Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, жол үстінде жиі тіркелетін заң бұзу деректерінің алдын алып келеді. Мәселен, сәуір айынан бастап бағдарлама көмегімен Шымкентте 175 460 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 69, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 5853, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған 1430 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Жолдың қарсы бетіне шыққан – 302, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 1266, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 798, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 955 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ басқару құқығынан айырылған – 43, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша 164744 хаттама толтырылып, 3905 автокөлік айып тұрағына жеткізілді.
ІІМ деректеріне сүйенсек, «Қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері 8076-дан астам жол қозғалысы ережесін бұзған 2350 жүргізуші ұсталған екен.
Айта кетейік, Ішкі істер министрінің тапсырмасымен іске қосылған бағдарламада «Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымша да әзірленген. Қосымшада «Сергек» бейнекамералары, ІІМ Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген. Полиция қызметкерлері планшеттері арқылы жүргізушінің қазіргі орны туралы мәліметті көре алады.