Спорт • 22 Қараша, 2022

Англияның ірі жеңісі

235 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қатардың бес қаласында өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының екінші күнінде біріншіліктің басты фавориттері ұпайдан шашау шығарған жоқ. «В» тобының алғашқы турында Англия Иранды ірі есеппен жеңсе, «А» тобында бақ сынайтын Нидерланд Сенегалды сүріндірді. Ал АҚШ пен Уэльс арасындағы кездесуде жеңімпаз команда анықталмады.

Англияның ірі жеңісі

40 мың жанкүйерге арнап салынған Дохадағы «Халифа» стадионындағы Англия мен Иран арасындағы матчта осы әлем чемпионатындағы ал­ғаш­қы ең ірі есеп тіркелді. Сегіз гол соғылған бәсекеде ағыл­шын­­дар Иран құрамасын 6:2 есе­бімен тізе бүктірді. Гарет Саутгейт жетекшілік ететін бри­таниялықтар матч тағдырын бірінші таймның соңғы 11 минутында шешіп тастады. Кездесудің бірінші голын чемпионаттың және Англия құрамасының ең жас ойыншыларының бірі Джуд Беллингем соқты. Бұл 19 жастағы футболшының ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы болды. Сондай-ақ ол Англия сапында әлем чемпионаттары тарихында гол соққан ең жас екінші ойыншы атанды. Біріншісі – әйгілі шабуылшы Майкл Оуэн (18 жас). Тайм соңына қарай Букайо Сака мен Рахим Стрелинг бір мәртеден көзге түсті.

Екінші таймда Сака дубльдің авторы атанып, есепті 4:0-ге жеткізсе, 90 минутқа дейін ағыл­шындар сапынан Маркус Рэш­­форд пен Джек Грилиш өз ен­шілеріне бір голдан жазды. Ал Иран құрамасынан Мехди Тареми екі мәрте дәлдік танытты. Тареми 65-минутта ойын жағдайында гол соқса, 90+13-минутта пенальтиді сәтті орындады. Осы матчқа төрелік жасаған бразилиялық тө­реші Рафаэль Клаус бірінші таймға қосымша – 14, екінші таймға 10 минут қосып, әлем бірін­шілігінің рекордын орнатты. Сөйтіп, бұл матч 117 минутқа созылды.

Әл-Тумама қаласының атымен аталатын стадионда өткен Сенегал – Нидерланд құрамаларының ара­сындағы матч тең дәрежеде өт­кенімен, еуропалықтар соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкетті. Сенегалдың бас жұлдызы – Садио Маненің әлем чемпионатына қатыса алмайтыны, матч барысында негізгі құрамның ойыншылары Абду Диалло мен Шейху Куятенің жарақат алып қалуы командаластарына кері әсерін тигізгені анық.

80 минут бойы Нидерландтың шабуылына тойтарыс беріп, ара-арасында өздері де қауіпті сәт­терді ұйымдастырып жүрген сене­галдықтар 84-минутта өз қақ­паларына гол өткізіп алды. Әуелете асырған допқа қақпашы Эдуар Мендиден бұрын жеткен Нидерланд шабуылшысы Коди Гакпо кездесудің есебін ашса, төреші тарапынан қосылған сегіз минуттың соңғысында Дэви Классен құрамасының жеңісін нақтылай түсті – 2:0.

«В» тобының екінші матчында АҚШ пен Уэльс құрамалары бірінші турда ұпай бөлісуге мәж­бүр болды. Іргетасы 2001 жылы қаланған Әл-Райян қала­сындағы «Ахмед бин Әли» ста­дио­нындағы тартысты бәсеке 1:1 есебімен тең аяқталды. Екі құрама үшін де бұл матчтағы басты мақсат – алғашқы турда жеңілмеу болатын. Әсіресе 1958 жылдан кейін әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан Уэльс құрамасына жеңілістің құны қымбатқа түсуі мүмкін еді. Дегенмен матчтағы есепті бірінші болып мундиалға мұхиттың арғы бетінен келген АҚШ футболшылары ашты. 36-минутта Кристиан Пулишич әріптесі Тимоти Веаның тамаша гол соғуына мүмкіндік жасап берді. Веа – 1995 жылғы «Алтын доптың» иегері атанған либериялық футболшы Джордж Веаның ұлы. Қазіргі таңда Джордж Либерияның президенті.

Матч бойы есепті теңестіруге тырысқан Уэльс футболшылары тек 82-минутта ғана өз дегендеріне жетті. Америкалық қорғаушы өз айып алаңында ойын тәртібін бұзғаны үшін төреші АҚШ қақпасына пенальти белгіледі. Бұл – әлем чемпионатының алғашқы төрт матчындағы үшінші пенальти. 11 метрлік нүктеге жақындаған Гарет Бэйл айып добын мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Осылайша, Бэйл өзінің және Уэльс құрамасының 1958 жылдан кейінгі әлем чемпионатындағы бірінші голын соқты.