Қоғам • 21 Қараша, 2022

Үй кезегіндегі кемшілік

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұқара халық жылдар бойы баспанаға қол жеткізе алмай жүргенде Жамбыл облысында «аруақтар» үй алудан үмітін үзбей келген. Иә, жақында біраз уақыт бұрын бақилық болған 257 азаматтың тұрғын үй кезегінен әлі күнге шығарылмағаны туралы ақпарат тарады.

Үй кезегіндегі кемшілік

Жаға ұстататын мәлімет та­рағалы бірнеше апта өтсе де, бұл мәселе маңызын жоймаған секілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департамент басшы­сының бірінші орынбасары­ның міндетін атқарушы Дәурен Омаровтың айтуынша, өңірде «Тұрғын үй туралы» заңнама­да көрсетілген талап-міндеттер бо­йынша атқарылуға тиіс жұмыс­тар өз деңгейінде жүргізілмеген.

«Тұрғын үй қатынастары саласында жергілікті атқару­шы органдардың құрылымдық бөлімшелері тарапынан «Тұр­ғын үй қатынастары туралы» заңнамада көзделген міндет­тер­дің орындалмай отыр­ғаны бел­гілі болып отыр. Атап айтқанда, кезекте тұрғандардың тізімін өзектендіру бойынша іс-шаралар тиісті деңгейде жүр­гізілмеген. Сонымен қатар жүр­гізілген мониторингке зер салсақ, 5725 адамның кезекте заңсыз тұрғаны әшкереленіп отыр», деді департамент өкілі.

Д.Омаровтың мәлімдеуінше, олардың 257-сі қайтыс болған, 3415-інің әртүрлі жылжымай­тын мүліктері бар болып шықса, ­1955 азамат баспанаға мұқтаж ретін­де есепке қойылғаннан кейін некеге тұрған. Ал 17 адамның басқа мемлекеттерде тұратыны анықталып, 81 азаматтың мүлде Жамбыл облысында тіркелмегені белгілі болған.

«Бұл мәселе бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне мониторинг нәтижелері жолданды. Департаменттің араласуы нәтижесінде 1075 адам кезектен шығарылды. Қалған 4650 азамат бойынша қазіргі уақытта кезектен шығару жөнінде іс-шаралар жүргізілуде», дейді Д.Омаров.

 

Жамбыл облысы