Қоғам • 18 Қараша, 2022

Елордада гендерлік саясат жөнінде конференция өтті

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

17-18 қарашада астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп, БҰҰ-Әйелдер құрылымының техникалық қолдау көрсетуімен «Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада гендерлік саясат жөнінде конференция өтті

Конференция алаңы Қазақстан, Чехия, Швейцария, Үндістан және АҚШ ғалымдары мен сарапшыларын, сондай-ақ Парламент депутаттарын, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.

Конференцияда балалық шақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, гендерлік теңдік, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, демографиялық даму перспективалары, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Осы тақырыптардың әрқайсысына жеке сессия арналған.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева конференцияны ашты.

«Қазақстан үшін отбасы институты мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі. Үкіметтің алдына жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылады. Біз үшін гендерлік теңдік саласындағы өз тәжірибемізді басқа елдердің ғылыми-сараптамалық қоғамдастығымен бөлісу, сондай-ақ бірлескен жобаларға қатысу маңызды.

л

Қазіргі ауқымды әлем бізге көптеген жаңа сынақтармен күн тәртібін белгілейді. Бүгінгі таңда ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен отбасының тәрбиелік рөліне, демографиялық дамуына, адамның өмір сапасына әсер ететін гендерлік теңдікке байланысты күрделі мәселелерді шешудің жолдарын табу өте маңызды», деп Ұлттық комиссияның Басшысы ғалымдар мен сарапшыларды күрделі мәселелерді шешу жолдарын табуға шақырды.

Конференция аясында Қазақстанның соңғы үш жылдағы отбасылық және гендерлік саясат салаларының тәжірибелері ұсынылды.

Атап айтқанда, біздің елімізде Әл-ауқат индексі әзірленді. Мектептегі психологиялық қызметтердің бірыңғай ережелері жұмыс істейді. Өңірлерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды.

Қазақстан Республикасында отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы өзектендірілді. Нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдердің рөлін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік база айтарлықтай нығайтылды.

д

Мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру, отбасылық саясат саласындағы тенденцияларға мониторинг пен жүйелі талдауды жүзеге асыру үшін Үкіметтің жауапкершілігі арттырылды. Тиісті функциялар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бейіндік комитетіне берілді.

Мемлекеттік отбасылық саясатты қалыптастыру мен талдаудың институционалдық негізі дамуда. Отбасы институтын зерттеу орталығы құрылды.

«Қазақстандық отбасылар», «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндамалар үнемі жарияланып тұрады. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен ұлттық зерттеулер кешені жүргізілуде.

Осы жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерін жақсартып, 80-ші орыннан (2021 жыл) 65-ші орынға (2022 жыл) дейін көтерілгендігін сарапшылар атап өтті.

Конференция қорытындысы бойынша ғылыми негізделген сараптамалық талдау әзірленеді. Ол Үкімет пен жергілікті басқару органдарының құрылымдарына жеткізіледі.