Медицина • 23 Қараша, 2022

Мектеп медицинасы: Іс-шаралар ауқымы

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Балалар денсаулығы – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Балалар жеңілдік санатына кіреді және мемлекет есебінен МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Балаларға Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдар тегін медициналық қызмет көрсетеді. 2022 жылы мектеп медицинасына шамамен 26,1 млрд теңге қарастырылған.

Мектеп медицинасы: Іс-шаралар ауқымы

Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бо­йынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тіке­лей мектептерде, балабақшаларда, ша­ғын орта­лықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балалар­ға медициналық қызмет көрсетуді көздейді.

Бұрын мектеп медицинасы учаске­лік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесін енгізу арқылы ол жеке ұстаным ретінде бөлек қарастырылды. Бұл мектеп жасын­дағы балаларға арналған алдын алу ша­раларының кең ауқымын қамтуға мүм­кіндік береді. Яғни бұл медицинаның осы бөлігіне – сырқаттың алдын алу үшін толықтай тексеруге, қандай да бір сыр­қат анықтал­ған балаларды дер кезін­де «Д» есепке алуға, барлық стандарт­тың сақталуын бақылауға, т.б. ерекше на­зар аударылады.

Осы жылы қор білім беру ұйым­­да­рында медициналық қызмет көрсету­ге еліміз бойынша 436 емханамен ­26,1 млрд теңгеге жуық сомаға шарт жасаған. Салыс­тыра қарасақ, 2021 жылы 430 меди­циналық ұйым қызмет көрсетті, шарт­тардың құны 22,2 млрд теңгені құрады.

Мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қа­жетті медициналық қызметтермен қамтама­сыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе бала­бақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Бұл үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған каби­неттері бар арнайы қызмет құрылады. Профилактикалық тексеру немесе вак­циналау жүргізу үшін мектепке немесе балабақшаға тиісті про­фильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын ала жоспарланады және ата-аналарға алдын ала хабарланады.

«Мектеп медицинасы бөлімшесі­нің міндеттері мен маңызды бағыт­тары­ның бірі – бөлімше қызметінің жұмысын ұйымдастыру. Шынында да, мектепке дейін және мектеп жасында балалар­дың саламатты өмір сүруі қалыптасады, ­олар ортаға бейім­деледі, баланың денсау­лығы күше­йеді немесе керісінше, төмен­дейді. Мектеп медицинасы бөлімше­сі­нің жұмысы осындай жағдайларды бақылап, денсаулық жағдайындағы жағымсыз үдерісінің дамуын болдырмау үшін ұйымдастырылған. Білім беру мекемелерінің оқушылары мен тәрбиеленушілерін медициналық көмек­пен қамтамасыз ету балалар емха­на­сы­ның мектепке дейінгі – мек­теп бөлім­шесіне жүктелген. Бұл бө­лімше бала­лар емханасының барлық басқа бөлім­шелерімен тығыз байланыс­та жұмыс істейді. Мектеп медицинасы бөлімшесінің құрылымына білім беру мекемелеріндегі медициналық кабинеттер кіреді. Біздің емхана аумағы бойынша бөлімшеде 16 мектеп пен 10 мемлекеттік балабақша бар», дейді Астана қаласындағы №9 емхананың мектеп медицинасы бөлімшесінің меңгерушісі Азамат Мыңбаев.

Мектеп медицинасының тари­фіне ­вакциналау, жыл сайынғы профи­лак­ти­ка­лық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында жүргізетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ оқу орнындағы дәрігерлер балаларға саламатты өмір салтын ұстану жөнінде іс-шаралар өткізеді. Егер про­филактикалық тексеруде патоло­гия анық­талса, онда бала тіркелген жері бо­йынша емханаға тереңдетілген меди­циналық тексеруге жіберіледі. Бала­лардың вакциналау ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойын­ша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.

Осылайша, мектеп медицинасы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамта­масыз етуге ­жә­­не қажет болған жағдайда уақтылы ал­ғаш­­қы көмек көрсетуге мүм­кіндік береді.