03 Маусым, 2014

Нұрлы сәуле

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
светодиодный ламп-2 Оралда жарық диодты шамдар өндіріле бастады Жаңалыққа жаны құштар оралдық қос азамат жарық диодты технологиялар негізінде жарықтандырғыш құралдар өндірісі жобасын жасақтады. Алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың облыстағы филиалында кәсіпкерліктің негіздері курсында тегін оқып, сертификат алған. Сөйтіп, олар өткен жылы инновациялық грантқа тапсырыс беріп, өңірлік инновациялық грант жөніндегі комиссияның оң шешімін алды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің төрағалығымен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында да тың жоба қолдауға ие болды. – Жобаны іске асыру мақ­са­тында екі құрылтайшы ретінде Алексей Смирнов екеуміздің әрқайсысымыз үш миллион тең­ге­ден, алты миллион теңге мем­лекеттік қайтарымсыз грант алдық. Кәсіпорын құрып, өткен жылдың 17 мамырында тіркеуден өткіздік. Қағазбастылық болған жоқ, әрі кеткенде бір жарым ай шамасында грант қолымызға тиді. Елімізде энергияны үнемдеу жөніндегі заңның және соған орай Үкіметтің тиісті қаулыларының қабылдануы жарық диодты жарықтандырғыштар өндірісінің өзектілігіне көзімізді жеткізгендей болды. Мамандығымыз экономист болғанымен, бұл мәселе бізді бұрыннан қызықтыратын. Сон­дықтан Алексей Смирнов екеу­міз осындай өндірісті жолға қою­ға бел шеше кірістік, – деді «Alpha lucem» ЖШС-ның дирек­торы Арман Сағитов бізбен әңгі­месінде. Жарык диодты шамдар Оралда ондірілудеАрман Айдынғалиұлының ай­туын­ша, өндірісті нөлден бас­тау­дың өз қиындықтары бар. Өнімді ресейлік ГОСТ-Р 54 250-2011 техникалық шарттары бойынша шығару үшін Астанаға барып, төрт министрліктің қарауынан тиісті құжаттары өткізіліп, ресімделді. Содан соң мемлекеттік есепке алу тіркеліміне енгізу жұмыстарымен шұғылданған. Мемлекеттің тегін гранты бизнес-жобаға сәйкес ресейлік зауыттардан станоктар мен құрал-жабдық сатып алуға жұмсалды. Орын жалға алынып, оны цех қылып жөндеген. Сөйтіп, кәсіпорын жарық диодты шамдар өндіруді биылғы наурыз айында бастады. Қазір шағын цехта екі адам еңбек етеді. Жарық диодты шамдарды тапсырыс бойынша шығаруға кіріскен. Өнім өндіруге жарық диодтары, алюминий линейкалар Ресейден алынуда. Шамның сыртқы қорабына қаңылтыр ши­кі­затын «Арселор-Миттал» ком­па­ниясынан алуға келісім жасалған. Бүгінде жарық диод қолда­ныс­қа кеңінен енуде. Жарық диод дегеніміз – электр тогын өткізген кезде белгілі бір түсті сәулені шығаратын жартылай өткізгіш аспап. Мектепте физика пәнінен естеріңізде қалған шығар, анод, катод дегендер, соның көмегімен жарықтандырылады. Жарық диод әдеттегі жарық көздеріне ұқсамайды. Өйткені, онда газ бен қыздыру жібі болмайды. Оның сынғыш шыны сауыты және жылжып кету қаупіне ие бөлшектері де жоқ. Жарық диодтарының бірегей сипаттамаларының арқасында жарық диодтарды қолдану мүмкіндігі іс жүзінде шексіз. Жарық диодтар жалпы жарықтандырудың түрлі жүйелерінде кеңінен пайдаланылады. Бұл өзі – келешектің аспабы, тұрғын үйлерді, өндіріс орындарын, көшелерді жарықтандырушы аспапқа айналады, деді Арман Сағитов. Оның айтуынша, жарық диодты шамдарды пайдалану мерзімінің ұзақтығы 60 мың сағатқа дейін жетеді. Ондай шамдар экологиялық жағынан қауіпсіз. Сондай-ақ, олар бөлменің ауасын өзге шамдар секілді шапшаң ысытып жібермейді. Өйткені, электр қуатының 90-95 пайызы жарықтандыруға жұмсалады. Адамның денсаулығына да зияны жоқ. Әдеттегі қуат үнемдегіш шамдардағыдай құрамында сынап болмайтындықтан, арнайы қабылдау орындарына тапсырамын деп әуре болмайсыз. Көздің көру қабілетіне де залалсыз. Тағы бір басты ерекшелігі, жарық диодты аспаптар энергияны аз тұтынады және олардың түрлері мен пайдалану жағдайларына қарай электр қуатын тұтыну шығынын 43-92 пайызға азайтады. – Нарықтағы сатылып жат­қан Қытайда жасалатын өнді­ріс­тік шамдарды сапасыз деуге келмес. Бірақ олардың бөл­шек­терін алатын болсақ, сапасына кепілдік ету, яғни өнімді кері қайтару жағы қиын. Өнім өн­діруге қажетті құрылымдық бөлшектерді Ресейден алғаны­мыз тиімді. Диодты шамдар – жоғары технологиялық күр­де­лі үрдістерден тұратын өнім. Негізі жарық диодты жарық­тан­дырғыштар құрылыс шығынын электр қуатымен қамтамасыз етуді жобалау барысында-ақ азайтады. Өйткені, мұндай жарықтандырғышты пайдаланатын болсақ, үйге, офиске, өзге де құрылыс нысанына берілетін қуат төмен болуы қажет. Сондықтан, облыстағы жобалау институттарына өз ұсыныстарымызды білдірудеміз, – деді компания құрылтайшыларының бірі Алексей Смирнов. Кәсіпорында жарық диодты шам­дардың үш түрі өндіріліп, сатылымға шығарылуда. Енді көшені жарықтандыратын және өндірістік орындарға арналған жарық диодты желілер шығару жобасы қолға алынуда. Желаев астық өнімдері комбинаты, қаладағы бірқатар сауда орындары оралдық диодтық шамдармен қамтамасыз етілген. Компания қазақстандық сертификат алған. Енді тендерге қатысып, бақ сынамақ. Тендерлерде айы оңы­нан туып жатса алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, журналист. Батыс Қазақстан облысы.