Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жақында мұнайлы өңір жұртшылығымен кездескен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше проблемаға назар аударды. «Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Биыл 15 елді мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. «Атырау жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет», деген еді Президент.
Шындығында, Атырауда электр энергиясының өшпейтін күні жоқ деуге болады. Соңғы екі жыл бойы екі күннің бірінде жел соқса да, жаңбыр жауса да электр жарығы жалп етіп сөніп жатады. Тұтынушының жүйкесін жұқартып, төзімін тауысуға айналған жарықтың «жыры» жылдың төрт мезгілінде қайталанады.
Жарықтың жиі сөнуінің себебі неде? Өңірді электр энергиясымен қамтып отырған «Атырау-Жарық» АҚ басшылары бұған табиғи құбылысты алға тартады. Жазда аптап ыстықты, ал жылдың өзге мезгілінде жаңбыр мен қатты желді «кінәлі» санайды. Мәселен, былтырғы қаңтарда электр желісінің 220 кВЛ-254-Орал-Индер, Л-201-Атырау-Индер және Karabatan Utility Solutions-тың 2 генераторы істен шыққаны белгілі болды. Соның салдарынан «Атырау жарықтың» электр желісінен энергия тұтынатын Атырау қаласының сол жағалау бөлігі, Жылыой, Индер, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы және Мақат ауданында жарық өшіп қалды. Ал биылғы наурыздың басында Құрманғазы ауданының 10-нан астам ауылында электр энергиясы «жалп» етті. «Атырау жарық» АҚ президентінің орынбасары Мейірбек Ғұбашевтың мәліметінше, қар аралас нөсер жаңбыр мен қатты желдің салдарынан бір 22 метрлік 35 кВТ, алты 22 метрлік 10 кВТ, 400-ге жуық 11 метрлік 10 кВТ электр бағанасы құлаған. Осыған байланысты медицина мекемелері мен өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарда уақытша дизель генераторы іске қосылған.
– Құрманғазы ауданында құлаған бағаналар 1975 жылдан бері қолданыста болды. Электр энергиясынан 10 890 абонент ажыратылды. Мұндай жағдай ауданда алғаш рет болып отыр. Осыған байланысты облыстан қосымша 60 электрмонтер, 22 арнайы техника, СВ-10,5 бағанасының 152 данасы, «Атырау жарық» АҚ қорынан АС-120 мм және АС-50 мм сымдарының екі орамасы жіберілді. Алайда Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы арасындағы жолдың қазіргі жағдайы, қашықтығы ескеріліп, бағаналар бір рейске 10 данадан жеткізілді. Мұның бәрі, әрине, жұмысты кешіктірді, – дейді М.Ғұбашев.
Қызылқоға ауданының Тайсойған, Жамансор, Кенбай, Жангелдин, Ойыл, Көздіқара ауылдарында да жарық жиі сөнеді. Ал 13 қарашада Атырау қаласының бірнеше шағын ауданында жарықтың өшкені туралы хабар желдей есті. Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 14 қарашада сағат 02:40-та Атырау қаласының Бірлік шағын ауданындағы №18 қосалқы электр стансасында өрт болған. Соның салдарынан Береке, Геолог, Геолог-2, Контейнер, Бірлік, Жұлдыз-1, Жұлдыз-3, Мұнайшы шағын аудандары мен Томарлы елді мекені электр қуатынсыз қалған.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 14 қарашада 5 балабақша мен 6 мектепте жарық жанбады. Сол себептен, балабақшаларға күн сайын келіп жүрген 1 062 балақай үйіне кері оралды. Ал жалпы орта білім беретін мектептердің 10 337 оқушысы сабақты онлайн оқуға мәжбүр болды. Кішкентай балақайы балабақшаға, мектеп жасындағы баласы білім ордасына бармаса, әр ата-ананың мазасызданатыны даусыз. Үйінде қалған балаларына алаңдаған олар жұмысында байыз тауып отыра алмасы анық.
«Атырау жарық» АҚ президентінің орынбасары М.Ғұбашевтың мәліметінше, 14 қарашада жергілікті уақытпен сағат 11:00-дегі мәліметке сәйкес Атырау қаласындағы Геолог, Жұлдыз, Бірлік, Томарлы және Контейнер шағын аудандарында 8 мың жеке, 700 заңды тұлға электр қуатына қосыла алмады.
– Қосалқы электр стансасындағы КРУН-10кВ жиынтық тарату құрылғысында өрт шықты. Тексеру кезінде КЛ-10 кВ шығыс кабель желілерінің зақымданғаны анықталды. Өртенген кабельдерді ауыстыруға 42 адам тартылды. Өрттің себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оған жаңбыр себеп болуы мүмкін емес екенін атап өткім келеді. Өйткені кабельдік арна бетоннан жасалған. Бәрі құрғақ, су тимеген. Оны өзім тексердім, – дейді М.Ғұбашев.
Бұл компаниядағы түйткілді жайт тек электр тарату желісіне ғана тән емес секілді. Былтырғы тамызда екі оқыс оқиғадан екі адам көз жұмды. Алғашқысында электрмонтерлер бригадасы автогидрокөтергішпен 6-7 метр биікте жоғары вольтты электр желісінің сымдарын монтаждауға кіріскен. Сол кезде автогидрокөтергіштің мұнарасы құлап, монтаждаушы екі адам ауыр дене жарақатын алған. Екеуі де облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, зардап шеккен жұмысшының бірі жантәсілім етті. Кейін Атырау қаласындағы «Нұрсая» шағын ауданында электр бағанасына шығып, желіні жөндеуге кіріскен 59 жастағы монтерді тоқ соққан.
Биылғы тамыз айында «Атырау жарық» АҚ-ның Жылыой ауданындағы қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартып, наразылығын білдірді. Жұмысшылардың айтуынша, Теңіз кенішінде жұмыс істейтіндерге тамақтану үшін 15 күнге 32 мың теңге берілген. Жұмысшылар демалатын жатақхана ескі ғимаратта орналасқан. Тіпті құрал-саймандар жетіспеген. Қызметтік «УАЗ» көлігіне бес адам мінеді. Ал 15 адам жұмысқа жаяу қатынауға мәжбүр болған. Осындай уәж айтқан жұмысшылар жалақыны өсіруді, техниканы жаңартуды талап етті.
Президент сынынан кейін де электр желісінен ақау табылған «Атырау жарық» АҚ-дағы ахуал осындай. Ал атыраулықтар жарықтың үздіксіз берілгенін қалайды.
Атырау облысы