Театр • 28 Қараша, 2022

Балауса көрерменге тарту

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертегі десе елең етер көрер­менді желтоқсанның 4, 9, 10 және 11-і күндері «Астана Балет» театрында «Қар патшайымы» балетінің премьерасы күтеді. Даниялық жазушы Ганс Христиан Андер­сен ертегісінің желісімен қойылатын спектакльдің режис­сері – Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Татар­стан Республикасының халық әртісі Георгий Ковтун. Спек­такль маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі сим­фониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

Балауса көрерменге тарту

Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен кө­рерменін қуантар қойылымда композитор Радик Салимов, костюм суретшісі әрі суретші-сценограф Злата Цирценс, жа­рық суретшісі Алексей Мар­ков және «Астана Балет» әртіс­терінің жарқын өнерін тама­шалауға болады. Би өнерінің құдіретімен сахнада бала кезден таныс бейнелерге жан бітеді. Антуражы өзге қалыпта бол­ғанымен, оларды тану қи­ын емес. Балетте ертегі кейіпкерлері жаңа қырынан танылып, сахнада музыка, қимыл, сан алуан тың бояулардың үйле­сімінен туған ғажайып әлемге тап болатыныңыз анық.

– Қазіргі балалар қоршаған ортаны жылдам қабылдап, бойына сіңіреді. Ересектердің міндеті – осы әлемнің әсем тұс­тарын көрсету. Менің ойымша, ертегі – өмірдің сол таңға­жайып­тарын тану жолындағы алғашқы саты. Өз басым ға­жайып әлемді елестетемін. Мұн­да жақсылық зұлымдықты же­ңіп, әділдік салтанат құрады. Ал адам баласының бойындағы нәпсісі тыйылып, ақыры тура жолға қадам басып, әлем шексіз махаббат шапағатына бөленеді. Менің жаңа ертегім осы жайлы», деген режиссер Георгий Ковтунның ойын театр әртісі Айдын Қалжан шабыттана жалғады: – Бұл қойылымда, жақынына алаңдаған кейіп­кердің күйзелісі ғаламат сән-сал­танатқа ұласып жатады. Сен де балет кейіпкерлерімен бірге бала кезден таныс ертегіні өз басыңнан өткізгендей күй кешесің. Меніңше, бұл балет ересектерге де, балаларға да әсер етіп, қыстың сүреңсіз тір­шілігіне бір сәуле түсіреді. Ғажайып музыка, әсем костюм­дер мен ғаламат декорациялар балаларға түсінікті тілде мәңгілік адами құндылықтар жайлы баяндап береді.

Иә, би тілі құдіретінің ар­қасында бала кезден таныс Қар патшайымы мен Герда туралы ертегіге жан бітіп, өзінің шексіз махаббаты арқылы ба­уырының мұз басқан жүрегін жібітіп, Қар патшайымының арбауынан арашалап қалған қайсар қыз өмірінен сыр шертер қойылымның көрерменіне сыйлар керемет әсерімен қа­тар, берер тағылымы да мол. Спек­такльде театрсүйер қауым жақсылық зұлымдықты жеңіп, шынайы махаббат бар жерде әрдайым әділдіктің үстемдік құратынына көз жеткізеді.

«Қар патшайымы» – күллі отбасымен бірге тамашалайтын, әр сахнасы қызықты ре­жис­сер­лік және көркем ше­шім­­дерге бай қойылым. Қи­ял-ғажайып хи­каяның жү­ректі елітіп әкетер атмосферасы әсем костюм әрі ұт­қыр декорациялармен сәтті үйле­сіп, көрермен қауымды нағыз ерте­гілер елінің сиқыр мен қиял әле­міне елітіп әкетері сөзсіз.