Есте жоқ ескі замандарға көз сата телмірмей-ақ, асылында, осы рухани-мәдени тарихтың қалыптасу жолдары жайлы сөз қозғағанда, халықтық құндылықтардың қорғаны болған тұлғаларға табан тірейміз. Солардың бірі де бірегейі – Құл қожа Ахмет Ясауи! Ғұлама, сопылық ілімді негіздеуші, діни ұстаз, шайыр! Ал жай ғана айтар болсақ, бүкіл түркі жұртына бек танымал имани туымыз!
Бұл кісіні сопы десек те, абыз десек те жарасады, тіпті өз заманында парасат биігіне көтеріліп, ел-жұртына ертегідей болған аңыз адам деуге де толық негіз бар. Өйткені ол өзінің соңында өнегелі сөз ғана емес, әлі талай жылдар бойы тілге тиек етер, ұрпақтан соң ұрпаққа жетер ұлан-ғайыр рухани еңбек, ғасырдан-ғасырға жалғасар көркем қазына қалдырып кеткен ойшыл.
Ұлы бабамыз Ахмет Ясауи (1093-1166) есімі неліктен сан ғасырды емін-еркін аттап өтіп, көнермей-ескірмей, біздің заманымызға жетіп отыр? Оның атын тарих өшірмей, уақыт ұмыттырмай тұрған қандай құдірет?
Ең алдымен, барынша маңыз бере, басын аша айтуға тиіс елеулі еңбегі – діни тұлға һәм білікті де білгір ұстаз саналғандығы.
Ол ғұмыр кешкен заман – қазақ топырағына Ислам дінінің кеңінен таралып, жаппай осы дінге бас иіп, осы дін арқылы Аллаға құлшылық ету кезеңімен айшықталады. Демек кез келген білімді, парасатты және иманды адамның бұл тарихи өзгерістерден шет қалуы еш мүмкін емес-ті. Ахмет бабаның бұл бағытта дайындығы да, ілім-білімі де мол еді. Өзі өмір сүрген уақытта қасиетті Ислам дінінің қағидаттарын жетік білумен ғана шектелмей, ізгі діннің абырой-беделін асқақтатты. Асқақтата отырып, сонымен қабат туған халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін сол дін сүзгісінен өткізді, дінге қайшы келетіндерін сабырмен екшеді, дін мен дәстүр сабақтастығын қалыптастырды, дұрыс жолға бағыттады. Кей деректерде былай делінеді: баба Ахмет атақты Қорасан шаһарында ислам әлемінің айтулы тұлғалары, ірі-ірі дін өкілдері қатысқан ұлы жиында ұзақ сөйлеп, дін мен жергілікті халықтың (қыпшақ даласының) салт-дәстүрлерін бір-біріне жымдастыра қатар алып жүргізу аса қажеттігін айтып, осы ұсынысына қатысушылардың басым көпшілігінің тарапынан қолдау алған екен. Осылайша, Ұлы дала елінде ислам діні мен халқымыздың болмысымен біте қайнасқан ежелгі салт-дәстүр арасында айтулы арпалыс, текетірес пен қарама-қайшылық көп бола қойған жоқ.
Сондықтан да ата-бабаларымыз кей елдердегі секілді бастапқы кезде өре түрегеліп, шошына қарап, асыл дінді аса жатырқамады, түсіністікпен қабылдай білді. Көп кедергілер жасалмады. Атыс-шабыс, қантөгістерге жол берілген жоқ. Міне, осы ізгі қадамның бастауында, әлбетте, сопы Ахмет ұстаз тұрған-ды.
Екіншіден, абыз Ахмет оқытушы болып, шәкірт тәрбиелеу ісіне баса назар аударған озық ойлы білімпаз-ұстаз. Тағы да ататарих былай дейді: Ахмет Бұқарадағы Көгелташ медресесін үздік аяқтаған соң, ұстазы Жүсіп Хамаданидің ұйғаруымен біраз уақыт сонда тұрақтап қалады, дәріс беру жұмысымен айналысады, тіпті аз уақыттан соң, осы дәрісхананың ең беделді оқытушысына да айналған. Алайда туған жер алдындағы азаматтық парызы мен міндеті ойынан шықпаған ол көп ұзамай, ұлағатты ұстаздарынан рұқсат сұрап, кіндік қаны тамған топыраққа оралмай ма! Испиджабта көп аялдамай, сол уақыттарда іргетасы қаланып, танымал бола бастаған көне Иассы шаһарына табан тіреп, осында өзінің медресе-мектебін негіздеді, онда қаншама алғыр әрі ақылды жас жеткіншек білім теңізіне сусындады. Әлбетте, Ахмет ұстаздың діни дәрістерінің аса тартымды әрі қызғылықты болуына басты себеп – араб тіліне аса жетік емес шәкірттеріне қасиетті Құранның аяттарын мағыналық тұрғыда түрікшеге аударып оқытуында еді (әрине, осы «оқшау қылығы» үшін кейбір әсіредіншілдер тарапынан оңбай таяқ та жеді). Ұстаз діни дәрістермен қабат әлемнің озық ойлы философтары, ақындары мен ойшылдарының еңбектерімен де таныстырып отыруды өзіне ұлы міндет санады. Оның алдын көріп, білім алып, кейінірек атақты кісілер қатарына қосылған Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата), Саид Ата, Мансұр Ата, Данышманд, софы Мұхамед (Аллияр), Хиссамеддин, т.б. бастаған мыңға жуық мүридтері (шәкірттері) өзінің естелік-жазбаларында ұстаз туралы тебірене толғап, талант-қабілетіне бас иді. Тіпті көп шәкірттерінің арасында кезінде өзіне ұстаздық еткен Арыстан баб әулиенің бір перзенті болғаны да айтылады.
Үшіншіден, Ахмет Ясауи тілі көркем, ойы оралымды, аса қабілетті шайыр да бола білгенін артында қалған рухани мұралары дәлелдей алады. Оның еңбектерінің басым бөлігі – сопылық іліммен ұштасып жатыр, өйткені оның ұстаздары да, мектебі де осы сопылық бағыттағы ілімдерді көбірек насихаттаушы еді. Айталық, өзі алғаш алдын көріп, діни білім алған Арыстан баб әулие де, одан соң білімін әрі қарай жалғастырған Көгелташ медресесінің бас ұстазы Жүсіп Хамадани да алдымен сопылық жолды таңдаған ғұламалар!
Дана сопының ең танымал еңбегі «Диуани хикмет» (ақыл-парасат кітабы) – ой-толғамдар топтамасы. Онда әуелі Жаратушыға, сосын хазіреті Мұхаммедке мадақ айтылады. Сонымен бірге қасиетті Құранның маңызын тереңдете ашып, мәртебелей түскен. Ғұламаның бұл еңбегі, кей деректерде көрсетілетіндей, бір кітап емес, төрт кітап болыпты. Яғни, ол Шариғат, Тарихат, Мағрифат және Хақиқат рухани жетілу арналарына арнап жыр жауһарын қалдырды. Бұған қоса «Миратул кулуб» («Көңіл айнасы») деген өмір-танымды белгілейтін еңбегін де жазған. Өкінішке қарай, бұл еңбегінің толық нұсқасы біздің қолымызға әлі күнге дейін тимей келе жатыр. Бүгінгі оқып-талдап жүргеніміз – сол шоғырдың бір бөлігі, яғни бір тарауы ғана секілді. Сөйте тұра, оның сопылықты мәртебелеген хикметтері арқылы атақ-даңқы өз кезінде-ақ қазақ топырағында ғана емес, бүкіл Орталық Азияға тараған.
«Диуани хикмет» (ақыл-парасат кітабы) – абыз Ахметтің жазып қалдырған ең ғажайып әдеби жазба еңбегі. Осы жазба еңбек бүкіл түркі әлемінің жазба әдебиетінің бастауында тұрғаны, өзінен соңғы бүкіл түркілік көркем әдебиетке ерекше ықпал еткені енді ашық айтылуға тиіс.
Төртінші айтулы еңбегі – араб пен парсы тілдерін жетік білетін Ахмет Ясауи түркі тілінің мәртебесін көтеру жолында барынша қайрат көрсете күресті. Оған дәлел: ол өзінің барлық жазба еңбектерін, оның ішінде «Диуани хикмет» те бар, тек түркі (көне түркі тілі, яки оғыз-қыпшақ тілі) тілінде жазды; медреседегі мүридтеріне (шәкірттеріне) дәрісті алдымен түркі тілінде оқыды; қасиетті Құранның кейбір жекелеген аяттарын (мағынасын) түркі тіліне аударып, өз халқына түсінікті тілде ұғындыруға көп күш жұмсады.
Өкінішке қарай, сол заманнан бері қарай көне түркі тілінің (оғыз-қыпшақ) бағы тайып, қолданыс аясы тарылып, өзінің көркем де сұлу бейнесін жоғалта бастаған-ды. Алайда біз сол кездегі түркілік тіл байлығын баба еңбектерін терең зерделеу арқылы танып-біле алсақ керек. Айта кету керек, Ахмет Ясауи өз заманының аса көрнекті шайыры бола тұрып, Шығыстың саусақпен санап айтатын атақты шайырлары сапынан ойып тұрып орын ала алмады. Басты себеп – біріншіден, оның жырларының тарих сахнасынан сырғып бара жатқан көне түркі тілінде жазылуы да, екіншіден, сондай тегеурінді жырларды (хикметтерді) ғасырлар бойы ешкімнің аса маңыз беріп, көңіл қойып, сапалы аударып, сөйлете алмауында.
2023 жылы туғанына 930 жыл (1093-1166) толғалы отырған бүкіл түркі әлемінің айтулы тұлғасы, ірі дін өкілі, жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы, ұстаз, шайыр, аудармашы Ахмет Ясауидің соңында қалған, уақыт шаңына көміліп жатқан мұраларына қатысты. Бүкіл әлем түріктері бірнеше ғасырдан бері пір тұтып, құрмет жасап, еңбектерін қайта-қайта басып шығарып, тиісінше бағасын беріп жатса да, біздің топырақта аса көп айтылмай келе жатқаны ақиқат. Себеп? Себеп, біздіңше, біреу-ақ: ол – тек дін өкілі, сопылық ілімді жарнамалаушы. Мұндай біржақты бағалаушылық күні кешеге дейін ғұлама бабамыздың өмірімен және рухани мұраларымен түпкілікті айналысуға мұрсат бермей келгені тағы да белгілі. Осылайша, көп нәрседен кеш қалған сыңайлымыз.
Ал ақиқатына көшер болсақ – Ахмет баба жан-жақты, көп саланың басын біріктіре жұмыс жасаған, өз заманында еліне қалқан болып, халқына тура жол сілтей алған парасат иесі. Бұл сөздерімізді немен дәйектей аламыз?
- Ахмет баба бүкіл түркі халқының ел болып ұйысуына тікелей атсалысты. Өзі өмір сүрген кезең – біздің топыраққа Ислам дінінің негіздеп ене бастаған тұсымен дәл келеді. Жаңа дінді ел жүрегіне қалай орнықтырып, арадағы түсініспеушіліктерді дереу ақылға салып шешіп отыру да өте маңызды міндет. Дін мен ежелден қалыптасқан ел дәстүрі арасында қарама-қайшылық болмауына баба Ахмет ерекше көңіл аударған. Оған дәлел – Ахметтің сол замандарда Қорасанда өткен үлкен діни жиында ұзақ сөз сөйлеп, жергілікті халықтың тұрмыстық әдет-ғұрыптарына тиіспеуді талап етіп қоюы және оған көпшіліктің ризашылығын алуы (Осы жиынның құжаты Қорасан өлкетану мүзейінде сақталса керек). Елшіл мінез белгілерін осыдан-ақ байқауға болмас па! Түріктің атақты ақыны Яхия Кемал жазады: «Осы Ахмет Ясауи деген кім? Тереңірек зерттеп көрсеңіздер, біздің ұлттығымыздың негізін содан табасыз!». Мұндай пікірлерді көптеп келтіре беруге болады. Демек «Ахмет Ясауи және түркі халқының тарихи-мәдени тұтастығы» деген тақырыпта тиісті ғылыми-танымдық еңбектер жазылып, көптомдықтар шығару мәселесі өзінен-өзі туындайды.
- Ол барша түркі халқының жазба әдебиетінің бастауында тұрған тұлға екенін ашып айтатын уақыт жетті. Анықтай кетелік. Оның «Диуани хикмет» (Парасатты ойлар топтамасы) деген негізгі еңбегі (ғұмырнама, миғраж, т.б.) тек бір кітаппен шектелмеген, кей деректерге сүйенсек, төрт кітап болған екен. Яғни Шариғат, Тарихат, Мағрифат, Хақиқат ұғымымен байланыстыра әрқайсысы мың жолдан астам өлең түзгені айтылып-жазылуда. Осы төрт бағытты ала отырып, терең ой толғаған, халықты иманды, әділетті, адал, мейірбанды болуға шақырған. Бұған қоса өмірге көзқарас пен танымды тәспірлейтін «Миратул Кулуб» деген үлкен жазбалары да болған, оның мағынасы «Көңіл айнасы» дегенді білдіреді. Өкінішке қарай, ол еңбектері де толық емес, үзіп-жұлып қана білеміз. Міне, осындағы терең ойлары мен тұжырымдарының ұшқындары кейінірек тек қазақ емес, бүкіл түркі жазба әдебиетінің белгілі қалам иелерінің туындыларында көрініс тапты. Демек Ахмет бабаны енді бүкіл түрік әдебиетінің негізін қалаушылардың бастауында тұрған тұлға деп айту үшін жоғарыда аталған құнды жазба еңбектерінің толық нұсқаларын (бәлкім, біз естімегендері де шығып қалар) жатпай-тұрмай тезірек тауып, қазақ және басқа тілдерде кітап болып басылуына жұмыла күш салуымыз өте керек. Оған осы кезден кіріссек, тек қана ұтатын болар едік.
Ғұлама бабамыз өз заманында араб және парсы тілдерін өте жетік біле тұрса да, барлық жазба еңбектерін тек түрік тілінде (көне түрік яки оғыз-қыпшақ, т.б.) жазып қалдырған екен. Ол ғана емес, қасиетті Құран кітабындағы сүрелердің мағынасына үңіліп, оны түрікшеге түсіндіре аударып, мүриттерінің һәм жалпы мұсылман қауымының ұғымына жеңіл болу жағын қарастырған, сол үшін кейбір әсіредіншілдерден оңбай таяқ та жеген (мысалы, солардың жалғыз баласын өлтіруі, өзіне әлденеше рет қастандық жасауы, т.б.). Демек осы жерде «Ахмет Ясауи және тілге құрмет» деген арнайы тақырып та сұранып тұр, бұл бағытта да елеулі еңбектер туып жатса қандай мәртебе.
Бабаның өмірі мен халқына сіңірген өлшеусіз еңбегін жас ұрпаққа түсіндіру, жеткізу мен насихаттау жұмыстары барынша жүйелі жүргізілгені мақұл. Оның жолы қандай? Ендігі жерде Ахмет бабаның өмір жолы шынайы зерделеніп, сосын әртүрлі жанрларда (роман, поэма, драма, т.б.) әдеби-көркем шығарма жазу, ұлттық театрларымызда (драма, опера, балет, т.б.) спектакльдер қою және басқа да мәдени шаралар ұйымдастыру керек-ақ. Әртүрлі жанрлардағы үздік әрі сапалы әдеби туындыларды туғызудың бір жолы – бабаның 930 жылдығы аясында мемлекеттік деңгейде байқаулар жариялау.
Біз осы кешенді атқарылатын мәселелер бойынша іс басындағы азаматтарға ұсыныс та бердік.
Қазақтың қатардағы бір қаламгері ретінде абыз Ахмет Ясауидің өміршең тұлғасын келер ұрпаққа таныстыру және әдеби бейнесін сомдау бағытында азды-көпті еңбек етіп келеміз. 1998 жылы «Қызыр қонған Түркістан», 2000 жылы «Қасиетті мекендегі қала» атты кітаптар шығарып, соңғы жылдары «Жансарай жауһары» атты әңгіме, «Абыздың ғұмыры» атты киноповесть, «Хақ-ғұмыр» атты драма-дилогия жаздық.
Тарихи тұлғалар айналасында тарихшылар бір жақ, философтар бір жақ, былайғы әдебиетші-журналистер бір жақ болып, толассыз айтысып жатқаннан елге де, ғылымға да пайда аз.
Біз қазіргі уақытта жаңа да әділетті Қазақстан құру жолына қадам жасап отырған елміз. Елдік ұстанымның негізгі тірегі – ұлттық идеология! Ұлттық идеологиясын барынша нақтылап, мейлінше шегелеп, жас ұрпақ санасына сіңімді етіп алмайынша, ондай елдің қарыштап алға басуы күмәнділеу. Ұлттық идеология – сол елдің өткен тарихына, салт-дәстүріне, тіліне иек артуы ләзім. Әсіресе, жас ұрпаққа үлгі етер тарихи тұлғаларына құрмет жасау мен олардың асыл мұраларын кеңінен насихаттау – асыл парызымыз.
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,
филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-драматург