Руханият • 24 Қараша, 2022

Жақсының көзіндей жайдары ән

469 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Концертіміз осымен аяқталды» дейтін еді ғой әдетте. Концерт аяқталады, ән мен күй аяқталмайды, бірақ. Біреудің жүрегінен шыққан сәуле біреудің жүрегіне от болып түсе ме, шоқ болып түсе ме, әйтеуір тыңдағанның жанын қозғай алса, өнер иесінің парызы өтелгені де. Демек ән жарыққа шығып, көпшілікке жария болғасын, сүйіп қалған демей-ақ қояйық, сол туындыны ұнатып қалғандардың жанында, көңілінде жасай беруі бек мүмкін.

Жақсының көзіндей жайдары ән

Бір тыңдап есінде қалып қойды бар ғой, сол жетеді. Қуанғанда, жабыққанда жалғыз қалып ыңылдайды да жүреді. Автордың иелігіндегі дүние дегенімізбен, кез келген туынды жеке өмір сүруге әбден қақылы және оны ұнатқан адам түрлендіріп өз жүрек қағысына түсіріп алуы кә­дік. Сізден сұрамайды. Тұсауын кесіп жіберген соң, ие болу қиын. От пен суға өзі барып түскенімен қоймай, автордың өзін аң-таң қылып қоюы бек мүмкін.

Тура сол сияқты, адамзаттың мекеніне айналған атақоныс, туған жерінің былайғы өмірі өз алдына, бастысы – оның туған перзенттерінің жан-жүрегінде өмір сүргені әлдеқайда маңызды. Әнге, күйге, жырға айналып жүректерде өмір сүргені қандай ғаламат! Сондай себептерден туған, біз білетін сәулелі туын­дылардың бірі – «Есіл мен Нұра – егізім» әні. Есіл мен Нұра, Еділ мен Жайық, Шу мен Талас, Сыр мен Әмудің әнге арқау болмағаны кем де кем. Аталғандардың арасында біз ен салып отырған «Есіл мен Нұра – егізім» әні бертінде, екі мыңыншы жылдардың басында туған жас туынды десе болғандай. Серік Ақсұңқарұлының сөзіне жазылған Есжан Әміровтің бұл әнін басынан Гүлмира Сарина шырқап жүр. Әншісін тапқан туын­ды! Көк гауһардай түрленіп, қараған жағыңнан жалт етеді әуен ырғақтары. Гүлмира Сари­наның орындауында бұған дейін халық әні «Әупілдекті» тыңдап «дәніккен» едік. Сүйген жарға жетпеген жанның туған жерге, Әупілдекке шаққан зары. Мына «Есіл мен Нұра – егізім» ел мен жерге кіндігі байланған жұрттың жүрекжарды лебізіндей. Ашық, асқақ сезімдер атой салады. Арқа төсіндегі қос өзенді арқау еткен туындыдан мерейі асқан елдің үні естіледі. Әуені де халық әндерінің иіріміне келеді, ырғаққа бай, қою, нақысты шық­қан. Әннің әрбір тәтті нүктесін тауып, қыртысын жазып сөй­лете білген әншінің сезімтал кеуде­сінен көтерілген дауыстың сұң­қылы тіптен құлпыртып жібер­ген туындыны. «Егіздей Есіл мен Нұраның ағысы» деп бас­талғанда, жарықтық судың сыл­дыры естілерін қайтерсіз? Есіл мен Нұраның ағысты, сұлу аймақтарын көргендер осы әнді тыңдасын дер едік.

«Егіздей Есіл мен Нұраның ағысы, Екі аққу секілді қанатын қа­ғысы» деп ән айдыннан қанатын баяу қағып көтерілген қос аққудай байыппен ғана бара жатады да, кенет екеуі ауада вальс билей жөнелгендей құбылады әуен. Немесе айдында баяу қалқып жү­ріп, кенет екеуі шаттықтан билеп кеткендей әсерге көмеді. Бабы­мен жүзген әуеннің жайлы ағысын қапысыз сезінесіз тағы. Ком­позитор Есжан Әмір туын­дысы туралы сырын былай ақтарады:

«Қайбір жылдары Нұраның бойында сол кездегі Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовпен дастарқандас болудың сәті түсе кетті. Ол кісіні менің тұңғыш тануым болса керек. Анандай жоғары лауазым иесі бола тұра, дастарқан басында, ел ішінде, тіпті бейтаныс жандар арасында өзін емін-еркін ұстайды екен. Емін-еркін дегенде, елмен емен-жарқын араласа кететін қазақы болмысты байқадым. Арасында жаутаңдап күлгені, жаудырап қарағаны, кісіге бауырмалдығы мені қатты қайран қалдырды. Риясыз, ашық-жарқын әрі қара­пайым көрінді. Сондай бір жақсы жайда Нұраның бойын жағалап біраз жүрдік. Бұрыннан көріп-біліп жүргенімізбен, бұл өзеннің біз біле бермейтін сұлу да көркем жерлері көп екеніне сонда көзім жетті. Үлкен дариядай елестеп еді. Ән, негізі, осылай Нұраның бойын жағалап жүргендегі әсерден туған. Сосын сөзін жазу­ға лайықты ақын іздеп, Серік Ақсұңқарұлына ұсынғанымда, ол кісі «жалғыз Нұра деген болмайды. Нұра мен Есіл қатар аталуы керек. Есіл мен Нұра – Арқаның анасы ғой» деп әдемі жымдастырып жіберді» дейді.

Шынында да, қазақ даласында Есіл-Нұра бірге аталады. Ежелгі жырларда Есіл, Нұра – екі су» дер еді халықтың ескі танымы. Сол сөз бен таным бүгінге көшіп, халықтың көкейіне ән болып ұялағаны – ертеңіміздің де бейнесі дер едік. Барғаның – Нұра, қонғаның Есіл болғанда, салғаның да, шырқағаның да басқаның әні болмауға тиісті. Әуенінің өзі халық әндерін тектеп тұрғандықтан, ел мен жердің қадір-қасиетін сана түкпіріне орнататын мұндай туындылар ұрпақтың отаншылдық жадын жаңғырта берері сөзсіз.

Ән осылай халық әндерінің үлгісі негізінде тереңдегі түп танымды түрткілеп өрбиді.

«Егіздей Есіл мен Нұраның

ағысы,

Екі аққу секілді қанатын

қағысы.

Екі көз – таныс-ай,

Екі ара қамыс-ай.

Көзіндей жақсының

Мөп-мөлдір ағысы-ай!»

деп келеді алғашқы шумақ пен қайырма. Мұндағы бір ерекшелік екі өзен суының жанды бейнеге айналып, «жақсының көзіндей болып мөлдірей» қалуы. «Мөлт еткен көз жасындай күміс кө­лің» демеуші ме еді Біржан сал?! Осылардың бәрін тыңдай келе, біздің халық атам заманнан атақоныс, туған жеріне тұр­ғын есебінде емес, баяғы баба­ларының көзі, атасының өзі ре­тінде қарағанын аңдау қиын емес. Расында, әннің екінші ауызында айтылғандай:

«Даламның дарасы-ай,

Қос өзен саласы-ай.

Есіл мен Нұра ғой

Арқаның анасы-ай!»