Елорда • 23 Қараша, 2022

Елордада салынатын жаңа нысандар

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құрылыс қарқыны бәсең­сімейтін бас қалада тұр­ғын­дарға барынша қолайлы жағдай жасауға баса мән беріліп келеді. Осы ба­ғыт­тағы жұмыстардың қата­рында жаңадан салынатын экопаркті ерекше атап өтуге болады. Бұған қоса жаңа спорт нысандары мен тағы бір Оқушылар сарайы бой көтермек.

Елордада салынатын жаңа нысандар

Кейінгі жылдары саябақ кластеріне басымдық беріліп жатқан Астанада жаңа құрылыс нысаны қолға алынады. Бұл – Кіші Талдыкөл аумағында құрылатын экопарк. Экопарктің жалпы аумағы 70 гектардан асады. Экопарк жобасы Кіші Талдыкөлде су балансын сақтай отырып, қала тұрғындарына арналған табиғи-рекреациялық аймақ құруды көздейді.

Қазір жобаның ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмысына мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұл аумақта экопарк салу қала тұрғындары мен жақын маңдағы үйлердің тұр­ғын­дарына демалуға және табиғат аясында серуендеуге мүмкіндік береді. Сол сияқты жасыл желек бойында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұры­лым салынады, оған құм-қиыршық тас қоспасын пайдалану жоспарланып отыр. Саябақтың дизайны мен оның элементтеріне ерекше мән беріледі. Қоршаған ортаға зияны тимейтін табиғи материалдар пайдаланылады, ал бұл экоурбанизм сипатына сай келеді.

Абаттандыру барысында табиғи жағдайларға, ойын алаңдарына және табиғи материалдардан жасалған шағын сәулет нысандарына көңіл бөлінеді. 12 мыңнан аса ірі ағаш пен жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Бұған қоса Кіші Талдыкөлдің ірге­лес аумағы игеріледі. Онда әлеуметтік нысандар – мектептер, медициналық орталық, тұрғын үйлер, балабақша орналасады.

Ал Талдыкөлде экологиялық инфрақұрылым мәселесіне назар аударылады. Үлкен Талдыкөл жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.

Сонымен қатар Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов спорт нысан­да­ры­ның құрылысы мен сол жағалауда салынатын тағы бір Оқушылар сарайы туралы хабардар етті.

«Елордада балалар мен қала тұр­ғын­дарына арналған бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жа­тыр­мыз. Мысалы, Алматы ауда­нын­да («Қазақстан» спорт сарайы жа­нында) жеке инвестициялар есебінен көпфунк­ционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға арналған залдар болады. Сондай-ақ аталған көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады. Ал жеке инвестициялар сомасы 5,5 млрд теңге. Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Бұған қоса жеке инвестициялар есебінен үстел теннисі орталығын («Алау» мұз сарайының жанында) ашамыз», деді әкім.

Ал жаңа Оқушылар сарайы Есіл ауданындағы Тұран даңғылынан орын тебеді. Бұның құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр. Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, гимнастика, спорттық-бал билері залдарын, шахмат, роботтехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

«Оң жағалауда Оқушылар сарайы бар. Қала тұрғындарының өтініші бо­йынша сол жағалауда Оқушылар сара­йына арналған орын бөлінді. 2023 жылы Оқушылар сарайын ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медицина­лық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. Жастар сарайында, «Толқын» СК және т.б. жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығады. Тағы екі елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Қала тұрғындарының спортпен шұ­ғыл­данып, бос уақытын пайдалы өткі­зе алуы үшін спорт және демалыс орта­лықтарының желісін әрі қарай да ке­ңей­теміз. Спорт орталықтары бұқара­лық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», деді А.Көлгінов.