Қазақстан • 22 Қараша, 2022

Ел елдігін танытты, енді кезек – Ерінде!

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады» деген болатын осыдан бір ғасыр бұрын. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр.

Ел елдігін танытты, енді кезек – Ерінде!

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қазақ жұрты «тезек теріп, тарих жолында артта қалмас» үшін бүгінгі билік әділетті қоғам құруға ұмтылыс жасап отырған жайы бар. Ұмтылысы сол – мемлекеттіліктің іргетасы саналатын Конс­титуцияға іргелі өзгерістер жасалып, шексіз билікке жол берілмейтін нор­­малар енгізілді. Ендігі жерде қайта-қай­та «нөлден» басталатын прези­дент­тік мерзім келмеске кетіп, үміткер пре­зи­­денттікке бір-ақ рет, 7 жылдық мер­зім­ге сайланады. Кешегі кезектен тыс өт­кен пре­зиденттік сайлау – осының дәлелі.

Орталық сайлау комиссиясы жария­лаған президенттік сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз, Жигули Дайрабаев – 3,42 пайыз, Қарақат Әбден –  2,60 па­йыз, Мейрам Қажыкен – 2,53 па­йыз, Нұрлан Әуесбаев – 2,22 пайыз, Салтанат Тұрсынбекова 2,12 пайыз дауысқа ие болды. Сайлаушылардың басым көпшілігі елдегі жүзеге асырыла бастаған саяси, құқықтық реформаны аяғына дейін жеткізуді қолдап, бүгінгі Мемлекет басшысына сенім артқаны айқын аңғарылады.

Күніне қырық құбылып, аунақ­шып отырған әлемде Қазақ елі өз-өзіне берік болып, сырттан ши жүгірт­кен­дерге сыр бермейтіндей жағдайды қалып­тас­тырғаны абзал. Жаттың дәулетін жамбасқа басуды көксейтін елдердің тоғызыншы территорияға ықпалын жүргізуге жанталасатыны айдан анық. Яғни алыптардың арбауына түспей, мемлекеттіліктің тұғырын биіктете түсу бүгінгінің басты міндеті болмақ. Осы тұста ұлы Абайдың айтқанына жүгінуге тура келеді: «Енді адам күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді кемсітпейді, ештеңенің обалына қалмайды». Қасым-Жомарт Тоқаев тізгінін ұстаған билік те осы ұстанымға ұйып отыр. Ендеше, әді­леттілікке ұйыған қоғамның ынты­мағы да жарасымды болса керек. Сем­сер жүзді саясаткер Алтынбек Сәрсен­бай­ұлының кезінде айтқаны да  біздің осы ойымызды бекіте түседі: «Ішкі тұрақтылығы мығым, халқының әл-ауқаты үздіксіз жақсарып келе жатқан мемлекет ешкімге жалтақтамай, сыртқы саясатын еркін жүргізе алады. Егер біздің ішкі тұрақтылығымыз сыртқы мемлекеттердің қолында болса, онда Қазақстан біресе анаған, біресе мынаған жалтақтап, кіріптарлыққа түседі».

Үш жүз жылға жуық жат жұрттың боданы болған Қазақ елінің ендігі жерде басына ноқта кигізілсе, одан арылуы қиын. Тарихтың ащы сабағы Қазақстанға алдағы күнде төрткүл дүниенің төрт құбыласымен түгелдей көпвекторлы қарым-қатынас жасауға бейімделуді қажет етеді. Әйтпесе, аты тәуелсіз, заты сателлит ел қашанда сыбағаға жарымайтыны белгілі. Кіріптарлықтың көкесі дегеніміз осы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қиюы кеткен қоғамды қал­пына келтіремін деген мақсат-мүддесі ерекше күш-жігерді талап ететіні мәлім. Президенттік сайлаудағы оған деген елдің сенімі басталған реформаны аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Нақтырақ айтқанда, сайлау Пре­зидентке үлкен жауапкершілік жүк­тейді: ол – Қазақстанды өркениетті елдер көшіне қосу.  Бұл үшін қоғамда жылдар бойы қордаланған күрделі мәсе­лелердің түйінін тарқату, дендеп кеткен жемқорлықты ауыздықтау, олигархтардың қарпып қалған ниетіне тұсау салу қажет.

Әрине, олигополиядан арылу, оли­гарх­тардың үстемдігімен қоштасу бір сәтте мүмкін емес. Жылдар бойы мемле­кеттік қазынаны майшелпекке айнал­дырып келген топ тәтті күлшесі­нен айырылғысы келеді дейсіз бе. Жанталасады, билікке қарсы алуан түрлі қитұрқы әрекет жасайды. Жалған ақпарат таратып, халықта екіұдай пікір туғызуға тырысады. Кеу-кеу көңілмен жемқорлардың жетегіне еріп кететіндер осындайда пайда болады. Арзымсыз ақшаға сатылып, елдің мүддесін аяқасты ететіндер солардың қатарынан. Әрине, бұл жердегі басты мәселе – қоғамның ашықтығы. Құқықтық қоғамның негізгі тетігі заңның іске қосылатыны да осы тұс. Әділеттілік басты қағидатқа айнал­ған тұста заңсыздыққа тосқауыл қойы­лады. Елі сенім артқан тұста Ері де жерге қаратпауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Респуб­ликалық қоғамдық штабқа барып, кезектен тыс президент сайлауындағы «Ашық қоғам» аймақтық зерттеулер халықаралық институты жүргізген Exit-poll-дың қортындысымен танысқаннан кейін: «Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқа­тын арттырамыз. Соның барлығын ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сон­дықтан әрдайым бірге болайық!» деп мәлімдеді. Президенттік сайлаудағы Exit-poll нәтижесінен кейінгі Қасым-Жомарт Кемелұлының мәлімдемесі сай­лау­алды бағдарламасының түйіні іспетті.

«Өз тізгініне өзі ие бола алмайтын, өз қасиетін өзі бағалап, өз мінін өзі түзей алмайтын, өз мұңын өзі мұңдап, өз жоғын өзі жоқтай алмайтын халық пен қауымның бүгінгі дүниеде бітірері шамалы» (Ә.Кекілбайұлы). Ой санаткері бұл сөзді тереңнен толғап, алдағыны болжап айтқаны рас. Бұл – қазіргі қазақ қоғамы санасына құйып алатын, жадына мықтап тоқитын-ақ сөз. Билік тізгініне ие болатын тұлғаға сенім арта білген ел өз мінін өзі түзеп, өз жоғын өзі түгендеуге кірісті деп айтуға тұрарлық. Бүгінгі дүниеде бітіреріміз де көп. Кешегі сайлау – осының бастамасы. Ел елдігін танытты, енді кезек – Ерінде!