Медицина • 27 Қараша, 2022

Қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдісі

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда алғаш рет облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтың басшылығымен радиожиілік абляциясын пайдалана отырып, қатерсіз және қатерлі ісіктерді емдеудің жаңа әдісі енгізілді. Бұл тәсілдің өңір тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуде маңызы зор.

Қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдісі

Жаман ауруды емдеудің жаңа жо­лы радиожиілік абляциясы арқылы қатер­лі және қатерсіз ісіктерді емдеу әдісі бөлім­шесінің ашылуына орай ұйым­дас­тырылған. Бұл – медици­на саласында қа­зіргі заманның аз инвазивті және тиімді амалы. Дәрі­герлер интервенциялық ем­деу әдісте­рін енгізудің жақсы нәтижелерін ескере отырып, «Диагностика мен емдеу­дің рентгенхирургиялық әдістері» бөлімшесін ашу туралы шешім қабыл­даған. Осы ретте сатып алынған генератор аппараты тері астындағы хирур­гиялық процедураларда, лапарос­ко­пия­лық интраоперациялық коагуляцияда және тіндердің абляциясында қолданылады.

«Генераторды сатып алғаннан кейін клиникада паренхималық органдарға: бауырға, өкпеге, бүйрекке, сүт безіне, бүйрек үсті безіне, қалқанша безге қа­терлі және қатерсіз ісіктерге хирур­гиялық араласудың жаңа түрлерін жүр­гізу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар жұмыс істемейтін сүйек ісіктерінің ішінара немесе толық абляциясы жасалады. Яки, қатерсіз кіші түрлерін қоса остеоидтар мен остеомаларға, сүйектің қатерлі метастаздарына, гинекология мен урологияда эндометриялық қан кетулерге, миомалар және аденомиоз­дар кезіндегі абляция, варикозды тамырлардың абляциясы және тамырлы ақауларға көмек көрсетіледі», дейді М.Аманкелдіұлы.

Арнайы өткізілген мастер-класста республиканың жетекші интервен­циялық хирургтерінің бірі және осы бөлімшенің меңгерушісі Ілияс Нұрсейі­тов өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ арнайы шақырылған білікті мамандар Дауранбек Арыбжанов пен Астана қаласының рентгенхирургі Евгений Мун да пікір алмасты.

Мастер-класстың бірінші күні 7 опе­­рация жасалды. Мысалы, бауыр ісік­терінің трансартериалды химиоэм­болизациясы, миомалардағы жатыр артерияларының эмболизациясы, тром­­боцитопениядағы көкбауыр ар­терия­сының эмболизациясы, бауыр­дың метастатикалық ісіктерінің РЖА және қалқанша безінің қатерсіз ісікте­рі­нің радиожиілік абляциясы жасалды. Бар­лық операция сәтті және асқынусыз өтті.

«Интервенциялық хирургия әдістері пациент үшін аз инвазивті және ауырт­палықсыз, оңалту кезеңі қысқа уақытты құрайды. Қатерсіз ісіктер үшін абляция жүргізгеннен кейін науқас алғашқы күндері амбулаториялық деңгейде қаралуына мүмкіндік бар», дейді М.Аманкелдіұлы.

Шеберлік сағатының екінші күні алынған материалды бекітуге бағыт­талды. Аудандардан және қалалық онкологиялық орталықтардан шақырыл­ған дәрігерлер үшін ГЦК дәрі-дәрмекпен емдеу, ТАХЭ және РЖА енгізу бойын­ша шетелде дәлелденген материалдар ұсынылды. Сонымен қатар олар әдістерді қолдану тәжірибесі бойынша ғылыми баяндамалармен танысты.

Бүгінде бүйрек пен өкпенің қа­тер­лі ісіктерін емдеудің заманауи ерек­шеліктерін зерттей отырып, кли­­ника осы локализация бойынша химио­эмболизацияның аз инвазивті әдістерін енгізуді және өз мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, емдеу әдістемесін Алматы және Астана қалаларындағы онкология және радиология институттары сияқты 3 деңгейдегі медициналық мекемелер ғана меңгерген. Енді мұндай операция Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиникада да жасалатын болады.

 

Жетісу облысы