Экономика • 17 Қараша, 2022

Балық экспортының көлемі ұлғаяды

378 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өзен жағалағанның өзегі талмайтыны рас. Өйткені балық – күнделікті азық қана емес, кірісті еселер табыс көзі. Еліміздің балық шаруашылығына бет бұрып отырғаны да сондықтан.

Балық экспортының көлемі ұлғаяды

Жалпы, әлемде кейінгі он жылда балық саудасы ерекше қарқын алды. Себебі оны бірнеше елде қатар дамытуға болады. Айталық, балықты бір елде аулап, келесі мемлекетте өңдеп, үшінші мемлекетте тұтынуға мүм­кіндік бар. Сол себепті әлемдік сауда құрылымында мұздатылған балық­тың алар орны ерекше. Бұл тасы­мал­дауға әрі сақтауға қолайлы өнім.

Қазақстанның экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сүйенсек, балық саудасындағы негізгі фактордың бірі – халықтың өнімді тұтыну көрсеткіші. Мәселен, Жерорта теңізінің бойындағы мемлекеттер жыл сайын 7,5 млн тонна балық өнімін пайдаланады. Сөйте тұра, аталған елдер әлемдегі жалпы балық өнімдерінің тек 37 па­йызын ғана өндіреді. Ал әлемдік балық аулау деңгейінің негізгі бөлігі Азия құрлығына тиесілі. Сондықтан бұл өңір балық өнімдерін экспорттауда да алдыңғы орында тұр.

Әлбетте, экспорт көлемінің ұл­ғаюын­да саланың жақсы дамуы әрі мұ­хит­тың балық аулауға болатын аймақтарына қолжетімділіктің маңызы зор. Сондықтан әлемдік рейтингтегі жетекші орындарды да үлкен жағалауға шығу мүмкіндігі бар елдер иеленіп отыр. Олар үшін балық аулау дәстүрлі әрі тұрақты дамып келе жатқан сала болып саналады. Мәселен, Қытай теңіз балықтарын аулау және балық өнімдерін тұтыну бойынша бірінші орында тұр. Балықты көп тұтынатын елдердің ішінде Жа­пония екінші орынға жайғасқан. Күн­шығыс елі өздерінде өндірілетін балықты да, сырттан келетін өнімді де мейлінше көп пайдаланады. Алайда бұл ел балық аулау көрсеткіші бо­йынша әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Үштікті түйіндеген мемлекет – АҚШ. Америкалықтар балық аулау және тұтыну бойынша алғашқы үштікке енеді. Айтпақшы, әлемде Қытайдан кейін балықты көп аулайтын ел – Перу. Бірақ бұл мемлекет балық пен теңіз өнімдерін аса көп пайдаланбайды.

Бұл – әлемдегі жалпы картина. Енді өзімізге оралайық. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда теңізге тікелей шығатын мүмкіндік жоқ және су ресурстары да аса мол емес. Сондықтан біздің елде жан басына шаққанда балықты тұтыну көрсеткіші төмен. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес, бір адам бір жылда 16 килодан астам балық өнімін тұтынуы керек. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 килоға ғана тең. Іргемізде жатқан Ресей мен Қытайда жан басына шаққанда жылына 20 және 40 кило балық өнімі тұтынылады.

Экономикалық зерттеулер инсти­тутының мәліметінше, еліміз­дегі балық және балық өнімдері нарығы­ның жалпы көлемі 2020 жылы шамамен 66 мың тоннаны құраған. Оның ішінде балық аулау кәсібі – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мың тонна, импорт – 43,5 мың тонна, экспорт 30 мың тонна үлеске ие.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 1 мың­нан астам балық шаруашылы­ғы субъек­­­тісі жұмыс істейді. Оларға 1 646 ба­­лық шаруашылығына арнал­ған су ай­­­дындары мен олардың учаске­лері бекі­­тілген. Салада 11 мың­нан ас­там адам жұмыс істейді. Балық аулау негі­зі­нен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі.

Жыл сайын Қазақстан таяу және алыс шетелдердің 36-сына шамамен 60 млн долларға 30 мың тонна балық өнімін экспорттайды. Негізінен балық филесі, кептірілген-ысталған өнімдер және мұздатылған балық экспортталады. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып саналады. Кептірілген-ысталған өнімдер Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа да елдерде сұранысқа ие.

Десе де 2021 жылғы ресми деректерге сәйкес, отандық балық өндірісінде құлдырау байқалған. Айталық, басқа тәсілмен дайындалған немесе консервіленген балық көлемі, сондай-ақ уылдырық екі есеге жуық (9,4 мың тоннаға дейін) қысқарған. Бұл ретте көлемнің негізгі төмендеуі Атырау облысында тіркелген. Дәлірек айтсақ, көрсеткіш бірден 71,8 пайызға немесе 3,5 мың тоннаға дейін азайған. Бұған өңірдегі бекіре зауыттарына 20 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жұмыстарының жасалмауы, сондай-ақ техникалық базаның ескіруі себеп болып отыр.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Айтпақшы, балық шаруашылы­ғы саласында білікті кадрлар жетіспей­ді. Мұны Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серік­қали Брекешев мәлімдеді. Ми­нистр мәселені реттеу үшін «балық шаруашылығы» мамандығында оқыған азаматтарды осы салада үш жыл жұмыс істеуге міндеттеуді ұсынды. Оларға әлеуметтік жеңіл­діктер де қарастырылмақ. Сондай-ақ ол жас мамандарды тарту үшін мем­лекеттік қолдау субсидиясын алатын бизнес субъектілерді қызметкерлердің жалақысын көтеруге міндеттеу қажет екенін де атап өтті.

– Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және жасанды балық өсіру. Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Өз кезегінде былтыр 15 мың тоннаға жуық балық өсірілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. Сонымен бірге Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және 25 мың тоннаға жуық балық және балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі терең өңделген өнім (балық филесі) болып саналады. Бұл ретте отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті. Негізгі міндет – балықтың ішкі тұтынуын арттыру, сондай-ақ теңізде балық аулауды игеру және тауарлық балық өсіру шаруашылығын дамыту есебінен экспорттық әлеуетті одан әрі ұлғайту және біртіндеп импортты алмастыру, – деді С.Брекешев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, министрлік балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдады. Ең алдымен браконьерлікпен күреске айрықша мән беріліп отыр. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғын­дарымен кездесуі барысында да назар аударғаны мәлім.

Министр Қазақстанның балық өсіру шаруашылығының әлеуеті зор деп бағалады. Айтуынша, кейінгі 5 жылда өсірілген балық көлемі 2,7 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін немесе 5,5 есе ұлғайған. Балық өсірумен 380 шаруашылық айналысады, онда 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Балық өсіруде Түркістан облысы (3,6 мың тонна) көш бастап тұр.

Айтпақшы, былтыр Үкімет Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Онда негізгі басымдық балық өсіру шаруашылығына берілген. 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру, ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланған. Бұдан басқа, кемінде 10 мың қосымша жұмыс орнын құру және негізінен ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру көзделген.