Руханият • 22 Қараша, 2022

Орынбордағы қандастар мерекелік концертті тамашалады

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орынбор қаласы мәдениет және спорт сарайында «Отандастар қоры» КеАҚ, Қазақстан Республикасының Мәскеудегі елшілігі, Орынбор облысы Үкіметі қолдауымен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық дамуының XVIII Форумы шеңберінде Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орынбордағы қандастар мерекелік концертті тамашалады

Ұлы Даланың салтанатты сазы мен сағымды Сарыарқаның саумал сағынышымен қоса алыстағы ағайынға арнап атажұрттың аманатын арқалай келген сахна саңлақтарының концерттік бағдарламасы  шеттегі қазақтардың ұлттық жадын жаңғыртып, ана тілі мен әдебиетіне, ұлттық өнері мен төл мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, тарихи тамырынан ажырап қалмауына қам-қаракет жасап, рухани тұрғыда қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Орынбор төрінде өткен  мәдени шараның мәйегі болған «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы  және ізгі істерге айқара құшақ ашып, бірлігі мен тірлігі жараса қолдау көрсеткен көпұлтты Орынбор облысының губернаторы Денис Владимирович Паслер мырза құттықтау сөз сөйлеп, төскейде малы, төсекте басы қосылып, қоңсы қонған Қазақстан мен Ресей қашаннан-ақ экономикалық тұрғыда стратегиялық сенімді серіктес, әлеуметтік салада ынтымағы жарасқан көрші, ал мәдени-гуманитарлық байланыстар бағытында байырғы әріптес ретінде алыс-беріс пен барыс-келісті сара жолға салған, ынтымақтас елдер екендігін айрықша атап өтті.

л

Құрметті қонақ ретінде Ресей Федерациясы президенті жанындағы Кеңестің халықаралық қатынастар жөніндегі мемлекеттік ұлттық саясатты ақпараттық қамтамасыз ету комиссиясының жауапты хатшысы - Худолеев Андрей Николаевич және әзербайжан, башқұрт ұлттарының мәдени орталықтарының басшылары қатысты.

о

Ұлан-байтақ Ұлы Даланың сазды сәлемін асқар Алатаудың бөктеріндегі арайлы Алматыдан Алматы әкімдігінің қолдауымен арнайы алып келген «Сазген сазы» фольклорлық  этнографиялық ансамблі мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнерпаздары Орынбор ордасын қазақтың әнімен әлдилеп, күй күмбірімен тербетті.

ш

Мерекелік кеш қандас бауырларымыздың жадында жатталып, көрермен көңілінде көпке дейін сақталары анық.

ш