Қоғам • 28 Қараша, 2022

Стандартты төмендету азаматтарға қатер төндірмей ме?

144 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Үкіметінің 2023 жылдың 1 ақпанына дейін күші жарамды қаулы қабылдағаны жайлы ақпарат тарады. Онда елімізде ABS, қауіпсіздік жастығы, SOS батырмасы жоқ және экологиялық класы Еуро-5 стандартынан төмен (Еуро-0-ге дейін) машина шығаруға рұқсат етілетіні жарияланған. Үкімет мүшелерінің мәлімдеуінше, мұндай талап «Лада» және УАЗ шыға­ра­тын автоөндірушілерді қолдау мақсатында жасалып отыр.

Стандартты төмендету азаматтарға қатер төндірмей ме?

Мұндай ақпаратты Индустрия министрлігіне сілтеме жасап Kolesa.kz редакциясы таратты. Кейінірек аталған ведомство Қазақстанда қауіпсіздік та­лап­тарына сай келмейтін авто­кө­ліктердің шығарылуына тыйым салынған деп мәлімдеді.

«Бұқаралық ақпарат құрал­дарында Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 22 қазандағы №843 қау­лы­сының, атап айтқанда, «Қазақстан ау­мағында өндірілетін жекелеген доңғалақты көлік құралдарына қатысты міндетті талаптарды қолдану және олардың сәй­кес­­тігін бағалауды жүргізу қа­­ғи­­­даларын бекіту туралы» нор­­ма­ларының қате таралуына байланысты Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму ми­нис­трлігі аталған құжаттың маңыз­дылығы мен қоғамға дұрыс жеткізілуін түсіндіруді орынды деп санайды. Бұл қаулы ЕАЭО елдері қол қойған «Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Еура­зиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылдың 5 сәуірдегі №45 шешімін іске асыру мақсатында қабылданды. Үкіметтің 2023 жылдың 1 ақпа­нына дейінгі заңды күші бар қау­лысы өндірушілерге ABS, ESP, сондай-ақ қауіпсіздік жас­тық­тарымен жабдықталмаған жә­не экологиялық санаты төмен­де­тілген автокөліктерді шыға­руға тікелей құқық бермейді», делінген министрлік хабарламасында.

Тиісті жүйелермен жабдық­талмаған автомобильдерді шы­ғаруға рұқсат алу үшін өндіруші белгілі бір компоненттерді ор­нат­пауына қарамастан көлік модельдерін жеке сертификаттау­дан өткізіп, оның қауіпсіз болуы міндетті. Бұл шарт ЕЭК Кеңесінің шешімінде де қарастырылған екен. Демек, қазір Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірде-бір көлік моделі шығарылмайды. Сондықтан өндірушілер «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентін толық сақтайды.

Министрлік мәліметінше, осыған ұқсас қаулыларды ЕЭК-ке қатысушы елдер қа­был­­да­ған. Айталық, осы жыл­дың мамырында Ресей Федера­ция­сын­да және шілдеде Бела­русь Респуб­ликасында. Ал Арме­ния және Қырғызстан Республи­каларында автоөндіріс орындары жоқ.

«Бұл орайда қауіпсіздік жас­­тықшалары мен ABS, ESP жүйелері және төмендетілген эко­логиялық санатқа сай жүйе­лермен жабдықталмаған автокө­ліктер Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында ай­налымға шығарылып жүргені белгілі. ЕЭК Кеңесінің шешімі заңды күшіне енген шақта ЕАЭО-ның мүшелігіне кіретін басқа елдерде шығарылған автомобильдер, машинаны құрастырған мемлекеттің аумағында ға­на жүруіне рұқсат етіледі. Осы­ған байланысты аталған авто­көліктерді Қазақстанның аума­ғына кіргізуге тыйым салынады», деп мәлімдеді министрлік.

Бастапқыда дұрыс тарамаған (бәлкім шынымен дұрыс та­ра­ған) ақпарат қоғамда шу туғыз­ды. «Нет утильсбору» қозға­лы­­сы өкілдерінің айтуынша, ABS жүйесі, SOS батырмасы, қауіпсіздік жастығы жоқ, эколо­гиялық класы төмен машина шы­ғаруға рұқсат беру туралы ше­шім экологияға кері әсер етіп қана қоймай, жол қауіпсіздігін на­шар­латып, жол апатынан зардап шегетін тұрғын санын арттырады.

Қоғам белсенділері утиль алымы мен алғашқы тіркеу сомасын есептеу әдісінің дұрыс-бұрысын тексеруді және отандық көлік құрастырушылардың өндірістің локализациясын жақсарту туралы келісімді орындау барысын қадағалауды талап етіп, сотқа шағым түсіргенін мәлімдеді. Баспасөз жиынына қатысқандар автомобиль және өзге де техника­ларды, соның ішінде ауыл­ша­руа­шылық машинасын жеке пайдалану мақсатында сатып алған жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлерді утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысынан босатуды ұсынды. Ал ірі импорттаушылар мен өндірушілерден жиналған ақшаны бөлу процесі барынша ашық болу керек.

Қазақстан Автобизнес қауым­дастығының мәліметі бойын­ша, 2022 жылдың 9 айын­да елімізде 78 441 транспорт құралы құрастырылды. Бұл өт­кен жылдың ұқсас кезеңімен салыс­тырғанда 23,4 пайызға көп.

«Компоненттерді жеткізу­дегі жағдай әлемдегі автомо­биль өнеркәсібіне әсер етуді жалғастыруда. Осыған қарамас­тан Қазақстан ішкі өндіріс көле­мін арттырып жатыр. Жалпы, 2022 жылы автомобиль өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда кем дегенде 7 пайызға өседі деп күтілуде», дейді қауымдастық вице-президенті Анар Мақашева.