Қазақстан • 29 Қараша, 2022

Заңғар көркі – ілбіс: тау тағысын бақылау қалай жүргізіледі?

438 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ерекше қорғауды қажет ететін әрі сирек кездесетін аңның бірі – ілбіс немесе барыс (Unica unica). Ілбіс – әлі толық зерттелмеген және зерттеу, табиғи құндылықтарын білу барысында ізденуді талап ететін, сыры жұмбақ аң. Барыс денесі созыла түскен тапалша жыртқыш. Дене тұрқы 125-137 сантиметрді құрайды, құйрығы ұзын, шамамен 90 сантиметрге дейін жетеді, ал салмағы 39-40 кило болады. Жүні мамықтай жұмсақ әрі қалың. Ілбіс Қазақстан Республикасының және Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО EN санаты) қызыл кітабына енгізілген. Дүниежүзілік және Қазақстан фауналарындағы туыстың жалғыз өкілі саналады.

Заңғар көркі – ілбіс: тау тағысын бақылау қалай жүргізіледі?

Іле-Алатау мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі 1996 жылы ақпан айында ел Үкіметінің №228 қаулысымен құрылды. Ұлттық парктің міндеттерінің біріне еліміздегі Қызыл кітапқа енген жан-жануарларды сақтау, қорғау, мониторинг жүргізу, зерттеу жұ­мыстары жатады. Сондай мо­ниторинг жұмыстарының бірінде, яғни Ақсай филиалы Қаскелең орманшылығындағы шатқалдардың біріне 2018-2022 жылдары тұрақты бақылау жүргізудің нәтижесінде бірнеше рет ілбістердің фотоқақпанға түсуі тіркелді.

Ілбіс негізінен биік қыраттар мен тасты құздарды мекен етеді. Зерттеу негізінде биіктігі теңіз деңгейінен 2700 метр жоғары аймақтардағы таңдалған сайға мониторинг алаңдарын белгілеген едік. Өйткені аталған шатқалдан жылдың белгілі бір маусымында, қараша-сәуір айлары аралығында тұрақты кездесетіні белгілі болды. Бақылауды жүргізу үшін ілбістің жүру мүмкіндігі бар жерлерге фотоқақпандар орнатып,

3 бірдей мониторинг алаңы бел­гіленді. Ілбістердің, әсіресе, сі­бір тауешкілерінің маусымдық қо­ныс аударуымен олардың да ере көшетіні анықталды. Со­нымен қатар дәл осы соқпақта Қазақстанның Қызыл кітабына кіретін түркістан сілеусіні, тянь-шань қоңыр аюы да тіркелді. Сонымен бірге қорек жағынан бәсекелес қасқыр үйірі де бірнеше рет өтіп, түз тағыларының да тұрақты жолы екені белгілі болды. Сібір тауешкілерімен бірге марал, гималай ұлары, елік, қабандар да тіркелді. Ілбіс үшін жемтік қоры мол болғандықтан аталған сайға қойылған фото­қақпандар жемісін беріп, жақсы ғылыми материалдар алынып жатыр. Мәселен, 2018-2019 жылдардағы мәліметтер бо­йын­ша, таутан (аналық) екі аланымен (күшігі) түсіп, жалғыз біздің мекеме емес, ел аумағында жарыса сүйіншілеген хабар болған еді. Ал 2020-2021 жылдары үш аланымен бірнеше рет тіркеліп, үлкен жұмыстың нәтижесін көрсетті. Зоология институтының деректеріне сүйен­сек, ұлттық парк тарихын­да ерекше әрі сол жылы Республика аумағы бойынша үш аланымен жүргені тек үш аумақта тіркелгені (Алматы қорығы, Іле-Алатау МҰТП, Алтын-Емел МҰТП) анықталды. Бұл ұлттық паркте қорғау жұмыстарының жүйелі жүргізілетінін, тұяқтылар мен тауықтәрізді құстардың да өсімі молайып жатқанын біл­діреді. Жануарлар мен аталған құстарға қосымша қорек (тұз, арпа, бұталардан дайындалған тұздалған сыпыртқылар, үймелі шөптер) дайындалып беріледі. Ілбістің қорек көздерінің не­гізгі түрі сібір тауешкілері дәл осы шатқалда табынымен жү­реді. Әсіресе күз, қыс пен көк­тем мез­­гілдерінде кездеседі. Кейбір еш­кілер төлдерімен осы шат­қалда жыл бойы мекен етеді. Бұл шатқалдың бір бөлігі шырша орманы болса, екінші жағы құз жартасты әрі қалың жатаған арша өскен. Жалпы, барлық жан-жануарға қолайлы жер. Негізінен таудың ортаңғы белдемі, яғни орман және субальпі аумақ саналады. Бірақ жаз мезгілінде орман билеті негізінде үй жануарлары жайылады. Жыл сайынғы дәстүр мен бақылауда 2021-2022 жылдардағы көрсеткіш бо­йынша аталған шатқалда іздері кездескенімен, фотоқақпан ар­қылы тек бір рет қана түсірілім жасалды. Фотоқақпан орнату үшін кезекті далалық жұ­мыс кезінде жаңадан олжасына айналған тауешкінің өлексесіне кез болдық. Айнала­сы шиыршықталған барыс іздері екен. Мүмкін бізді көріп тұрған да болар. Бірақ күн лезде суы­тып тұман басты. Тас­ты қуыс­қа фотоқақпан ор­натыл­ды. Нә­тижесінде, өлексеге ымырт үйі­ріле келген үш бірдей был­тырғы аландардың үлкен жырт­қышқа айналғанын көрдік. Өлек­сеге тас сусары мен түлкі де кезек­тесіп келіп отырды. Фо­то­қақ­пан­­ның жұмыс істеген уа­қыты – қарашаның бас кезі мен жел­­­тоқ­сан айының алғашқы он­күн­дігі.

Жалпы, мониторинг барысында шатқалға орнатылған фото­қақпандардан алынған мәлі­меттерді қарай отырып, кейбір қызықты жайттарды байқадық. Бір ілбістің аталығы тек жалқы түрде бірнеше рет өтіп жүрді. Аталған соқпаққа олар қараша айында келіп, сәуір айына дейінгі уақыттарда байқалды. Жаппай белсенді кездескені – ақпан-наурыз айларында. Сонымен қатар құйрығын көтеріп, тасқа зәрін шашып мекендеу аумағын белгілеп отырады. Кетіп бара жатып артқы аяғымен қи көметін кездері де бар. Олар жаз мезгілінде дәл осы соқпақтан маусым айында бір рет тіркеліп, өзге уақытта кездеспеді. Өйткені тауешкілермен бірге әрі ұрпақ өрбіту мақсатында таудың биік белдемдеріне, яғни альпі аймағынан жоғары құз-жартасты аймаққа көтеріліп кетеді. Олар оңайлықпен көрінбейді. Түсі­рілген бейнелеріне қарай отырып, сол жердегі табиғи нысандарға өте ұқсас болып келетіні байқалды.

Іл­біс­тер­дің эко­логиясы мен био­логиясы әлі де зерт­­теуді қажет етеді. Осы уа­қытта еліміздегі белгілі териолог мамандармен бірлесіп, ғылыми материалдарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір ұлттық парк аумағындағы 22 дарақ ілбіске А.Грачёв же­текшілік ететін зоология институты мамандары сырттай жеке код (де­несіндегі таңбаларына қарай) жасалып, кейбіріне лақап ат берілді. Зоология институтымен ғылыми әріптестік келісімшарты негізінде бірлескен жұмыс бойын­ша ID – жеке төлқұжаты, SLM – барыстың еркегі, SLF– ұрғашысы, SLJ – күшігі, 8AKS – Ақсай сайынан тіркелген №8 барыс де­генді білдіреді. Бұл ла­қап ат беру іс-шарасына мек­теп оқушылары, студенттер, табиғат жанашырлары да  қатысты. Аталған іс-шара «Аюсай визит орталығында» және ұлттық парктің бас кеңсесінде өтті. Со­ны­мен қатар «Зоология инс­ти­туты» мамандары Біріккен ұлт­­тар ұйымының Даму бағ­дар­ламасының қолдауымен «Спут­никтік телеметрия» (қар­ғыбау) орнату мақсатында ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі ко­митетінің рұқсатымен қауіпсіз тұ­зақ құру арқылы ілбістерді ұстай алмады. Дегенмен жырт­қыш­­тарды мамандарға көру ба­қыты бұйырды. Арагідік олар бай­қалғанымен, тұзаққа түспей сытылып кетті.

Қаскелең орманшылығына қарасты мониторинг алаңы белгіленген сайларда 6-8 ілбіс­тің бар екені нақтыланды. Ұлт­тық парк аумағында 40-қа жуық барыстың мекен ететіні ресми құжаттарда жазылуда. Елі­міз­дегі сирек кездесетін Қазақ­стан Республикасының қы­зыл кітабына кіретін және халық­аралық деңгейде айрық­ша қор­ғалатын, Алматы қа­ла­сының символы болып отыр­ған іл­біс­терді қорғау, зерттеу өте ма­ңызды. Сондай-ақ жыл сайы­н заңғар таудың епті де батыл, сымбатты да көркем, ерекше жаратылыс иесі ілбістерді қысқы мекенінде бақылау жалғасады. Оларды қатаң күзету жүргізіледі. Барысты көру әркімге қызық-ақ. Ал тыныс-тіршілігін зерттеу тіпті тамаша.

 

Тұңғышбай ЖАПАРҚҰЛОВ,

Іле-Алатау МҰТП ғылыми қызметкері

 

Алматы облысы