген ар­да­гер журналист, жазушы Айт­мұ­хам­бет Қасымов қатысты.

– Небәрі 31 жыл ғұмыр кешкен Жақыпбек ағамыздың өмірі мен еңбек жолын зерттеп, шаң басқан архивтерден көтеріп, екінші ғұмырына мұрындық бол­ғаныма қуанамын. Ағаның атын қайта жаңғыртуға оның туыс­тары, Мал­дыбай әулетінің бар­­лығы да атсалысты. Осы үл­­­кен іске қолдау болған Жақ­сы­­лық Мұқашұлына, оның іс­кер командасына, ескерт­кіш­тің авторы – семейлік мүсінші Нұрбол Қалиевке ерекше алғыс біл­діремін! – деді Айтмұхамбет Қасымов.

Алайда Жақыпбек Малды­баев­тың есімі ел есінде қалуы үшін ерекше үлес қосып жүрген Айтмұхамбет Қасымовтың өзі. Жуықта ғана «Қазақ халқының тұң­ғыш әскери ұшқышы» атты кітап шығарды. Сол жинаққа көз жүгірте отырып, батырдың өмір жо­лына қысқаша тоқталып өткейік:

Ж.Малдыбаев 1907 жылы Зайсан ауданы, Шеңгелді ауы­лын­да дүниеге келген екен. Ауыл мектебінде мұсылманша хат таныған дейді. Жиырма екі жасқа қараған шағында Жақыпбек арыз жазып, қызыл әскер­лер қатарына алынған. Сол жылы Түрікменстанның Мерв қала­сын­дағы Түркістан ерекше кава­лерия­лық бригадасының 82-полкына қызметке келген. Бұл жыл ішкі-сыртқы жаудың қай қиыр­дан шабары белгісіз болып тұр­ған кез еді. Мерв ауданының өзінде Атабай, Құдайберді, Мирбек, Шамсудин сияқты әулет­­тердің маңына топтасқан бас­машылар малды құм ішіне айдап кетіп, бүкіл ауылды арғы бетке өткізіп, ермегендерін қынадай қырған. Өзін «Түркімен көте­ріліс­шілерінің көсемімін» деп атаған Оразгелдінің қарақ­шы­ла­рының ізіне Жақыпбектер құм ішінде түсіп, ақыры қолға түсірді. Басмашылармен тағы бір үлкен шайқас Ханғали құды­ғының маңында болған. Сол жолы Жақыпбек жалғыз өзі сегіз тұт­қын­ды негізгі отряд тұрған он шақырым жердегі Қаракүңірге айдап, жолға шығады. Жолда тұтқындар қолдарын босатып алып, Жақыпбекке қарсылық көрсетпек болады. Әккі сарбаз сол жерде қарсы шыққан үшеуін атып, қалған бесеуін алып келіп, штабқа тапсырған. Сол жолғы жеке батылдығы мен ерлігі және Түркімен ССР-і аумағында басмашыларды жоюға қатысқаны үшін 82-кавалерия полкінің қызыл әскері Малдыбаев бағалы сыйлық – сағатпен наградталған. Ол туралы Түркіменстан Орта­лық мемлекеттік архивінен алын­ған құжат­тарда көрсетілген екен. Ке­йін полк мектебін бітіріп, бө­лім­ше басқарды, взвод коман­ди­рінің көмекшісі болған екен.

1931 жылғы 25-қаңтарда өткен ІХ съезінде комсомол Қы­зыл әскердің Әскери-әуе күш­терін өз қамқорлықтарына алып, бүкіл Одақ бойынша «Комсомол – самолетке!» деген ұран тас­та­лыпты. 1932 жылы әскери мек­тепті ойдағыдай бітіріп, РККА командирі атағын алған жер­лесіміз Жақыпбек Мал­ды­баев ұшқыштар және ұшқыш-бақылаушылар даяр­лайтын 9-әс­кери мектепке қабыл­дан­ды. Мақтанышпен айта кетер­лігі, әскери ұшқыштар мекте­бі­нің табалдырығын қазақ жігіттерінің ішінен тұңғыш рет аттаған азамат осы Жақыпбек Малдыбаев. 1933 жылы әскери ұшқыштар мектебін тәмамдаған 484 адамның он тоғызына ғана «Әскери ұшқыш-бақылаушы» атағы беріліп, Мәскеудегі әске­ри-әуе күштері жанындағы әске­ри арнайы қызмет мектебіне, фото­қыз­мет бастығының курсына қабылданады. Әлбетте, оның ішін­де жерлесіміз де бар. Жа-қыпбек бұл курсты 1934 жылғы 24-шілдеде бітіріп, Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы, сонымен қатар, фотоқызмет бас­ты­ғы болып тағайындалды. Сол жылы күзде Жақыпбек өз өмірінде тұңғыш рет 75 күндік демалыс алып, сонау Шығыс Қазақс­танның Марқакөл ауда­нын­дағы Еңбек ауылына келді. Ауылдастары ер жігітін хан көте­ріп, той жасап қарсы алған. Сол жылы он үшке толған кенже інісі Құмарбек «мен де өскенде ұшқыш болам» деп мақсат қойған еді. Кейін Құмарбек Малдыбаев Ұлы Отан соғысына ұшқыш болып қатысты.

о

Жақыпбек Малдыбаев, Хасан көліндегі қақтығыстарда, Испания соғысында интернационалдық борышын атқарған. 1936 жылғы 16-ақпандағы парламенттік сайлауда жеңіп шыққан Испания халықтық майданына қарсы германия-италия интервенттерінің бүлігі бүкіл дүниежүзілік сипат алып, испан халқының өз бос­тан­дығы жолындағы күресіне 54 елден еріктілер барып, көмек бергендігі тарихтан мәлім. Осы соғысқа 160-тан аса кеңестік ұш­қыш қатысқан. Сол жылдары Жақыпбек Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында ұшақ апатынан қаза болған.

Бұл естеліктерді Айтмұхамбет Қасымов батырдың інісі Әбілбек Малдыбаевтың аузынан жазып алған екен. «...Аға жайлы қай­ғылы хабарды естіген соң жерлеуге Сталинабадтан Юлия жеңгей (Жақыпбектің жұбайы) екеуіміз бардық. Қоштасуға жолдастары көп жиналды. Әскери аэродромның ішінде жерледі. Басына қысқаша өмір жолы жазылған, темір құлпытас орнатты. 1938 жылдың көктемі болатын. Каникул таяп қалған соң елге қайттым. Жеңгейім Жа­қыпбек ағаның қан болған көй­легі мен пимасын бізден «ел-жұрт көрсін, бақұлдассын» деп беріп жіберді» деген екен Әбілбек ақсақал.

Бертінде Жақыпбектің бейі­тін табу үшін Айтмұхамбет Қасымов жер-жерге сұрау салыпты. Сөйтсе Малдыбаевтардың жиені Назархан Өңкебаев ақ­сақал шама­мен 1970 жылдары Ташкентке барып, нағашы­сының зиратын көріп қайтқан екен. Айтуынша, құлпы­таста «Малдыбаев Жақыпбек Есжа­нович қазақтан шық­­қан 1-ші ұшқыш» деп жазылыпты...»

Мінеки, сонау отызыншы жылдары техника тілін мең­­герген қазақтың тұңғыш ұш­­қышы Шы­ғыстан шықты. Өкі­ніш­­тісі сол, жасындай жарқ еткен Жақыпбек отыз бір-ақ жа­­сында өмірден озыпты. Бірақ есімі мәңгі ұрпақ жадында сақ­талады. Соның бір бел­гісі ре­тінде бүгін ашылған ес­­­керт­кіші дер едік. Мүсінші Нұрбол Қалиба рельефті ұшқыш бей­несін ұшақтың қанатына орна­лас­тырғанында да үлкен мән, мағына жатыр деп түсіндік...

 

Шығыс Қазақстан облысы