Елорда • 17 Қараша, 2022

Алтай Көлгінов мектеп және колледж мұғалімдерімен кездесті

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында мектеп және колледж мұғалімдерімен кездесіп, білім саласын дамыту мәселелерін талқылағанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Алтай Көлгінов мектеп және колледж мұғалімдерімен кездесті

«Мектеп және колледж мұғалімдерімен бірге білім беру саласын одан ары дамыту, оқу орындарын салу, инклюзия кабинеттерін ашу, гранттар бөлу секілді т.б. мәселелерді талқыладық. Оқу орындарының құрылысын жүргізуге, білім беру сапасын арттыруға, жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға бірдей көңіл бөлеміз», деп жазды әкім.

Алтай Көлгіновтың айтуынша, салаға жас мамандарды тарту мақсатында білім гранттарының саны жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, 3 жыл ішінде түлектерге 1400 грант берілген болса, биыл 1 мыңнан астам білім гранты бөлінді.

«Әлеуметтік нысандар салу – жүйелі жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта 420-дан астам жер учаскесі белгіленді: мектеп салу үшін – 158 учаске, балабақшалар үшін – 185, медициналық орталықтар үшін (емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтары) – тағы 78 учаске. Әлеуметтік нысандарды салу үшін жер учаскелерінің санын жыл сайын ұлғайтамыз», деді Алтай Көлгінов.

Қала әкімі атап өткендей, 2019 жылдан бастап 93 мың оқушыға арналған (2 ауысымда) 45 мектеп салынды. Оның 9-ы биылғы оқу жылында ашылады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 84 мыңнан астам оқушыға арналған (2 ауысымда) 23 аса ірі мектепті жобалау жұмысы басталып кетті. Олардың құрылысы келесі жылға жоспарланған.

Сол сияқты 40-қа жуық оқу орнында (мектептер, балабақшалар, колледждер) күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді, мектеп кітапханаларының 38%-ы жаңғыртылды, бірқатар қосымша білім беру орталықтары, оның ішінде шахмат үйірмелері ашылды.

«Ерекше қажеттілігі бар жандардың кедергісіз өмір сүруі үшін жайлы орта құру жұмысын жалғастырамыз. Биыл қыркүйек айынан бастап көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 4 арнайы сынып аштық. Ал желтоқсан айында аутизммен ауыратын балаларды қолдау орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған шаралардың бәрін әрі қарай да дамытуды жалғастырамыз. Білім беру саласының мамандарымен өтетін тұрақты кездесулер проблемаларды жылдам шешуге, сол сияқты жоспарымызға міндеттер енгізуге мүмкіндік береді», деп қорытындылады елорда әкімі.