Таным • 23 Қараша, 2022

Шалва ұстаздың дәрісі

339 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қазақстанның аға және орта буын мұғалімдері арасында кеңестік саяси қуғын-сүргін жылдары Грузияда туып, «жылымық» тұсында педагогика саласына тың ойлар алып келген КСРО ПҒА академигі, психология ғылымдарының докторы, профессор Шалва Амонашвилиді білмейтіндер кемде-кем. Оның ғылыми ізденістері 80-жылдардың аяғында кең насихатталды. Сенімге, сүйіспеншілікке, шынайы жетілуге қатысты тұжырымдары әлі де өзекті. Академик осы бағытта 30-дан аса монография, эссе, оқулық жазыпты. Бүгінде 90-ның төріне шықса да тың, күрделі қоғам туралы айтары да аз емес.
Педагогика абызы Шалва Амонашвили елімізге талай рет келіп, дәріс оқыған. Биыл 14 мамырда республикалық «Senimen Bolashaq» ата-аналар қоғамдық бірлестігінің шақыруымен Алматыдағы алқалы елдік жиынға қатысты. Елеулі ой-ұсыныстарын ортаға салып, Қазақстан педагогтерінің ықыласына бөленді. Осы тарихи кездесу-дәрістің куәсіндей таяуда «Senimen Bolashaq» ҚБ академик Ш.Амонашвили «Ізгілік педагогикасы» атты еңбегін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсынды («Саналы ата-ана академиясы», 2022).
Төменде оқырмандардың өтінішімен Шалва ұстаздың Алматы дәрісі жазбасынан және аталған кітабынан үзінділерді жариялап отырмыз.

Шалва ұстаздың дәрісі

Мектеп те – имандылық үйі

Біз өзіміздің мұғалімдер кеңесінде неге ешкімге керегі жоқ, жауабы дайын мәселелерді талқылаймыз? Басқа өмірлік маңызды нәрселер тұрған жоқ па? Біз өзімізді өзіміз ғана емес, оқушыларды да тұншықтырамыз-ау. Күннен-күнге мектепте күлімсіреуіміз азайып барады. Жарқын жүруді мүлде тоқтатуға жақынбыз. Бәріміз – ақылды адамбыз, ең соңғы күлімсіреу жоғалса, білім кеңістігінде не болады?

Физика пәнінің мұғалімінен сұраңызшы, мектепте онсыз да аз күлімсіреу секілді жердің тартылыс күші жоғалса, планетамыз бен бізге не болатынымызды?.. Немесе биология пәнінің мұғалимасы айтсын, балаларға күлімсіреуден бас тартқанымыз секілді, клеткалар зат алмасу үдерісін тоқтатса, ағзамызда не болатынын?

Мұғалім күлімсіремесе, мектеп жанал­ғышқа айналады. Онсыз балалар сусыз және күнсіз қалған гүлдер секілді. Балаға құрғақ ақыл айтумен, тәртіпті жалаң қайта­лаумен, ұрысумен, жазалаумен, екілік қоюмен, ата-аналарын шақырумен айналысатын қожыраған педагогика талай ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз шыр айналумен келеді. Әріптестер, біздер тұн­шығудамыз, байқамайсыздар ма? Біздің шәкірттеріміз тұншығуда! Тұншығудамыз және тұншығуда, себебі біздер білім кеңістігінің экологиясын бұздық. Ол дөрекілікке, басып жаншуға, қорқытуға, мысқылдауға, ашуландыруға, әкіреңдеуге, зекуге, тыйым салуға төзбейді. Осының бәрі балаларға, оқушыларымызға, олардың игілігіне емес, зиян келтіруге бағытталған.

Білім кеңістігі – Құдайдың үйі, ол – қасиетті. Жұрт ғибадатханада айқайлауға, дөрекілік танытуға, келеке қылуға болмайтынын жақсы біледі. Мектепте де бәріміз рухымызға терең үңілуге және жүрегімізбен күлімсіреуге тиіспіз.

Білім кеңістігі де – ғибадатхана, иә, сіздерше – мешіт! Бұл жер – баланың Құдай берген қабілетін ашатын қасиетті орын. Оны жүзеге асырушы – біз, мұғалім­дерміз. Былайша айтқанда, «Құдайдың қызметшілеріміз». Ал баланың қабілетін ашу тек қана махаббатпен, рухани сүйіспен­шілік­пен, жүректің күлімсіреуімен жүзеге асады.

Әркім тазаруды өзінен бастамаса, мектеп өмірі де тазармайды. Еккен оруы, берген алуы тиіс.

Бірақ ертең не орамыз, не аламыз?

* * *

– Сен тағы да үй тапсырмасын орында­мағансың ба?

– Сізге түсіндіріп айттым ғой...

– Сыныптан шық!.. Әкең келетін болсын!

– Сізге түсіндіріп айттым ғой...

– Сыныптан шық деймін!

– Сізге түсіндіріп айттым ғой...

– Сен саңыраусың ба?.. Сен керең ғана емес, оған қоса меңіреусің...

Шық деймін, естіп тұрсың ба?

– Неге маған дөрекі сөйлейсіз? Сізге түсіндіріп айттым ғой...

– Ондайды сүйген қызыңа айтасың... Кет аулақ, сыныптан шық...

Мұғалімнің бозбаланы қыздардың көзінше осындай одағай сөздермен жекуі жаман ұят батпағына батырды. Ол ұстазға ызалана қарайды да, бетіне бір түкіргендей, сыныптан атып шығады.

Оны дереу қуып жетіп, тоқтатуға тиіссіз! Сіз кезекші мұғалімсіз бе? Коридорда жүгіре қашқан балаға көмектесіңізші, өтінем. Ол өзін өте нашар сезініп тұр, оны қорлады, ең жанды жеріне тиді. Ол қатты ашынып барады. Адамдық танытып, мейі­рімділік көрсетіңіз.

– Тоқта, кәне! – Қашқанның артынан кезекші мұғалім айқайлайды. – Тоқта, кімге айтып тұрмын!

Неге дөрекілік көрсетесіз, кезекші ұстаз? Одан да соңынан жүгіріңіз, мейірімділік танытыңыз. Ол, бәлкім, мектептің болашақ мақтанышы шығар. Болашақ ұлы ғалым болар... Кезекші мұғалім, құтқарыңыз оны!

– Жынды! – айқай салады кезекші мұғалім. Сыныптан сүйкімді қыз жүгіріп шығады, қашқан жігітті қуып жетпекші. Кезекші, оны тоқтатпаңыз, ол қашқанды қуып жетсін, әңгімесін айтсын, тіл табыссын, бұл – оны құтқаруға тигізген септігіңіз!

Кезекші мұғалім оны жасамайды, қыздың жолын кес-кестейді. Директорға қарай сүйрелейді.

Ал жасөспірім көшемен жынды адамдай жүгіре безіп келеді.

 Ең болмаса әрі-бері ағылып өтіп жатқандардың арасынан Құдайға қараған бір адам баланы тоқтатып, оның жаралы жан дүниесін ұғуға тырыса ма екен? Жоқ, ондай да табылмай тұр. Баланың есіне мұғалімнің өзіне көрсеткен дөрекі қылығынан қатты жәбірленіп, қорланғаны түсе береді...

– Жынды адамдай сенделіп, көшеде қалай жүруді де білмейді! – Балаға өтіп жатқандар осылай күңкілдейді.

 Бала жүгірген күйі дәріханаға кіреді. Ақ халатты әйел, провизорлық кәсіптен бұрын сіз адамсыз ғой, ендігі бар үміт өзіңізде! Оған чек жазуға асықпаңызшы, сұраған дәрі-дәрмегін бірден бере салмай, әр нәрсені сылтауратып, жағдайын біліңізші. Дәрігерсіз ғой, оның көзіне қараңызшы, неліктен оған сонша көп дәрі керек болып қалғанын түйсігіңізбен ұғыңызшы.

– Бес бума! – деп дәріханашы баланың сұрағанын қолына ұстата салды. Оған адамды құтқарудан бұрын сатуға қойылған дәріні тезірек өткізу маңыздырақ.

Бала өз үйінің подъезіне ентіге басып кіреді.

Баспалдақтан төмен түсіп келе жатқан көрші, ендігі бар үміт сізде! Көріп тұрсыз ғой, өз балаңызбен жасты оқушы сабақ уақытында үйіне ерте келе жатыр. Жүзіне қарадыңыз ба, бір нәрсеге тастүйін бе­кін­­гендей! Енді оны алдағы бәледен құт­қаратын – жалғыз сіз ғана! Бұрын еш­қашан ешкімге дөрекі мінез көрсетпеген, әрқашан көршілермен сыпайы амандасып өтетін бала бұл жолы сізді қағып өтті ғой. Онысына кешірім де сұраған жоқ. Бұрын мұндайын ешкім байқамаған. Кейін өзге көршілермен бірге сол күні оның мұғаліммен ерегесіп қалып, ұстазы қыздардың көзінше балағаттап- қорлағанын естіп, өзіңіз куә болған баспалдақтағы кездесуді әңгіме қылып тұрмай, сол сәтте оны құтқарып қалуға мүмкіндігіңіз болғанын мойындайсыз ба? Ендеше, қазір соңынан жүгіріңіз, бөгеңіз, әңгімеге тартыңыз, оны жалғыз қалдырмаңыз!

– Соқыр болып қалдың ба? – деп міңгірлейді тыжырынған көрші. – Әлде есіңнен адастың ба?

Бала өз пәтерінің есігін ашады. Қалам­сап­пен қағазға: «Кешір мені, мама! Әрі қа­­рай бұлай өмір сүргім келмейді», деп асы­­ғыс жазып, онысын үстел үстіне қалды­рады.

Құдайым-ау, бір жан баласы сол сәтте ең құрығында телефон соғар ма еді... Әрине, балаға күш көрсеткен мұғалім оны істемейді. Баланың артынан жүгірген қызына: «Сен де соның артынан құры, кет!» деп, сосын басқа оқушыларға: «Осымен құтылам дей ме... Мен әлі мұндайларға көрсетемін!» деп сыныпты қуырып жіберген адамнан не күтесіз? Селсоқ кезекші мұғалім де телефон соқпайды. Баланы қуып жіберді ме? Дұрыс істеген! Өзіне сол керек! Сөйтіп, баланың артынан қуған қызды күштеп директорға апарады. Ең болмаса сол жанашыр қыз кезекші мұғалімнің қарулы қолынан сытылып шығып, баланың артынан қуып жетіп, өзінің сүйетінін айқайлап айтар ма еді?..

Ешкім телефон соқпайды, ешкім есік қақпайды, ешкім шақырмайды. Балаға, шынында, дүние бос. Ол өз бөлмесіне кіреді. Осында ол соңғы үш күнді бақытты күйде ұйықтамай өткізген. Бала ғашығын ойлап, неше түрлі қиялға батқан. Ол өз жасаған аспаптарға қарап күлімсірейді. Осы аспап бірнеше жыл өткен соң өз атымен аталатынын, әрине, білмейді. «9-сыныптың оқушысы бұдан да ұлы жаңалық ашуға да­йын­далып жүр еді» деп өзі туралы жұрттың айтатынын да болжай алмайды. Креслоға отырып, жаңа сатып алған дәріні уыстап аузына салады. Сәлден соң есін жоғалтады. Арғы жағы – мәңгілік ұйқы... Жан азасы!

* * *

пва

О, ұлы күлімсіреу!

Статистика өзінің «орта есеппен» дейтін қазыналық тілінде былай дейді: күн сайын орташа есеппен он жеті оқушы мұғаліммен, ата-анамен арадағы кикілжің кесірінен өзіне-өзі қол салып өледі. Орта есеппен күн сайын жүздеген ұл-қыз педагогтердің дөрекі және қатыгез қарым-қатынасынан балалар үйінен қашып кетеді. Орта есеппен мыңнан астам жасөспірім күн сайын ата-аналары мен туыстарының қатыгездігінен үйінен қашады. Орта есеппен күн сайын...

О, ұлы Жаратқан!

Бізге, Жер планетасының бар­лық мұға­лім­деріне мейірім мен сүйіспен­шілі­гіңді дарыта гөр! Мектепке кірер алдында біздің күнделікті өмірімізді барлық келең­сіздіктерін қорғауға көмектесе гөр! Мек­тепте қараңғылық пен түнекке қарсы педагогиканың шуағы салтанат құруына бізді шабыттандыра гөр!

Қасиет неден басталады?

Биік таудың бөктерінде самарқау жатқан бір ауыл бар еді. Самарқау болатыны оның тұрғындарының бейжайлығынан емес. Қоршаған әлемнің ол ауылға самарқау қарағандығынан. Ауыл адамдары бір атаның баласындай тату тұратын. Кішілері үлкендерін тыңдайтын, еркектері әйелдеріне құлақ асатын. Олар өкпелесу, ренжу, кесірлену, көре алмау, қызғану, әлімжеттік секілді жаман қасиеттерден ада еді. Ондай түсініктері мүлде болмағандықтан, әлгі сөздерді де ешқашан қолданбайтын. Олардың бәрі өмірге туғаннан күлімсіреп келіп, қайтқанша күлімсіреумен ғұмыр кешіп жатты. Әркім өз шаруасымен көңілді де бақытты өмір сүретін. Ешқайсысы табиғат заңын бұзбайтын, жануарлар әлемімен де, өсімдіктер әлемімен де керемет үйлесімді сақтайтын. Кешке бәрі от жағып, алау басында жұлдыздармен сырласатын. Аспан әлемін тамашалап, әрқайсысы әр жұлдызды меншіктейтін. Жұлдыздар арқылы ғарыш заңын ұғынуға ынтығып, өзге әлемдермен байланысты өмірді барынша білуге тырысатын.

Бір күні ауылда бір бейтаныс адам пайда болып: «Мен мұғаліммін!» деді. Жұрт басқа жақтан келген адамға қуанып, балаларына маңызды білім үйрететін болды деп бір-бірінен сүйінші сұрады. Жақсы үмітпен қатты сенді. Олар тек бір нәрсеге – мұғалімнің жүзінде титтей де күлімсіреудің белгісі жоқ екеніне таңғалды. Мұғалім түнеріп жүретін.

Сонымен мұғалім балаларды оқытуға кірісті. Уақыт өте берді. Бір күні үлкендер балалардың бұрынғыдан өзгеріп кеткеніне таңғалысты. Олар өзара таласып, сәл нәр­сеге ашуланшақ болып, әлсіздеріне әлімжеттік көрсетіп, бір- бірімен кәдімгідей төбелесетінді шығарды. Кездескен жерде бірін-бірі масқаралап, келеке, әжуа қылатын. Жүздері бұрынғыдай күлімсіремейтін.

Ауылдың аңқау адамдары мұғалімге қатты сенгені соншалық, мұның бәрі өзге өркениеттен келген шығар десті. Мұғалім бұрын бізге белгісіз өнегелі де өнерлі білімді балаларымызға жақсылап үйретіп, заманауи өмір сүруге бейімдеп жатыр деп ойлады.

Арада бірнеше жыл өтті. Балалар өсіп, самарқау ауылдың тірлігі жанданады. Жерді қалай пайдалануды, оны тиімді игеруді үйреніп, ауыл адамдарында жекеменшік көзқарас пайда болады. Жастардың жұлымырлары әлсіздерді ығыстырып, құнарлы жерін тартып алуға әдеттенді. Жұрт бір-біріне сенбейтінді шығарады. Баяғыдай аспанға қарап жұлдыз санау, өсімдік әлемінің сырын, сайраған құстың тілін ұғу ұмытылды.

Ауылда біртіндеп үй сайын телевизор, компьютер, ұялы телефон, автомобиль қоятын гараж пайда болды. Жұрт сыпайы күлімсіреудің орнына дарақы күлетінді шығарды. Баяғы нұр шашып тұратын жүздер біржола жоғалды. Ал сол бойы күлімсіремей кеткен мұғалім «қияндағы тау етегіндегі қаймана ауылға алғаш өркениетті мен әкелдім» деп мақтанатын еді...

Сенім мен түсіністік айқындылығы

Ұстаз Михаил Михайлович туралы айтар әңгіме көп. Соның бірі Богдан туралы. Ол кезде ұстаздың шау тартқан кезі. Тағдырдың жазуы сол – ұстаз жертөледе тұратын. Бірақ ол балаға үйретуге жер таңда­майтын. Богданды Михаил Михай­лович саябақта байқап қалады. Бала құм­дағы таңғажайып эскиздерге қызыға қарап тұр екен.

Ұстаз оған:

– Мен сені білетін тәріздімін, – деді.

– Мен де сізді танимын. Сіз – мен оқыған мектептің мұғалімісіз.

– Ал, балам, сен қазір қайдасың? Онда көрінбедің, басқа мектепке ауыстың ба?

– Жоқ, мен мектепті тастап, үйден де қашып кеттім, – деді бала.

– Ал қазір немен айналысасың? – деп сұрады ұстаз.

– Ештеңемен... Кезбемін... – деп жауап берді бала.

– Мен өзің жайлы естіп едім. Сонымен, сен жоғалған Богдан деген бала болдың ғой?

– Иә, бір ай болды…

– Полиция өзіңді шарқ ұрып іздейтінін білесің бе?

– Жоқ! – деп бала үркіп қалды. – Егер олар мені тауып алса не істейді?

– Не істеуші еді. Ата-анаңа, сонан соң мектебіңе апарады, – деді ұстаз.

– Үйге де, мектепке де барғым келмейді.

Бала қария мұғалімге сеніп, ішіндегісін жайып салды. Қысқасы, олар дос болды, Михаил Михайлович оған жертөледе бірге тұруды ұсынды.

Баланы үйіне не балалар үйіне апару жанын жаралайтынын ұққан ұстаз әзірге өзімен бірге қалдыруды жөн деп санады. Басқаша қалай шешуге болатынын да білмеді.

Олардың таңғажайып өмірі басталды. Олардың өмірі шынында ерекше еді.

Таңмен таласып дәріс басталатын. Әуелі әлемдік балалар классикасын, көбіне көркем әдеби классиканы оқиды. Оқиды да ой жүгіртеді. Пікірлеседі. Содан кейін математикаға отырады. Бала ерекше қабі­летті болып шықты. Бара-бара тіпті алгебраның деңгейіндегі қиын есептерді талқыға салатын болды. Кешкісін олар қиялға беріліп, небір тұңғиық тақырыптарға, пәлсапаға кетеді.

Ұстаз баланың жазу машығын арттырды. Мен Богданның өз отбасы туралы жазған ғажап шығармасын оқыдым. Бұдан бөлек екеуінің ең сүйікті пәні физика еді. Олар физика туралы пікірлесуден жалықпайтын. Иә, баланың физикадан таланты адам таңғаларлықтай-тын. Оның кванттық физикадан өзіндік көзқарасы болды. Басқа да негізгі теорияларды өзінше пайымдайтын. Михаил Михайлович айтады: «Мен оны 3-4 ай оқытқанда байқағаным: кімнің кімге мұғалім болғаны еді. Мен одан көп нәрсе үйрендім. Екеуміз бір-бірімізді ұстаз тұттық, бір-бірімізден көп дүние үйрендік».

 Иә, Михаил Михайлович нағыз ұстаз еді. Богдан оны тек «Ұстаз» деп қана атайтын. Оны сүйетін, оған кәміл сенетін, ерекше құрмет тұтатын.

Ұстаз – оған өмірдің өзі еді. Шын айтам, ұстазсыз оның таңы атпайтын. Өмірін ұстазсыз елестете алмайтын.

* * *

Осы Михаил Михайлович мектептен кеткеннен кейін балалар жетімсіреп қалғандай күйге түсті. Ал ол өз өмірін ойламай, балалардың көңілін, ең бастысы ұстаздық миссиясын жоғалтып алғанына қайғырды. Жетекшілік еткен 6-сынып оқушылары келесі күні үйіне келіп, оны тастамайтындарын және онымен үнемі кездесуді қалайтындарын айтты.

Әуелі ол балаларға «Мұндай әуре-сарсаңға түспеңдер. Басқа ұстаздарды құрметтеп, сабаққа ден қойыңдар», деп кеңес берді. Кейін бұл іске ата-аналар араласты. Олар Михаил Михайловичті құрмет­тейтін, оған сенетін. Олар ұстазды бала­лардың өтінішінен бас тартпауға көндірді.

Мектеп басшылығының ашуға мінетінін ескеріп, мәселені құпия ұстауға шешім қабылдады. Бір баланың жеке кеңсесі бар кәсіпкер әкесі «жасырын мектепке» техникамен, жиһазбен жабдықталған залды ұсынды. Михаил Михайлович оқушыларға қосымша дәріс-кездесуі ата-аналардан еш ақы алмайтынын айтты. Осы шарт қатаң сақталғанда ғана балалармен ұдайы кездесуге болатынын баса ескертті. Иә, сол кездегі 6-сынып оқушылары бүгінде 10-сыныпта оқып жүр. Осы төрт жыл ішінде олар үнемі, аптасына екі рет, дәлірек айтсақ, жұма, сенбі күндері әлгі кәсіпкер ата-ананың кеңсесінде тәлім сағатын өткізіп жүрді.

Бұл не тәлім десеңізші?

Мұнда бір ұстаздың жаңа мектебінің қайталанбас моделі қалыптасты. Михаил Михайлович өз шәкірттерінің рухани-адамгершілік және танымдық дамуының арнайы бағдарламасын әзірледі. Оны ата-аналарымен бірге талқылап, ұсыныс-тілектерді қабылдады.

Кездесулер басталды.

Балалар өмір мен мораль, рухани әлем, адамның тағдыры, Құдай, махаббат, жомарттық пен тектілік, риясыз өмір, болашақ туралы... – жалпы көп нәрсе туралы сабақ алды. Мұғалім әр бала­ның дүниетанымын өмірдің мағынасын анықтауға бағыттай алды, әркімге өмірде өз жолын, өз миссиясын іздеуге көмектесті. Балалар философиялық кітаптарды оқуды үйренеді, 8-9 сыныптарда Сократ, Бердяев, Мамардашвили сынды философтар еңбегімен танысты.

Олар ғылыми танымдарын кеңейтті. Симпозиумдар мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылды, тың жаңалықтарды талқылады, түрлі ғылыми тақырыптарға дәрістер дайындады, пікір таластырды. Әрине, мұғалімнің нәтижеге құрылған ішкі ой-ниеті, есебі бар: балалардың ойлау машығын, рухани ұғымға сүйене отырып тұжырым жасауын дамытты. Балалар табиғат заңдарын, әлем құрылымының үйлесімділігі мен сұлулығын химия, биология, физика, т.б. ғылымдарға сүйеніп білуге тырысты. Сонымен бірге бұл заңдардың адамның рухани әлемімен байланысын анықтады. Олар тек білім мен логиканы ғана емес, сонымен бірге сезімталдықты, болжауды, байқауды қажет ететін тапсырмалар мен мәселелерді ойлап тапты.

Балалар достық пен адалдықты үйреніп, қызғаныш, жеккөрушілік, тәкаппарлық, дұшпандық сезімдерінен арылуға тырысты. Ұстаз махаббат негізінде отбасын құруды, ана мен әке болуға дайындалуды, отбасында балаларды адамгершілікке тәрбиелеуді таныстырды. Басқалармен, ата-аналармен, мұғалімдермен, бір-бірімен, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас мәдениетін түзуді үйретті.

Бұл кездесулер әркімнің өзін дәлел­деуіне, таланты мен ерекше қасиетін көрсетуіне мүмкіндік берді.

* * *

Ойланыңыздаршы, сыныпта ұлы тұлға­лар отырған шығар. Біз оларды қанша­лықты танимыз? Қаншалықты тануға тырысамыз?

Біз бала жанын қаншалықты терең түсінеміз? Күніне неше тұлға танимыз? Немесе күніне неше шырақты өшіреміз? Ұстаз шырақты сөндіру үшін емес, тұтатып, алаулату үшін жаралған жоқ па?

Иә, баламен жұмыс істеуден асқан бақ не бақыт бар ма?..

Қалай ойлайсыздар, бала пәнді қай кезде игереді? Сіздер ережелерді керемет түсіндіргеннен гөрі, баланың талпынысын демегендеріңіз әлдеқайда пайдалы. Олардың қанатына қанат, жігеріне жігер қоса біліңіз. Ұстаздың ұлы міндеті  осы. Жұмысыңыздағы шынайылық сізге ғаламат нәтижелерді көрсетеді. Сіз оқу­шы­ларыңыздың ерекше шығармашыл тұл­ға екеніне көз жеткізесіз. Олардың өзара қарым-қатынасына да таңданасыз. Алайда сол ұлы нәтижелердің бәрі сіздің жаттанды тәрбиеңізден емес, рухани таным мен адамгершілік әлемінің қақпасын көрсетіп, жол нұсқағаныңыздан болды.

Бұл – айқын шындық.

Біз ұстаздықтың шыңын бағындыруды армандаймыз. Педагогиканы сүйіспеншілік әлеміне айналдырып, өміріміздің мәнін арттырғымыз келеді. Біз үйрету сынды ұлы істің төте жолын іздейміз. Бірақ одан гөрі маңыздысы – «әрі қарай не істеу керек?» жолын қарастыру.

Михаил Михайловичтің педагогикалық өмірін тереңірек түсіну үшін оның мектеп­тегі соңғы он бес жылдық жұмысындағы кейбір оқиғаларды еске түсіру керек. Мен бұл туралы үш дереккөзден білдім.

Алғашқы дереккөз – оның қызметіне куә болған адамдармен әңгімелесу еді. Екінші дереккөз – ұстаздың бұрынғы оқушылары мен ата-аналарының әңгімелері. Үшінші дереккөз – ашық интернет. Онда мен оның педагогика және физика туралы мақалаларын, оған жасалған сілтемелерді таптым. Содан оның мұғалім-ойшыл, ғалым-физик екенін жазбай таныдым.

Шын ұстаз мектепке, қоғамға адамдық пәлсапасының «жарғысымен» келеді. Ата-ана, әріптес оны ұғынуға тырыспай жатады. Ал ұстаз балалармен қоян-қолтық араласып, бақыттан басы айналғанда, баршаңыз алаңдайсыздар.

Мысалы, аталған мұғалім педагогикаға физиканың ғылыми әлемінен, дәл айтсақ, толықтыру қағидасымен келді. Нильс Бор бекіткен толықтыру қағидаты – физиктер үшін іргелі ұғым. Бұл ұғым Михаил Михайловичке білім мәселелеріне мүлде басқа қырынан қарауға көмектесті. Мұны физиктер «қарама-қарсылық – толық­тырудың мәні» дейді.

Бірде осы ұстаз маған мынадай оқиға туралы айтты. «Нильс Бор: «Бір мезетте махаббат пен әділдіктің көзімен қарауға болмайды», депті. Ол мұны кінәлі ұлын жазалай алмағанда ұғыныпты. Ғалымнан: «Ақиқат ұғымын толықтыратын не бар?» деп сұрағанда, ол: «Айқындылық!» деп жауап беріпті».

Бізге мектепте де, қоғамда да, өмірде де айқындылық қажет. Оны ұғындыратын, мәнісін түсіндіретін – мұғалім.

 

Әзірлеген

Айтуған ДОСБИ