Үкімет • 23 Қараша, 2022

Ауыл медицинасына – мемлекеттік қолдау

461 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Үкіметтің кезекті отырысын ашқан Премьер-Министр Әлихан Смайылов Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтты. Оның кандидатурасын парламенттік партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдарды біріктірген Халықтық коалиция ұсынған болатын және Қазақстан халқының басым көпшілігі өз қолдауын білдірді.

Ауыл медицинасына – мемлекеттік қолдау

Сайлауалды бағдарлама сапалы іске асырылады

Әлихан Смайылов елімізде өткен президент сайлауы аясында Үкімет жұ­мысының алдағы жылдарға белгіленген негізгі бағыттарын атап өтті.

«Үкіметтің алдағы жеті жылдағы негізгі міндеті – сайланған Мемлекет бас­­шы­сының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іске асыру. Эко­но­микада, әлеуметтік салада және өңірлік саясат­тағы түбегейлі өзгерістер – осы сай­ла­уалды бағдарламаның негізі», деді ол.

Премьер-Министрдің айтуынша, барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар осы мақсат үшін, яғни әділетті Қазақстан құру жолында халық­тың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмы­ла еңбек етуге тиіс. Үкіметтің жұмы­сы негізінен экономиканы монополия­сыз­­дан­дыруға, кәсіпкерлік қызметті ын­талан­дыруға және азаматтардың табы­сын арттыруға, білім беру мен ден­сау­лық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталады.

Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. Осы мәселе туралы баяндаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам (бұл ел халқының 41%-ы) тұрады. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді.

«Жалпы, медициналық-демо­гра­фиялық жағдай елімізде тұрақты. Рес­ми статистика бойынша халықтың ден­сау­лығы жақсарып, өлім-жітім 21,3%-ға тө­мендеді. Ауыл халқы денсаулығының талдауы бірінші орында 42,7% тыныс алу ағзалары ауруларынан зардап шегетінін көрсетеді, ас қорыту – 9%», деді министр.

Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, келген әрбір дәрігерге 1-2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер 3-5 млн теңгеге дейін бөледі. Жыл са­йын клиникалық бейіндегі 1 500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін қанатқақты жоба пысықталып жатыр. Осы жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 1 872 жас маман, оның ішінде ауылға 444 дәрігер бөлінді.

«Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қол­же­тімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диаг­ностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көр­сеткен «Жәрдем» және «Саламатты Қа­зақстан» екі медициналық пойызы қайтадан іске қосылды.  Ауылдағы науқастарды тасымалдау және шұғыл көмек көрсету қызметін медициналық авиацияның 33 әуе кемесі жүзеге асырады», деді А.Ғиният.

Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді, биыл 1,7 млн шақыртуға қызмет көрсе­тілді. Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адамға бағдарланған тәсіл» деп аталатын медициналық-санитарлық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізілуде. Мысалы, пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс тетіктері, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын үйрету, әмбебап прог­рессивті патронаж үлгісі, отбасын жос­парлау, ер адамдардың денсаулығын жақ­сарту, баланы дамыту кабинеттері бар.

700 медициналық мекеме салынады

Денсаулық сақтау министрі биыл Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылғанын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде – Қазақстан, Испания мен Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты.

Емханалар деңгейінде үздік тәжі­ри­белерді енгізумен қатар, көпбейінді аудандық орталық ауруханалар дең­гейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Әлемдік және отандық тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері қолданылатын Абай облысының Аягөз көпбейінді аудандық орталық
ау­ру­ханасында да стандарттарды енгізу­дің және іске асырудың ең үздік тәжіри­бесі қолданылу үстінде екенін атап өткен жөн.

Коронавирус инфекциясының пандемиясы жылдарында шектеу шараларына байланысты ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек­тің қолжетімділігі төмендеді. Осыған орай ауруларды ерте анықтау және уақтылы емдеу үшін ауқымды профи­лак­тикалық қарап-тексеру енгізіліп жатыр. Жыныстық жас құрамын, халық­тың денсаулығын талдауды ескере оты­рып, нысаналы топ пен ауыл тұрғын­дары қызметтерінің тізбесі кеңей­тілді. 20 қазаннан бастап ауылдарда про­филактикалық қарап-тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізілуде.

Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілді. Осы жылдың 4 айында 230 елді мекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша шаралар қабыл­дануда. Ауылдық денсаулық сақтау объек­тілерінің 86,1%-ы интернетке қо­сыл­ған, жұмыс орындарының 91,1%-ы
ком­пью­терлермен жабдықталған, 81% меди­ци­налық ұйым госпитальдық ақ­парат­тық жүйелерді енгізген», деді Ден­саулық сақтау министрі.

Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуға болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына түгендеу жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық нысандар жоқ екені, 400-ге жуық медициналық нысандардың жалдамалы, апаттық және іске бейімделмеген ғимараттарда орналасқаны анықталды. Ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымының тозуы 50%-дан асқаны белгілі болды.

Осыған орай Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлерде кәсіби кадрлармен және заманауи жабдықтармен жабдықталған 700 жаңа медициналық нысан ашу көзделген. Бұл ретте ұлттық жобамен 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпбейінді орталық аудандық аурухана ұйымдастыру жоспарланған.

Халықтың жасын ұзартатын ұлттық жоба

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы үш міндетті қамтиды: Бірінші міндет – фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екінші міндет – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Үшінші міндет – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.

Жобаны іске асырудың нәти­же­сінде профилактикалық қарап-тексе­ру­лердің, скринингтердің, сондай-ақ ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, маман­дандырылған және жоғары техноло­гиялық медициналық көмектің қолже­тімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған.

Мәселені қорытындылаған Әлихан Смайылов ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін атап өтті. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық кө­мек нысаны салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Сонымен қатар басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық нысандарды салу көзделіп отыр.

«Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық нысан ашылатын болады. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, Ұлттық жоба шең­берінде ауылдағы медициналық ұйым­дарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау және жаңа технологияларды жаппай енгізу көзделген. Бұл азаматтарға өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.

Ә.Смайылов ұлттық жобаның аса маңызды қырларының бірі – кадр тап­шылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызмет­кер­лерінің біліктілік деңгейін арттыру екенін айтты. «Өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуға тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек», деді Премьер-Министр осы мәселеге орай.

Ол жобада көзделген барлық шара ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Суды үнеммен пайдалану қажет

Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөнінде арнайы мәселе қаралды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, биыл барлық тартылған судың шамамен 11,6 текше шақырымы тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн гектарды (ел бойынша 73%) құрады.

Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 шақырымдық магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды қайта жарақтандыру және механикалық тазарту жұмыстары жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалануға 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың гектар ауданда су үнемдеу технологиялары қолданылды.

Бүгінгі таңда 2023 жылғы веге­та­циялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.

Аталған мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қара­шөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Ә.Смайылов еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығына қажетті судың жеткілікті болуына тікелей байланысты екенін айтып өтті. Себебі бүгінде тұтынатын судың жартысынан көбі аграрлық секторға тиесілі.

Оған қоса, АӨК-ті сумен қамтамасыз ету су жетіспеушілігіне байланысты жыл өткен сайын қиындай түсуде. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Мәселен біз көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз, осыған орай біздің өңірде судың аз жиналуы байқалады. Екіншіден, каналдардағы судың шығыны жоғары. Суды үнемдеу технологиялары да жеткіліксіз.

«Осыған қарамастан қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтті. Көрші мемлекеттердің су қойма­лары­нан қосымша су жіберілді. Сумен қамта­масыз ету нысандарында қажетті техни­калық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыс­ты әрі қарай жалғастырып, келесі вегета­циялық кезеңге арналған жос­парларды бекітудің маңызы зор», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісім­дерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қойма­ларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыс­тарын күшейту, суармалы жерлер­де су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгі­зуді ынталандыру керек екенін айтты.

«Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек», деді Ә.Смайылов.

Сөз соңында Үкімет басшысы жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.