Білім • 16 Қараша, 2022

Техник мамандардың көкжиегін кеңейтетін бағдарлама

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар алаңында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин кеңінен мағлұмат берді.

Техник мамандардың көкжиегін кеңейтетін бағдарлама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім беру саласында техника­лық мамандықтарға басымдық беруді тапсырған еді. Бұл міндет «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау барысында да ескерілді.

– IT және инженерлік мамандық­тарға гранттар саны өткен жылмен са­лыстырғанда 36 пайыздан 60 пайыз­ға дейін ұлғайтылды. Жоғары оқу орын­дарының тізіміне 23 жетекші техни­калық университет енді. Жалпы, бұл тізімг­е әлемнің 26 елінен 236 үздік жо­ғары оқу орны кіреді. Биыл 14 қазан­да «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау аяқталды. Оның қорытындысында өтінімдердің көбі техникалық мамандықтар бойынша түскен. Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен алдағы уақытта инженерлік-техникалық ма­ман­дар үшін арнайы жеңілдік санатын енгізу жоспарда бар. Техника­лық мамандықты таңдаған үміткерлер құжат тапсырғанда ЖОО-дан шақыруды ұсынуға міндетті болмайды, – деді Ә.Жанғозин.

Оның айтуынша, техника мамандары мемлекеттік тілден емтихан тап­сырғанда нәтижесі кемінде В1 ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы керек. Ал шет тілден нәтижесі 9,0 балдан кемін­де 5,0 балл IELTS сертификатын тап­­сырады. Жеңілдігі бар үміткерлер дип­­ломының орташа балы – GPA 4,00-тен кемінде 3,00 болуға тиіс.

Сондай-ақ Халықаралық бағдарла­малар орталығының бастамасымен «Болашақ» стипендиясы аясында медицина қызметкерлеріне қойы­латын талаптарды жетілдіру қарас­тырылып отыр.

– Статистикаға сүйенетін болсақ, кадрларды даярлаудағы негізгі мәселе – шет тілін меңгеру деңгейінің төмендігі. Денсаулық сақтау қызметкерлері үшін мүмкіндіктерді кеңейту және қызы­ғу­шылығын арттыру мақсатында арнайы жеңілдік санатын енгізуді қарас­тырып отырмыз. Оларға бір жылдық тіл­дік дайындықтан өтіп, стипендия таға­йындалғаннан кейін шетелдік университетке түсу мүмкіндігі беріледі. Айта ке­терлігі, бұрын жеңілдік тек ауыл­дық жер­лерден келген үміткерлерге қарас­тырылатын. Алдағы уақытта ауыл­дық үміткерлер үшін де мүмкін­дік­тер­ді кеңейту жоспарда бар. Атап айт­қанда, оларға ағылшын тілінен IELTS емти­ханының балы 6,0 балдан 5,0 бал­ға дейін төмендетіледі. Бұған қоса бір жыл­дық тілдік дайындықтан өту мүм­кін­дігі беріледі, – деді орталық басшысы.

Ал тағы бір өзгеріске келетін бол­сақ, алдағы уақытта «Болашақ» сти­пендиясын қоса қаржыландыру ме­ханизмін іске қосу жоспарланып отыр. Яғни үміткерде жоғары оқу орнынан, жұмыс берушіден немесе демеушіден үздік шетелдік университетте оқуға грант болса, бағдарлама екі жаққа ұшып қайтуды, визалық алымдарды, ме­ди­циналық сақтандыруды, ай сайынғы сти­пендияны және оқу материалдарын сатып алуға жәрдемақыны өтейді. Сонымен қатар еңбекпен өтеу мерзімі 1 жылға дейін азайтылады.

Ә.Жанғозиннің айтуынша, қазіргі таңда Fortune-500 әлемдік деңгейдегі үздік компанияларда тағылымдама­дан өту үшін еңбекпен өтеу мерзімін шеге­руге қатысты өзгерістер де қарас­тырылып жатыр.