Жұмыс берушілер тарапынан бос орындар санының едәуір қысқаруынан көрінетін белсенділіктің төмендеуі жоғары білікті мамандарға көбірек әсер етті, яғни қажеттілік 35%-ға қысқарды (11,7 мың бос жұмыс орны). Бұл ретте біліктілігі орташа және төмен кадрларға сұраныс керісінше өсті, тиісінше 5% (+2,3 мың бос жұмыс орны) және 9%-ды (+3 мың бос жұмыс орны) құрады.
«Сондай-ақ орта білікті мамандарға сұраныстың тұрақты үлесі болған жағдайда, мұндай біліктілігі бар жұмыскерлер түйіндемелерінің саны өте аз екенін атап өткен жөн. Жұмыс іздеушілер арасында 40%-ға жуығы біліктілігі жоқ еңбек түрін ұсынатын кадрлар», деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.
Қазан айында бос орындар саны бойынша көшбасшылар үштігіне өндіріс (15,9% немесе 17,3 мың бос жұмыс орны), білім беру және тәрбиелеу (10,4% немесе 11,3 мың бос жұмыс орны), құрылыс және сәулет (6,4% немесе 7 мың бос жұмыс орны) салалары кірді.
«Өткен айдағы еңбек нарығындағы серпінді қарастыра отырып, маусымдық ауытқуларға сәйкес білім беру саласының мамандарына сұраныстың екі есе қысқаруы аясында өндірістік саладағы және ТКШ саласындағы мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік айтарлықтай өскенін атап өтуге болады (+67%). Сонымен өндірісте ең танымал стационарлық жабдықтардың операторлары (8,5 мың бос жұмыс орны), дәнекерлеушілер мен фармацевтер (3,5 мың бос жұмыс орны), ал ТКШ-да слесарлар мен сантехниктер (4,9 мың бос жұмыс орны) болды», деді А.Молчановская.
Жұмыс берушілер тарапынан ең аз сұраныс құқықтану, ғылым және консалтинг, сондай-ақ маркетинг және БАҚ сияқты салалардың мамандарына қатысты болды.
Өңірлер бөлінісінде сұраныс тұрғысынан ең белсенді Астана және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстары болды, бос жұмыс орындарының жалпы саны – 44,7 мың (барлық сұраныстың 41%-ы). Кадр тапшылығы Қарағанды, Шығыс Қазақстан (сұраныс ұсыныстан 4 есе артық) және Павлодар облыстарында (3 есе) барынша айқын көрінді. Керісінше, Жетісу облысында және Маңғыстау өңірінде бос жұмыс орындарына қарағанда көбірек ізденушілер байқалды.
Мамандықтар бойынша қазандық қондырғыларының операторлары (3 081 түйіндемеге 5 853 бос жұмыс орны), күзетшілер (472 түйіндемеге 1 525 бос жұмыс орны), тігіншілер (220 түйіндемеге 1 273 бос жұмыс орны), кеңсе тазалаушылары (323 түйіндемеге 1 271 бос жұмыс орны) және тәрбиешілер (620 түйіндемеге қарсы 1 507 бос жұмыс орны) тапшы болды.
Сондай-ақ өтініш берушілердің гендерлік құрылымындағы кейбір өзгерістерді атап өткен жөн. Егер қыркүйек айында өтініш берушілер арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп болса, қазан айында жағдай керісінше өзгерді. Мұндай динамика білім беру саласындағы әйелдердің, ал ерлердің өндірістегі гендерлік басымдылығымен байланысты екені анық.
Айдың қорытындысы бойынша жас бөлінісінде 45 жастан асқан ізденушілердің үлесі 28%-ды (қыркүйекте – 27%), жастардың үлесі – 30%-ды (қыркүйекте – 34%) құрады, ал зейнеткерлік жас алдындағы әрбір оныншы адам ізденуші болды.
Ең жоғары жалақыны 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жұмыс берушілер өнеркәсіптік альпинистерге, қопарушы, инженерлер мен хирург-дәрігерлерге ұсынады. Сонымен қатар ізденушілер тарапынан ең жоғары күтілетін жалақы жеке сектордың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (~1,5 млн теңге), пилоттар, сондай-ақ бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматиканы реттеушілер (1 млн теңгеден) тарапынан келеді.
Осылайша, қазан айында жұмыс берушілер тарапынан да, жұмыс іздеушілер тарапынан да белсенділіктің төмендеу үрдісі жалғасуда. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың маусымдық өзгеруіне байланысты. Осы ретте құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өндіріс саласының қызметкерлеріне қатысты сұраныстың артуы байқалады.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»