Мысалы, Мұзтаудың етегіндегі көл картада Қаракөл деп тайға таңба басқандай жазылып тұрса да, Язевая деп орысшалайды. Әсіресе заңды-заңсыз қаптап кеткен туроператорлар келімді-кетімді қонақтарға қате ақпарат береді. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Сөйтіп, қазақы атаудан ажырай береміз. Бұл – үлкен мәселе...
Біздің айтпағымыз, Алтай ауданы, Шірікқайың ауылы тұсындағы жеке-дара жатқан тауды осы күнге дейін «Мертвая гора» деп жүретінбіз. Естіген құлақта жазық жоқ, жергілікті ел солай десетін. Сөйтсек әп-әдемі атауы бар екен. Күздің орта шенінде жазушы Әлібек Асқаровпен Катонқарағайға жолға шыққанбыз. Жазушы жол-жөнекей көрікті табиғатқа сүйініп, орысша аталып кеткен ауылдарға күйініп отырды. Рас, Өскеменнен шыға сала бірінші ауыл Ушанова. Одан кейін Северное, Александровка, Октябрский деп кете береді. Санап отырсақ, Алтай ауданында қазақша аталатын үш-ақ ауыл бар екен; Бұқтырма, Тұрғысын және Шірікқайың. Дәл сол Шірікқайыңның тұсына жеткенде, анау шың «Мертвая гора» деп аталады демеймін бе?! Сөйтсек қателескен екенбіз. Таудың етегіне тоқтай қалып, Әлібек Асқаровтың шыңның атауы туралы айтқан сөзін таспалап алдым.
– Қайбір жылы Алтай туралы шыққан екі кітабымды Қадыр Мырза Әліге сыйладым. Бір күні «Egemen Qazaqstan» газетін қарасам, менің кітабым туралы жарқ еткен мақала шығыпты. Қарасам, Қадыр Мырза Әлінің кітабыма жазған рецензиясы. Бірден хабарласып, алғысымды айттым. Сонда «оны жазғаным, сен мені Алтайға ғашық қылдың. Енді Алтайға апар», деді. Мен ол кезде мемлекеттік қызметте жүрмін. Сол жылдары әкім болып тұрған Бердібек Сапарбаевқа айтсақ, сізді хан көтеріп қарсы алады ғой деп едім, «Бердібектің орны бір басқа, сенімен барғым келеді», деді. Айналасы бір айдың ішінде келдік, тау-тасты араладық. Сонда осы жерден өтіп бара жатып, «мынау не деген әдемі шың?! Шаншылған найзадай» деп көлікті тоқтатты. Шыңның сұлулығына шын тамсанды. Сонда біз бір ауыздан, Қадеке, осы шыңды сіздің атыңызға берейікші. Осыдан былай Қадыр Мырза Әлі шыңы болсын дедік. Ол кісі өз атауы бар шығар деп тартыншақтап еді, өз атауы «Мертвая гора». Ондай атау бола ма деп, Халық жазушысының атына бердік, – деп сол бір кезді еске алды Әлібек Асқаров.
Қараңыз, мінезді шың. Өзгелерден ерек тұр. Енді біле жүрейік, Алтайда Қадыр шыңы бар.
Шығыс Қазақстан облысы