03 Маусым, 2014

«ҚазМұнайГаз» қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

363 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Апат айтып келмейді» дейді халық даналығы. Ешкім қаламаса да, ешкім күтпесе де ол орын алмай тұрмайтындығына мысал да, дәлел де көп. Олар байқаусызда жіберілген сәлдей қателік немесе техникалық ақаулықтар, тіпті, лаң салып жүруді жаны қалайтын лаңкестер әрекеті салдарынан туындап жатады. Қай орында, қай дәрежеде болса да соңы ащы қайғы мен ауыр зардаптарға соқтыратын апаттардың алып өндіріс орындарында орын алуы қайғы мен зардаптар ауқымын, салмағын еселеп жіберетіні белгілі. Бұл қасірет, бұл сәтсіздік, әрине, ешкімге қажет емес... Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен «ҚазТрансОйл» АҚ бірлесе өткізген екі күндік оқу-жатты­ғудың мақсаты да осы. Алғашқы күні сала мамандары мен төтенше жағдайларда бірлесе қимылдауға тиісті мекемелер өкілдері теориялық бағытта бас қосып, көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының өндірістік нысандары жұмысына заңсыз араласу, лаңкестер туындатқан төтен­ше жағдайларда тиімді және жұмыла әрекет ете білуге дайындайтын, сондай-ақ қажетті іс-қимылды оқып-үйрену жат­ты­ғуы «ҚазТрансОйл» АҚ Ба­тыс филиалының «Ақтау» бас мұ­най айдау стансасы базасында өтті. 50-ге жуық өрт сөндіру және апаттан құтқару техникалары шоғырланып, «оқиғаға» қа­жеттілігі бар өзге де құрал-жаб­­дықтармен қамтылған кең алаң­ға «ҚазМұнайГаз» құра­мын­дағы 20-дан астам кор­по­ра­тивтік қауіпсіздік қыз­меті­нің қызметкерлері бар, мо­биль­ді күзет топтары, Маң­ғыс­тау облысындағы қауіпсіздік ор­ган­дары мен ішкі істер са­ласы­ның қызметкерлері, сон­дай-ақ құтқару қызметі мен өрт қауіп­сіздігі саласы қыз­мет­кер­лері бар, өңірдегі мұнай-газ ме­ке­мелері басшылары бар – бар­­лығы 200-ден астам адам жиыл­­ды. Ал оқу-жаттығуға Қор­ға­­ныс министрлігінің «Ба­тыс» аймақтық басқармасы те­ңіз-жаяу әскерлер бригадасы, «Semser-Security» ЖШС кү­зет қызметі, «Семсер-Өрт сөн­діруші» ЖШС өртке қарсы қызмет бөлімшелері, Маңғыстау об­лыстық лаңкестікке қарсы кү­рес жөніндегі жедел штаб, Маң­ғыс­тау облыстық ІІД, об­лыс­тық ТЖД, облыстық ҰҚК де­пар­та­мен­ті, «Өрт сөндіруші» АҚ, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «Медикер» ЖШС, «Қазақ­телеком» АҚ қызметкерлері қатысты. Алдымен қатысушылар мен қонақтарға оқу-жаттығу барысы мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылып, қауіпсіздік шарттары түсіндірілді. – Бұл кешенді тренинг «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың 2013-2017 жылдарға арналған қауіп­сіздік бағдарламасын жү­зе­ге асыру жөніндегі шара­лар жоспарына және аталмыш компанияның нысандары мен оның еншілес және тәуел­ді ұйымдарын лаңкестік әре­кеттерден қорғауды ұйым­дас­тыру жоспарына сәйкес өту­де. Нысандардағы өндірістік қыз­меттегі қызметкерлердің төтенше жағдайларға даярлығын, қолдағы техниканың нақты жағдайы мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуші жүйенің әзірлігін кешенді тұрғыда тексеру мақсат етіл­ген оқу-жаттығу арқылы оқыс оқиғалар кезінде басшы аза­мат­тардың, мамандардың, құ­ры­лымдық бөлімдердің адам­дарды қорғау бойынша жұмысты басқару білімін жетілдіру, білік­тілігін арттыра түсуде ойы­мыз да бар. Және қандай жағдайда да жұмыс ырғағының тоқтамауын, жоспарларға сай жүріп жат­қан үрдістердің үзілмеуін де бас­­ты назарда ұстау керек, так­тикалық оқу-жаттығу кезінде осы мәселелерге де мән бе­ріп, қамтитын боламыз, – деді оқу-жаттығудың ашылу сөзін­де «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ кор­­­поративтік қауіпсіздік де­пар­таментінің директоры Б.Жанасаев. Оқу-жаттығу екі кезеңнен тұрды. Алдымен екі белгісіз адам мұнай өнімдері сақталған әрқайсысының сыйымдылығы 20000 м³ резервуарлар маңына ұрлана басып таяп келді де, қолдарындағы қорапшаларын резервуар маңына апарып үлгерді. Осы кезде оларды байқап қалған күзет мекемесінің қызметкерлері дереу жетіп, күдікті тұлғаларды қолға түсірді. Оқиға болған жер­ді қоршап, тиісті орындарға жедел хабарлады. ҰҚҚ «Арлан» ар­найы тобы, ІІД қызметкерлері, өз­ге де құзырлы мекемелер қыз­­меткерлері келіп, қорапқа са­лынған жарылғыш затты залалсыздандыру, оқиға орнын тексеру, қауіпсіздігін қадағалау жұ­мыстарын жүзеге асырды. Бірақ, жарылғыш зат өз зар­­да­бын тигізген екен, көп ұза­май №18 резервуардан өрт шық­ты. Осы кезде жеткен өрт сөн­дірушілер өртті ауыздықтап, қызуы көтерілген келесі резервуарды да салқындатып, қысымын қалыпты жағдайға түсіру үшін әрекеттенді. Ал, жаттығудың екін­­ші кезеңі «Қаламқас – Қара­жан­бас – Ақтау» мұнай құбы­ры бойын­дағы оқиғамен бейнеленді. Мұнда да құбырды кесіп, арам ойын жүзеге асырмақ болғандар құқық қорғау орындарының қармағынан құтылған жоқ. Оқу-жаттығу соңы белсен­ділік танытқан үздіктерді марапаттаумен аяқталды. «Сақтансаң, сақтаймын» де­ген­дей, қай кезде де абай бол­ғанның айыбы жоқ... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.