Қоғам • 25 Қараша, 2022

Форум мақсаты – жас авторларды қолдау

36 рет көрсетілді

Алматы қаласында 2-4 желтоқсан аралығында «Сөз – жастарға. Жастар туралы сөз» тақырыбымен жазушылар мен публицистердің үшінші Халықаралық форумы өтеді. Жас әдебиетшілер мен публицистердің кәсіби деңгейін көтеруге арнал­ған халықаралық әдеби басқосудың ұйымдастырушысы Қазақ ПЕН-клубы қоғам­дық бірлестігі Алматыға әлемнің әртүрлі елдерінен әдебиет пен публи­цис­тиканың әр жанры бойынша семинар жүргізуге белгілі жазушылар мен пуб­­лицистердің шақырылып отырғанын хабарлады. Форумға 12 елдің белгілі қалам­герлері және Қазақстанның 40-43 жас жазушысы мен публицисі қатысады.

Қазақ әдебиетін шетелге насихаттау, әлем әдебиетінің күрделі проблемалары бойынша пікір алмасу және қазақ жазушылары мен публицистерінің шетел әріптестерімен шығармашылық бай­ланысын нығайту, жас жазушылар мен пуб­лицистердің шығармашылық проб­лемаларын талқылау, шетел жазушы­ларының қазақ әдебиетіне деген ықы­ласын арттыру – форум көтерер басты тақы­рыпқа айналмақ.

Алғашқы кітабын шығару оңай болма­ған өткен кезеңмен салыстырғанда, шығар­машылық еркіндікке қол жеткізген бүгін­гі әдебиетте сырт қарағанда көп қиын­дық жоқ секілді қабылданады. Бірақ әр кезең жас қаламгерге өз қиындығын таңады. Сондықтан ұйымдастырушылар халық­аралық ауқымды форумның алаңы әдебиеттегі бүгінгі жас қаламгерлердің тұтас шынайы бейнесін олардың шығар­малары арқылы танудың таптырмас мүмкіндігі деп отыр. Қазақ ПЕН-клубы форум жұмысына қатысуға талантты жас­тар санатынан (жасы 40-тан аспаған) 40-43 қазақ жазушысын іріктеп алды, олар өз жұмыстарын ұйымдастыру комитетіне алдын ала тапсырған. Тапсырылған жұ­мыс­тардың біразы аударылып, семинар жетекшілеріне жіберілді. Семинар жетекшілерінің санатында Қазақстанның алты белгілі жазушысы бар.

Үшінші Халықаралық форумның жұмысы «Жас авторларға қолдау көрсету: іздеу, кәсіби дамыту. Ілгері дамыту» атты мәселені қаузайтын пленарлық отырыспен басталып, мұнда жас жазушылардың ­баяндамасы тыңдалады. Ал «Әдеби білім: проблемалар, шешім, ұсыныстар» атты дөңгелек үстелде бүгінгі поэзия, проза, публицистикадағы ортақ мәселелер безбенделеді. Сондай-ақ семинар жетек­шілері мен меймандар диспут жүргізу­шілері ретінде шағын шоғырға бөлініп, жастар шығармашылығын бірлесе талқы­лайды. Бұл күні Б.Кенжеев, В.Карцев, Е.Абдуллаев, Э.Гер, М.Шевченко және басқалар шеберлік сабақтарын өткізеді.

Жазушылар мен публицистердің үшін­ші Халықаралық форумын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, Қазақ ПЕН-клубы президенті Бигелді Ғабдуллин: «Осымен үшінші рет Қазақ ПЕН-клубы осындай ауқымды форум өткізгелі отыр. Бұған дейінгі форумдарда қазіргі әдебиеттің ең күрделі мәселелері жөнінде әңгіме қозғалды.

«Жастар туралы сөз. Жастарға – сөз» басқосуының модераторлары болып Бигелді Ғабдуллин, Бақыт Кенжеев және Жүсіпбек Қорғасбек бекітіліп отыр. Форум­ның соңғы отырысынан кейін әр­түр­лі аталымдар бойынша үздік жұмыс­­тардың қорытындысы хабарланады. Жас жазушылар мен публицистердің шы­ғармашылығына арналған келелі кеңес­тің мазмұнды әрі пайдалы болатынына қазір­ден сенім мол. Аса маңызды әдеби жиын­ның басты назарын жастар шығар­ма­шылығына аударып отырудағы мақсат та сол – өз елінің насихатшысы болып отыр­ған қаламгерді уақытқа лайық ­даярлау.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар