Қазақстан • 21 Қараша, 2022

Заң мен заман талабы

713 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Конституциялық тәртіп пен заңдар­дың әділеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеті. Бүкіл мемлекеттік, қоғамдық, жекеменшік ұйымдар, жекелеген лауазым иелері және барша азамат Конституция үстемдігінің сақталуына аса мүдделі. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ заңдардың нақты орындалу тетіктерін күшейту айрықша маңызға ие.

Заң мен заман талабы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Конституция үстемдігін қамтамасыз ету­дің ең негізгі шарты – мемлекеттік билікті жүзеге асыруға құзыретті әрбір мемлекет­тік органның конституциялық міндеттерін мүл­тіксіз атқару. Өзін құқықтық мемлекет ретінде жариялаған барша мемлекеттердің заңнамасында Конституция талаптарының сақталуын қадағалау әртүрлі мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне жүктелген. Бұл – олардың негізгі міндеттері. Осы мақсатта егер заңға сәйкес келмесе, жоғарғы деңгейдегі мемлекеттік ұйымдарға, өздеріне бағынышты ұйымдардың қабылдаған актілерінің күшін жою құқығы берілген.

Дегенмен бұл мәселеде конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және бұл оның негізгі функциясы болып саналатын арнайы орган ерекше орын алатынын атап өту керек.

Мұндай органның тарихына үңілетін болсақ, 1787 жылы АҚШ Конституциясы қабыл­данғаннан кейін Конгрестің Консти­туцияға сәйкес келетін заңдарды қабылдауды қамтамасыз ету мүмкіндігі кейбір жағдайда шектеулі екені байқалған. Заңдардың Кон­гресс мүшелерінің көпшілік дауысымен қабыл­дануы және олардың барлығының бірдей заңгерлік білімі болмауы – оның мұның басты себебі болған. «Көпшілік да­уыс әділеттіліктің өлшемі бола алмайды», деп әйгілі неміс философы Ф.Шиллер айтқан­дай, мұндай жағдай – жалпы өкілеттік орган­дарға тән ерекшелік.

Алайда АҚШ Конституциясында заңның Конституцияға сәйкестігіне күмән туған кез­де оның шешімін кәсіби түрде табатын тетік­тер қарастырылмаған еді. Осыдан кейін 1803 жылы АҚШ Жоғарғы соты заңдардың кон­сти­туцияға сәйкестігін тексеру функциясын өзі­не алған. Конституциялық бақылаудың кей­бір белгілері ежелгі неміс мемлекеттерінен бай­қалған, бірақ АҚШ-тың бұл мәселедегі тәжі­рибесі жалпы конституциялық құқық тари­хындағы алғашқы жағдай ретінде танылады.

Ғалымдар бүгінгі күні арнайы құрылған органдар арқылы әлемде конституциялық бақылауды жүзеге асырудың үш түрлі моделі қалыптасқанын нақтылап отыр. Олар – америкалық және атақты аустриялық заңгер Г.Кельзен ұсынған еуропалық нұсқа, сонымен қатар, осы екеуінің жиынтығы болып табылатын аралас модельдер.

АҚШ Жоғарғы соты америкалық модель бойынша заңның Конституцияға сәйкес­тігін тек белгілі бір істі қарау барысында ғана тексере алады. Ал еуропалық модель конституциялық бақылауды арнайы құрыл­ған Конституциялық сот немесе квазисот­тық орган – Конституциялық кеңес арқылы жүзеге асыруды көздейді. Бұл модельдің негізгі ерекшелігі – заңдарды қабылдау барысында немесе олардың өз күшіне енгеннен кейін Конституцияға сәйкестігін тексере алатындығында. Еуропалық модельдің өзінің германдық және француздық түрлері бар. Аталған модельдердің немесе олардың түрлерінің артықшылығы мен кемшілігі жөнінде біржақты пікір айту өте қиын. Жал­пы алғанда, осы модельдердің қайсысын болмасын өзіндік ерекшеліктеріне байла­нысты пайдаланып отырған мемлекеттер оларды конституциялық бақылаудың тиімді тәсілі ретінде қолданып келеді.

Қазақстанның конституциялық бақы­лауды қалыптастырудағы алғашқы және маңызды қадамы осы еуропалық модельге негіз­делген. Алғашында осы модельдің германдық түріне басымдық беріліп, елімізде Конституциялық сот құрылды. Ал 1995 жыл­ғы Конституция бойынша бұл модельдің фран­цуздық түріне негізделген квазисоттық орган – Конституциялық кеңес дүниеге келді.

Қазақстанда алғаш құрылған Конститу­циялық сот үш жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істегеніне қарамастан, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етумен қатар заңдылықты нығайтуда, сон­дай-ақ конституциялық бақылауды дамы­туда айтарлықтай із қалдырды. Ең әуелі, азаматтар өздерінің конституциялық құқық­тарына тікелей әсер ететін мәселелер бойынша осы сотқа жүгінуге құқылы болды. Бұл Конституциялық соттың қызметі консти­туциялық бақылауды жүзеге асырудың еуро­палық моделіне толық сәйкес келетін. Әйтсе де, бұл органның жойылуы құқық теориясынан тыс себептерге байланысты болды деп пайымдауға болады.

Одан кейін құрылған Конституциялық кеңес жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп, еліміздегі заңдылықтың сақталуы мен кон­ституциялық бақылауды дамытуға айтар­лықтай үлес қосты.

Биыл 5 маусымда өткен Конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі референдумда қо­ғам еліміздегі конституциялық бақы­лау­ды Конституциялық сот жүзеге асыруы қажет­т­ігін қолдады. Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударған Мемлекет басшысы биыл наурыз айындағы Жолдауында Конституциялық сот құру туралы ұсынысты жариялады.

Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты еліміздегі Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін, дербес және тәуелсіз, мемлекеттік орган – Кон­­сти­­туциялық соттың мәртебесі мен оның құзы­ретін белгілейтін арнайы конституциялық заң қабылданды. Сондай-ақ заңда Консти­ту­ция­лық сотқа азаматтармен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жүгіну тәртібі де нақтыланған. Шын мәнін­де, бұл – Қазақстанның конституциялық-құқықтық заңнамасындағы тың жаңалық. Заңның конституциялық сот ісін жүргізуді реттейтін баптары 2023 жылдан бастап қол­данысқа енгізіледі.

Конституциялық соттың заңда белгі­ленген құзыретінің ауқымы мен оны жүзеге асырудың тетіктері Конституцияның үстем­дігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бе­реді. Қалай дегенмен де, әділетті мемлекет – ең әуелі әділетті заңдар, олардың ережеле­рін мүлтіксіз орындау, соның нәтижесінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету екені анық.

Әділеттілікті қамтамасыз етуге бағыт­талған, маңызды әрі күрделі және жауапты осындай жұмысты кәсіби деңгейі өте жоғары, шиеленісті мәселелердің оңтайлы шешімін табуға қабілетті, аса тәжірибелі мамандардың жүзеге асыратындығы сөзсіз.

Заңда белгіленген Конституциялық сот судьяларының мәртебесі, олардың қызметі­нің кепілдіктері және әлеуметтік кепілдіктер­дің айтарлықтай жоғары деңгейі судьялар­дың жауапкершілігін арттыра түседі. Соны­мен қатар азаматтардың конституциялық құ­қық­тары мен бостандықтарының қатаң сақ­­та­луына, жалпы конституциялық бақы­лау­ды қамтамасыз етуге тиімді ықпал етеді деп сенеміз.

«Нашар заңдармен және білікті қызмет­керлермен елді толық басқаруға болады. Ал егер қызметкер нашар болса, ешқандай тамаша заң да көмектесе алмайды» деген сөз бар. Бұдан шығатын қорытынды – әрбір қызметкер өз міндеті мен құзыретіне сай жүктелген жауапкершілікті сезінетін, білікті әрі тәрбиелі маман болуға тиіс. Кәсіби деңгейінің өлшемін жақсы білетін маман ғана қадір-қасиетінің құнын түсірмейді. Жаңа заманға бет алған әділетті Қазақстан осыны талап етеді.

 

Серік СЫДЫҚОВ,

заңгер