Спорт • 22 Қараша, 2022

Даян шеберлерінің сәтсіздігі

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мексиканың Гвадалахара қаласында таэквондодан ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста Қазақстанның 15 спортшысы бақ сынады. Солардың қатарында ірі дүрмектерде әбден ысылып, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген тәжірибелі даян шеберлері де болды. Өкінішке қарай, таэквондошылардың бірде-біреуіне Ацтектер елінде жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады.

Даян шеберлерінің сәтсіздігі

Гвадалахарада Жансель Дениз (+73 кило), Смайыл Дүйсебай (87 кило) және Руслан Жапаров (+87 кило) сынды сақа спортшыларға үлкен үміт артқан едік. Олар осыған дейінгі бірқатар бай­рақты бәсекеде табыс­ты өнер көрсетіп, жарқын же­ңіс­терімен қазақ жанкүйер­лерін қуантқан болатын. Бірақ жылдың басты жарысында жерлестеріміз білгендерінен жаңылып, сенім үдесінен шыға алмады. Сондай-ақ Темірлан Тілеулес (54 кило), Самирхон Абабәкіров (58 кило), Камран Нұрадинов (63 кило), Алмат Қожахмет (68 кило), Нұрқанат Қожахмет (74 кило), Рақым Әділханов (80 кило), Рита Бәкішева (46 кило), Ботагөз Қапанова (49 кило), Әзиза Қараджанова (53 кило), Кәмила Аймұқашева (57 кило), Жадыра Хай­рул­лина (62 кило) және Нұрай Құсайынова (67 кило) да жарты жолға жетпей сүрінді.

Аталған жарыста Мексика спорт­шыларының мерейі үстем болды. 3 ал­тын, 1 күміс және 2 қола медаль олжа­ла­ған олар жалпыкомандалық есепте көш бастады. Мекси­калықтар арасынан Даниэла Соуза (48 кило), Лесли Сол­тера (67 кило) және Карлос Сансорес (+87 кило) қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұ­ғырының ең биік сатысына көтерілді. «Батыстың інжу-маржаны» аталған шаһарда Қытай (2 алтын+3 күміс+1 қола), Оңтүстік Корея (2+2+1) және Сербияның (2+1+2) әнұраны екі реттен шыр­қал­ды. Аспанасты елі өкіл­дері арасынан Лу Зонши (57 кило) мен Лиан Юшайдың (63 кило) асығы алшысынан түсті. Корейлердің қата­рындағы Квон-До Юн (68 кило) мен Парк Ву Хектің (80 кило) қарқынына еш­кім шыдай алмады. Қарт құр­лықтың өрендері арасында Надика Бозанич (73 кило) пен Мехди Ходабакшидің (87 кило) мерейі үстем болды. Сондай-ақ бас жүлде алғандардың қатарында испа­ниялық Даниэл Куасада ( 74 кило), өзбекстандық Свет­лана Осипова (+73 кило), хорватиялық Лена Стой­ко­вич (46 кило), бель­гиялық Сара Шаари (62 кило), ма­жарстандық Омар Са­лим (58 кило), италиялық Вито Делл’Акуила (54 кило) және америкалық Макайла Грин­фууд (53 кило) бар.

Бір айта кетерлігі, осы жарыста Өзбекстан құра­масы қазақстандықтарға қа­рағанда әлдеқайда жақсы өнер көр­сетті. Алтыннан алқа таққан Светлана Оси­повадан бөлек, Нияз Пу­латов (63 кило) кү­міс ме­дальды еншіледі. Ал Феруза Садықова (62 кило) мен Никита Рафалович (87 кило) қолаға қол созды. Осы нә­ти­женің арқасында өз­бектер жалпы есепте алтыншы орын­­ға тұрақтады.

1993-2019 жылдар ара­лығында Қазақстанның таэк­вондошылары әлем чемпионатына 14 рет қатысты. Соның алтауында ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Тарқатып айтсақ, 1999 жылы (1 қола), 2003 жылы (1 қола), 2007 жылы (3 қола), 2009 жылы (1 қола), 2017 жылы (1 қола) және 2019 жылы (1 қола). Барлығы – 8 жүлде. Ал сегіз жарыстан қор­жынымыз бос қайтты. Міне, солардың қатарына күні кеше ғана Мексикада аяқ­талған дүбірлі дода еніп отыр. Бұл – отандық даян шеберлерінің тоғызыншы сәтсіздігі.