Тоқсаныншы жылдары Берік Жетпісбаевтың атағы алысқа жайылды. Балауса шағынан Бақыт Қоқысбековтей білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған самбошы уақыт оза еліміздің беделді балуандарының біріне айналды. 57 және 62 кило салмақ дәрежелерінде белдескен ол 1994 жылы Югославияның Новит Сад қаласында жасөспірімдердің әлем біріншілігінде күміс медальды иеленсе, келесі жылы Болгарияның бас шаһары – Софияда жастар арасында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Одан кейін ересектер дуына еркін қосылып, көптеген байрақты бәсекеде атой салды. Атап айтсақ, Токиода әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ұланбатыр мен Красноярскіде Азия чемпионы, Мәскеуде Әлем кубогінің күміс жүлдегері, Кстовода «Харлампиев мемориалының» финалисі деген атақтарға ие болды. Осы табыстарының арқасында Жетпісбаев «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» нормативін орындады.
Берік самбомен қатар дзюдоны да жетік меңгерді. Әлі есімізде,1996 жылы Алматыда Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнир дүркіреп тұрып өткен еді. Ұлттық құрама бапкерлері бұл жарысты таяу күндері Атлантада алауы тұтанатын Олимпия ойындары қарсаңындағы іріктеу сыны ретінде қарастырды. Қатысушылар қатарында Жетпісбаев та болды. Ол кезде кейіпкеріміз беделді самбошы ретінде өзін мойындатқанымен, дзюдо күресінің майталмандары оны жіті танымайтын. Соған қарамастан, Берік татамиде өзін жақсы қырынан көрсетті. Бастапқы белдесулерінде ол Зекен Шаймерденов пен Иван Бағылаев сынды еліміздің атақты дзюдошыларын айқын басымдықпен жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Сол кезде самбодан енді ғана ауысып келген 20 жастағы жігіттің халықаралық аренада өздерінің мықтылығын мойындатып үлгерген тәжірибелі татами шеберлерін «қылқындыру» әдісімен ұтқаны Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған сан мың жанкүйердің таңданысын тудырған еді. Бірақ қапияда алған жарақатының салдарынан қазақтың қайсар ұлына төртжылдықтың басты додасында бақ сынау бақыты бұйырмады. Десек те, спорттың бұл түрінен де «Спорт шебері» атанған Жетпісбаев көптеген халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғады.
Бозкілеммен қоштасқаннан кейін кейіпкеріміз бірер жыл жаттықтырушылық қызметпен айналысты. Бұл ретте де несібесіз емес. Берік Сәрсенбекұлы өзінің ауылдасы Азамат Мұқановтың мықты балуан болып қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Дәл осы маманнан тәлім-тәрбие алған Азамат дзюдодан әлем чемпионатының күміс және Азия ойындарының қола жүлдегері, самбодан әлем чемпионы және сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері деген аса мәртебелі атақтарға ие болды. Кейіннен ол өзінің жеке кәсібін ашты. Бірақ қайда жүрсе де ол спорттан алыстаған жоқ. Жетпісбаев осы күнге дейін жас жеткіншектер мен жалынды жастарға үнемі қамқорлық көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп жүр.
Аталған турнирді тамашалау үшін оның достары, жора-жолдастары, бұрынғы командалық әріптестері Қонаевқа көптеп келді. Солардың арасынан кезінде әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланған Ержан Кенжебаев, Айдар Қайырбаев, Марат Тақанов, Мейіржан Қашағанов сынды балуандарды, Руслан Сымтықов пен Дастан Сәдуақасовтай майталман мамандарды көзіміз шалды. Бәсекелердің өзіне келер болсақ, жергілікті спорт мектебінің татамиінде Мұхаммад Рысылхан, Азамат Нұрбақ, Бекзат Еркін, Жанболат Мәлік, Махмұд Айдосұлы, Жанайым Маратбек, Тәуке Дәулетұлы, Абдрахман Дәуренұлы, Дінмұхамед Тынышбек, Дәурен Ыбырайым, Есбол Әбдірахман, Зейнеп Тілепберген, Айгерім Сержанқызы, Сұлу Айыпбаева, Найля Әкімбай және тағы басқа балғын балуандар өз салмақ дәрежелері бойынша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
– Менің өмірде де, спорта да ұстаздарым мықты болды. Бозкілемде Бақыт Қоқысбеков, Керей Қойшыбек, Манарбек Таутанов сынды білгір бапкерлерден көп нәрсе үйрендім. Өмірде Қайрат Мейрембаев, Қайрат Шарабасов, Радж Мимашұлы, Алпыс Рақымов, Ержан Кенжебаевтан үлкен тағылым мен жақсы тәлім-тәрбие алдым. Осы азаматтарға мен мәңгі қарыздармын. Аллаға шүкір, спортта біраз белесті бағындырдым. Дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғадым. Бапкер ретінде де мойындалдым. Енді өсіп келе жатқан жастарға қамқорлық көрсетіп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруді өзіме міндет санаймын. Сол үшін де жергілікті азаматтармен бірлесе отырып, Қонаев қаласында осындай турнир ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Әрине, бұл жарыста күресіп жатқан жас жеткіншектердің барлығы да келешекте чемпион болмайтыны анық. Бірақ біз үшін басты нәрсе бұл емес. Біздің міндет – жастарды саламатты өмір салтына ынталандырып, оларды Отанын сүйетін, туған жерін қастерлейтін, дені сау, рухы мықты, парасаты биік азаматтар етіп тәрбиелеу, – дейді Берік Жетпісбаев.
ҚОНАЕВ