Хоккей • 17 Қараша, 2022

«Барыс» тағы жеңілді

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Ба­ры­сы» тұрақты біріншіліктегі кезек­ті кездесуін сырт айдында Екате­рин­бургтің «Автомобилист» ұжы­мымен өткізді.

«Барыс» тағы жеңілді

 

Бірер күн бұрын Өфеде «Салават Юлаев­ты» сан соқтырып, плей-офф аймағына қайта оралған жерлестеріміз бұл турда «Ав­то­мобилисттен» айласын асыра алмады. Жергілікті «Уралец Аренада» өткен бәсекеде айдын иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Кездесу басталған бетте «Автомобилист» ойыншылары басымдықты өз қолына алып, «Барыс» қақпасының маңайында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде, ойынның алтыншы минутында Ник Эберт есеп ашып, ресейлік клубты алға шығарды.

Үзілістен кейін Андрей Скабелка шә­кірт­­тері таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, оларға бұл ойында шайба соғу мүмкіндігі бұйырмады. Есесіне, 36-минутта айдын иелерінен Брукс Мэйсек мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды – 2:0. Үшінші кезеңде командалар гол соға алған жоқ. Енді «Барыс» Қазақстанға оралып, 19 қарашада Хабаровскінің «Амурымен» кездеседі.