Теннис • 18 Қараша, 2022

Келесі қарсылас – Польша

133 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада Шотландияның Глазго қаласында ұйымдас­ты­рыл­ған теннистен Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңі мәресіне жетті. Бір аптаға жалғасқан дүбірлі додада Қазақ­станның әйелдер құрамасы алғаш рет бақ сынағанымен, әлем чемпионатында жарқырап өнер көрсете алмады. Дүние жүзінің ең үздік 12 командасы қатысқан биылғы жарыста Швей­цария қыздарының бағы жанды.

Келесі қарсылас – Польша

Қазақстан теннис федерация­сы үшін биылғы маусым аса сәтті өтті деуге болады. Мә­селен, жазда Елена Рыбакина «Уимбл­донның» жекелей сынында дара шықса, әртүрлі жастағы бірқатар теннисшіміз халықаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ биыл еліміздің үш бірдей құрамасы (ерлер, әйел­дер және жасөспірімдер) тарих­та алғаш рет қатарынан үш әлем чемпионатында бақ сынау мүм­кіндігіне ие болды. Өкінішке қа­рай, ұжымдық сайыста отандас­тарымыз жанкүйерлерді өрелі ойындарымен қуанта алмады. Атап айтар болсақ, ерлер құрамасы Дэвис кубогінің, ал әйелдер құ­рамасы Билли Джин Кинг кубо­гінің топтық кезеңінен әріге асқан жоқ. Ал Чехияның Простеёв қа­ласындағы жасөспірімдердің әлем чемпионатында өнер көр­сеткен Қазақ­стан құрамасы қола жүлдеге қол­созым қалғанда сү­рініп, әлем біріншілігін төртінші орынмен түйіндеді.

Өз жас санатындағы дүние­жүзілік рейтингтің алдыңғы қа­­тарында тұрған Заңғар Нұр­ланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков секілді талантты жастардан құралған тен­нисшілеріміз ел намысын абыроймен қорғады деп айтуға болады. Олар жарыс барысында бұған дейінгі әлем чемпионаттарында үздік шыққан Аргентина, Италия сияқты елдің өкілдерін жолдан тайдырып, тек жартылай финалда ғана азулы АҚШ құрамаларына жол берді.

Қазақстанның ерлер құрамасы Глазгодағы Дэвис кубогінің фи­налдық кезеңінде Нидерланд және АҚШ құрамасымен бір топта ойнап, екеуінен де же­ңіліп, жарыс­ты ерте аяқтауға мәж­бүр болды. Дәл сол қалада ұйым­дас­тырылған Билли Джин Кинг кубогінде қыздарымыз алғашқы ойында жарыс қожайыны Ұлы­британияны 2:1 есебімен тізе бүктіргенімен, келесі кездесуінде Испаниядан 3:0 есебімен ұтылып қалды. Ал тур­нирдің финалында барлық қар­сыласын қоғадай жапырып, финалда Аустралия құ­рамасын 2:0 есебімен жеңген Швей­цария қыздары мықтылық танытып, жарыс жеңімпазы атанды.

Билли Джин Кинг кубогі матч­тарынан кейін Қазақстан теннис федерациясының вице-пре­зиденті Юрий Польский қыз­дар құрамасының ойынына қатысты өз пікірін ортаға салды. «Би­ылғы әлем чемпионатында күтпеген нәтижелер көп тіркелді. Бі­рінші матчта корт қожайыны – Ұлыбритания құрамасын ұт­қанымызбен, аса тартысты кездесуде Испанияға жол бердік. Сол ойында испаниялықтар қат­ты шаршаған болуы керек, келесі күні Ұлыбританиядан тас-талқан болып жеңілді. Сөйтіп бри­та­ния­лықтар жартылай финалға шықты. Ұлыбритания ұйымдас­тырушы ел ретінде турнирге арнайы шақырту алғанын жақсы білесіздер. Ал біздің құрама ірік­­теу сайысында Германияны жеңіп, финалдық кезеңге шыққан 12 елдің қатарына қосылды. Өкінішке қарай, қыздарымыз мұндай ірі турнирге бірінші рет қатысып тұрғандықтан, жүлделі орындардан көріне алмады. Де­генмен, бұл – спорт. Келесі жылы бұдан да жақсы нәтиже көр­сетеміз деген үміттемін», деді ол.

Сондай-ақ бірер күн бұрын Қазақстан қыздар құрамасының келесі жылғы іріктеу кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды. Жерлес­теріміз 2023 жылдың 14-15 сәуірі күндері елордада әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек бастаған Польша құрамасымен шеберлік байқасады. Осы бәсекеде жеңіске жеткен команда жыл соңындағы финалдық кезеңге жолдама алады. Іріктеу матчтары әдеттегідей төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.

– Әлем чемпионаты былай тұрсын, іріктеу кезеңінде де осал қарсылас жоқ. Өйткені барлық құраманың финалда ойнағысы келеді. Келесі жылы Астанада Польшамен сынға түсеміз. Поль­шаның бас жұлдызы Ига Швен­тек екені белгілі. Егер, Елена Рыбакина Швентекпен ойнаса, жеңіске жетеді деп ойлаймын. Польшаның екінші ракеткасы Магда Линетт әлемдік рейтингте қазір 49-орында тұр. Оған қоса, жұптық сында ойнайтын теннисшілері де мықты. Әрине, біз өз елімізде өнер көрсетеміз, мұның артықшылықтары бар. Поль­шамен командалық деңгей­де әлі ойнап көрген жоқпыз. Бірақ теннисшілер өзара кездесіп жүр. Түрлі бірлескен жиындарды өткізу бағытында Польша теннис федерациясымен тығыз байланыс­тамыз. Олардың тен­нис­шілері бізге келеді, біздің спортшылар Польшаға барады. Матчты асыға күтеміз, – дейді Ю.Польский.