Спорт • 27 Қараша, 2022

Роналду рекорды, Максимович және алаңдағы 12 ойыншы...

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жұмада футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық турнирінің екінші туры басталды. Осы орайда «алғашқы кезең несімен есте қалды?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл турда 16 кездесу өтіп, 41 гол соғылды. В және Е топтарында өнер көрсететін ойыншылар 10 реттен нысананы дәл көздеді. Ең көп гол Англия мен Иран (6:2) және Испания мен Коста-Рика (7:0) арасындағы матчтарда соғылды. Ал F тобындағы ойындарда ондай сәттер тым аз болды. Бұл бәсекелерде Бельгия Канаданы 1:0 есебімен ұтса, Марокко мен Хорватия матчында есеп ашылған жоқ.

Роналду рекорды, Максимович және алаңдағы 12 ойыншы...

16 кездесуде бірде-бір футболшы ойыннан қуылған жоқ. Дәл сондай жағдай 1986 жылы Мексикадағы әлем чемпионатында да болған. Бірақ осыдан 36 жыл бұрын ұйымдастырылған мундиальға небәрі 24 команда қатыс­қандықтан бірінші турда небәрі 12 ойын ғана өткізілгенін айта кеткен абзал.

Португалияның жұлдызы Криш­тиану Роналду Гана құрамасына қарсы матчтың 65 минутында 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көз­­деді. Сөйтіп, өзі қатысқан бес әлем­дік доданың барлығында гол соққан тұңғыш және әзірге жалғыз футбол­шы ретінде оның есімі тарихта қалды. Сондай-ақ ол Аргентинаның мақтанышы Лионель Мессимен бірге қатарынан бесінші мәрте төрткүл дүние­нің теңдессіз теңбіл доп шеберлері жиналған жарысқа қатысуда. Оларға дейін мексикалық Антонио Карбахаль мен Рафаэль Маркес және германиялық Лотар Маттеус дәл сондай құрметке бөленген еді.

Уругвай мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы бәсеке 98 минутқа созылды. Сол аралықта екі команда бір-бірінің қақпасына бір ғана дәл соққы бағыттай алды. Оның өзін кореялық қақпашы кері қайтарды. Дәл осындай жағдай 1986 жылы Мексикадағы мундиальда Шотландия мен Дания командалары арасындағы бәсекеде орын алған еді.

Польша әлем чемпионаттарында қатарынан үш пенальтиді қақ­паға енгізе алмаған жер жаһандағы жалғыз команда. 1978 жылғы жарыста Каземиж Дейн допты қисық тепсе, 2002 жылы Мацей Журавски білгенінен жаңылды. Ал күні кеше ғана Мексикаға қарсы матчтың 57-минутында поляктардың ең үздік ойыншысы Роберт Левандовски 11 метрлік нүктеден мүлт кетті.

Бразилияға қарсы бәсекенің 73-минутында Сербия құрамасы сапында ойыншылар алмасты. Шабуылшы Александар Митровичтің орнына Неманья Максимович шықты. Қатардағы дүбірлі доп додасында өзімізге таныс бейнені көріп, кәдім­гідей қуанып қалдық. Өйткені 27 жастағы жартылай қорғаушы 2015-2017 жылдар аралығында Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетіп, «Астананың» намысын қорғады. Сол кезде Максимович Испанияның атақты «Валенсия» клубы бапкерлерінің назарына іліккен еді. Содан бері ол Пиреней түбегінде ойнап жүр.

Екінші турдағы Англия мен АҚШ арасындағы матч 0:0 есебімен аяқталды. Оған дейін Дания мен Тунис, Мексика мен Польша, Марокко мен Хорватия және Уругвай мен Хорватия арасындағы кездесулерде көрермендер қақпаға соғылған бірде-бір голды көре алмаған еді. Осылайша, «құрғақ ойындар» бойынша жуық арада рекордтың жаңаратыны анық. Егер ХХІ ғасырда өткен әлем чемпионаттары нәтижелеріне зер салсақ, 2010 жылғы жарыстың топтық турнирінде 0:0 есебі алты мәрте тіркелген екен. 2006 және 2014 жылдары олардың саны бесеу болды. 2002 жылы екі және 2018 жылы бір мәрте ғана сондай көріністердің куәсі болдық.

Сауд Арабиясы Аргентина құрамасын 2:1 есебімен ұтып, осы жарыстың алғашқы сенсациясын тіркеген еді. Өз отандастарының жар­қын жеңісіне ерекше шаттанған аталған мемлекеттің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Сальман әр ойыншыға Роллс Ройсты сыйға тартты. Бұл көліктердің әрқайсысының құны – 460-550 мың АҚШ доллары шамасында. Ал кейбір мәліметтерге сенсек, атағы алысқа жайылған аргентиналықтарды жеңгені үшін әр футболшыға 2,5 миллион еуродан сыйақы берілді.

Франция мен Аустралия ара­сындағы кездеуде төрешілер тарапынан өрескел қателік кетті. 73-минутта төртінші қазы Салим Мукансанг жасыл құрлықтан келген команданың екі ойыншысы – Гаранг Куол мен Авер Мабилдың жасыл алаңға шы­ғуына рұқсат берді. Ал ойыннан тек Райли Макгри ғана кетті. Сонда аус­­тралиялықтардың сапында 12 ойын­шы болған. Тек арада бірер секунд өткеннен соң бас төреші ойын­ды тоқтатып, Крейг Гудвинді алаң­нан шығарды. Сөйтіп, олар өз қателіктерін түзегендей болды. Бірақ әлем чемпионаты секілді деңгейі аса жоғары жарыста ондай олқылықтар жіберілмеуге тиіс. Қазіргі кезде осы оқиға жайында барлық БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр.