Қазақстан теннис федерациясы үшін биылғы маусым аса сәтті өтті деуге болады. Мәселен, жазда Елена Рыбакина «Уимблдонның» жекелей сынында дара шықса, әртүрлі жастағы бірқатар теннисшіміз халықаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ биыл еліміздің үш бірдей құрамасы (ерлер, әйелдер және жасөспірімдер) тарихта алғаш рет қатарынан үш әлем чемпионатында бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Өкінішке қарай, ұжымдық сайыста отандастарымыз жанкүйерлерді өрелі ойындарымен қуанта алмады. Атап айтар болсақ, ерлер құрамасы Дэвис кубогінің, ал әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогінің топтық кезеңінен әріге асқан жоқ. Ал Чехияның Простеёв қаласындағы жасөспірімдердің әлем чемпионатында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қолсозым қалғанда сүрініп, әлем біріншілігін төртінші орынмен түйіндеді.
Өз жас санатындағы дүниежүзілік рейтингтің алдыңғы қатарында тұрған Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков секілді талантты жастардан құралған теннисшілеріміз ел намысын абыроймен қорғады деп айтуға болады. Олар жарыс барысында бұған дейінгі әлем чемпионаттарында үздік шыққан Аргентина, Италия сияқты елдің өкілдерін жолдан тайдырып, тек жартылай финалда ғана азулы АҚШ құрамаларына жол берді.
Қазақстанның ерлер құрамасы Глазгодағы Дэвис кубогінің финалдық кезеңінде Нидерланд және АҚШ құрамасымен бір топта ойнап, екеуінен де жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Дәл сол қалада ұйымдастырылған Билли Джин Кинг кубогінде қыздарымыз алғашқы ойында жарыс қожайыны Ұлыбританияны 2:1 есебімен тізе бүктіргенімен, келесі кездесуінде Испаниядан 3:0 есебімен ұтылып қалды. Ал турнирдің финалында барлық қарсыласын қоғадай жапырып, финалда Аустралия құрамасын 2:0 есебімен жеңген Швейцария қыздары мықтылық танытып, жарыс жеңімпазы атанды.
Билли Джин Кинг кубогі матчтарынан кейін Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский қыздар құрамасының ойынына қатысты өз пікірін ортаға салды. «Биылғы әлем чемпионатында күтпеген нәтижелер көп тіркелді. Бірінші матчта корт қожайыны – Ұлыбритания құрамасын ұтқанымызбен, аса тартысты кездесуде Испанияға жол бердік. Сол ойында испаниялықтар қатты шаршаған болуы керек, келесі күні Ұлыбританиядан тас-талқан болып жеңілді. Сөйтіп британиялықтар жартылай финалға шықты. Ұлыбритания ұйымдастырушы ел ретінде турнирге арнайы шақырту алғанын жақсы білесіздер. Ал біздің құрама іріктеу сайысында Германияны жеңіп, финалдық кезеңге шыққан 12 елдің қатарына қосылды. Өкінішке қарай, қыздарымыз мұндай ірі турнирге бірінші рет қатысып тұрғандықтан, жүлделі орындардан көріне алмады. Дегенмен, бұл – спорт. Келесі жылы бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттемін», деді ол.
Сондай-ақ бірер күн бұрын Қазақстан қыздар құрамасының келесі жылғы іріктеу кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды. Жерлестеріміз 2023 жылдың 14-15 сәуірі күндері елордада әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек бастаған Польша құрамасымен шеберлік байқасады. Осы бәсекеде жеңіске жеткен команда жыл соңындағы финалдық кезеңге жолдама алады. Іріктеу матчтары әдеттегідей төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.
– Әлем чемпионаты былай тұрсын, іріктеу кезеңінде де осал қарсылас жоқ. Өйткені барлық құраманың финалда ойнағысы келеді. Келесі жылы Астанада Польшамен сынға түсеміз. Польшаның бас жұлдызы Ига Швентек екені белгілі. Егер, Елена Рыбакина Швентекпен ойнаса, жеңіске жетеді деп ойлаймын. Польшаның екінші ракеткасы Магда Линетт әлемдік рейтингте қазір 49-орында тұр. Оған қоса, жұптық сында ойнайтын теннисшілері де мықты. Әрине, біз өз елімізде өнер көрсетеміз, мұның артықшылықтары бар. Польшамен командалық деңгейде әлі ойнап көрген жоқпыз. Бірақ теннисшілер өзара кездесіп жүр. Түрлі бірлескен жиындарды өткізу бағытында Польша теннис федерациясымен тығыз байланыстамыз. Олардың теннисшілері бізге келеді, біздің спортшылар Польшаға барады. Матчты асыға күтеміз, – дейді Ю.Польский.