Руханият • 29 Қараша, 2022

«Тек өзім білем кеудеме қатқан берішті»

374 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлы даланың бір пұшпағы – Созақ­тың қасиетті топырағынан нәр алып, қазақ әлемінің рухани-мәдени өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ұлтымызға олжа салған жақсылар мен жайсаңдардың ізгі жолын лайықты жалғап, өз есімін ел есіне талантымен, дарынымен таңбалаған оғландар­дың бірі – Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақын, журналист Төреғали Тәшенов.

«Тек өзім білем кеудеме қатқан берішті»

Арыға бармай-ақ берінің жазиралы өлкесіне ат шалдырсаңыз Сүгір, Қожанов, Кеңесбаев, Әлімқұлов, Мұсаев, Момбеков, Сүлейменов және басқа да ірілердің есімі жаңғыратын киелі Созақ жерінде туып, ұлы ортақ мүдде – қазақ руханиятына қыз­мет ету, үлес қосу ісін ойынан бір сәтке де шығармай, талантына еңбекқорлы­ғын, ізденімпаздығын тірек ете жүріп ел аузы­на іліккен Төкең – Төреғали өз елінің алдын­дағы жауапкершілігін терең сезінетін азамат. Осы жауапкершілік оны байыз таптырмай, ақындық пен журналистиканың тізгінін қатар ұстауға мәжбүр еткені сөзсіз.

Төкең оқушы дәптеріне алғаш балаң ойын өлең ете өріп, талаптанған сәттерден бүгінге дейінгі аралықтағы жүріп өткен жолына көңіл көзін жіберсеңіз, тыным­сыз еңбек пен іркіліссіз ізденістің, ширығу­дың, шығармашылық бақытқа кенелу құмар­лығының, ұдайы ұштамаса ұшпаққа шығара қоюы қиын талантының тәтті де құнарлы жемісін көресіз.

Оның балаң көңілін жазуға желік­тір­ген, өлеңге еліктірген жастайынан кітапқұмар­лығы болса керек. Дұрыс шығар, бірақ Төкеңді қызығы мен шыжығы қосарлана жүретін шығармашылық қазанында қай­натқан ананың сүтімен, атаның қанымен дарыған қасиеті.

Көп ақын өзінің балғын шағында жазған жазбаларын есейгенде оқып беті қызарып, онысын жыртып тастайды емес пе, ал біздің Төкең он екі-он үш жасында жазғандарын бүгінге дейін сары майдай сақтап келеді. Мұның себебі – сірә, балауса өлеңдерінің өзі етек-жеңі жинақы, есті болғаны ғой. Бұл жөнінде Төкеңнің өзі: «Сол өлеңдерімнің кей жерін түзетіп кеп жіберсем, дап-дайын, тәуір дүние болады», дейді. Жә, өткен шақты қоя тұралық.

Қай ақын болсын өлеңді кие санайды, одан қасиет іздейді. Онсыз ақындық өнер ешкімге есігін ашпайды.

«Қажылыққа ниет еткен құмырсқадай,

Бетке алдым өлеңнің қағбасын.

«Жеткізер, – деме, – бұл жүріс қалай?»

Жете алмасам жолда өлермін».

Бұл Төкеңнің өлең туралы толғанысы.

Ақын өлеңді Қағбадай көреді, дұрысы – ақын үшін өлеңнің өз Қағбасы бар. Сол Қағбаға ұмсынып, оған қол тигізбей қоймауды мақсұт еткен Төкеңнің көздегені – өлең шыңы. Ол осы жолда жанын қиюға әзір. Ақындық серт, қайсарлық, өлеңге деген адалдық осындай-ақ болар.

Алматыда 1985 жылы өткен респуб­лик­а­лық «Жігер» фестивалінің дипломанты ­атанып, 1987 жылы республикалық «Жалын» журналында топтама өлеңдері жа­рияланып қазақ поэзиясындағы сапары оңғарылған Төкеңнің туындыларындағы поэтикалық әдістер, эстетикалық талғам­мен өрілген шумақтар, ілкімді ой, мәністі мәнерлер санаңа салмақ сала отырып сер­гітеді, ширатады, шабыттандырады, айналып келіп қазақтың қара өлеңінің қадірін ұқтырып, қасиетін сездіреді. Ақындық қуат деген, бәлкім осы шығар.

Қазақта халқымыздың қара өлеңін темір­қазық етпеген ақын жоқ шығар. Осы қасиет тұнған темірқазыққа мықты ақындар өзін әрқилы байлайды. Бастауын халықтан алған, Абай құнарландырған, Мағжан ба­йытқан, Мұқағали сәнін келтірген қара өлең­нің сарқылмас қазынасынан шөлін қан­дырып, соның өтеуін өз шеберлігімен қайтара білген Төкеңнің қазақ поэзиясының жазира-жазығындағы шабысының екпінін анық байқатар өлеңдерінің астарында сөз ұғар оқырманға оңайлықпен ашыла қоймас жұмбақ сыр, тылсым күш бар. Сенбейсіз бе? Олай болса, басқасын айтып жатпай-ақ, мына бір шумаққа назар салыңыз. Сонда сенесіз.

«Адамды қойшы,

Құдаймен жүрмін келіспей,

Тәңірдің ісін терістей берем, кері істей.

Мейірін Көпке,

Пейілін Көкке бермеген

Тек өзім білем кеудеме қатқан

берішті, ей!»

Құдайды тану мүмкін бе? Жауап беру қиын. Ал Жаратқанды тануға тырысу адам­дықтың әзіз жолы емес пе? Бұл жолға түс­пеген жанның кеудесінде уайым мен қайғы беріш болып қатпай ма? Ендеше, кінәні өзгеден емес өзіңнен ізде. Ақын осыны ашық, астарламай жеткізіп тұрғанымен бәрібір өлең өзінің ішкі қатпарына тылсымды күшін жасырып тұр.

Жыр додасында сыналып ысылған Төкең­нің шығармаларында ұлттық құнды­лық, таным-түсінік кеңінен көрініс береді. «Түркiстанмен табысу немесе Әзiрет сұлтан рухымен тiлдесу», «Қарлығаш пен Қазақ», «Жалғыздың жыры», «Қамшы тарту», «Жылқы мінез», «Адыраспан», «Үшкіру», «Қара шаңырақ», «Тал бесік» сияқты өлең­дер легінің қайсысын алсаңыз да ұлттық нақыш-бояуы қанық.

Т.Тәшенов өлеңдерінің поэтикасына, эстетикалық әлеміне зер салсаңыз неше түрлі әдіс-тәсілдерге, тұшымды тұжырымдар мен парасатты пайымдарға молынан кезігесіз. Ақынға аз-кем кезек берейік. Төкең «Сурет» атты өлеңінде:

«Айлы түн – ақ жал арғымақтардай,

Айдын көл – жатқан

жарқырап маңдай…

Сар дала жақтан сұлуша есіп,

Сыпайы ғана салқын аққандай;

Дүлейдің шоғы – үрейдің оғы

Қып-қызыл жұлдыз балқып аққандай,

Жалғыздың мұңы – байғыздың үні

Жаныңды бір сәт қалтыратқандай…»

Көңілдің кілтін дөп басып, адамның құбылмалы жан сарайынан сыр шашып тұр.

Тағы бір өлең – «Өрт ішінен аман шық­қан гүлдеймін»:

Күнде, мейлің,

Міне, мейлің,

Күл, мейлің!

Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін...

...Бақ деген – бір бақа айғырдың қасқасы,

Бұрыс қонып, дұрыс ойға шөкпеген.

Шалмаса да жиі шабыт – шабан кер,

Менің кеудем – жазылмаған кәлам-шер.

Кеңдігінен кемдік көріп жүретін

Маған емес,

Маңдайыма сәлем бер!..

Түсін бермес,

Іші түгіл, жазған бас,

Жер қозғалар – Төреғали қозғалмас».

Ақын осы өлеңінде өзінің болмыс-бітімін, ішкі сырын поэтикалық ұтымды әдіспен бере алған...

Төкеңнің туған жер, ел, өмір, табиғат, махаббат және басқа да тақырыптар қоз­ғалған өлеңдері кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Әсіресе ақынның туған жер­ге деген ілтипаты ерекше екендігін шығар­машылығынан анық байқайсыз. Туған жер, өскен ел тақырыбында жазылған өлең­дерінен қазақтың тарихы, шежiресі сөйлеп кеп береді де қазақы қаның тулайды.

Төкең «Қаратау» деген өлеңінде былай толғапты:

«Біресе көк мұнартып,

Біресе қоңыр тартып,

Құбылған қайран тауым

Шоқтығы артық.

Тепсінген Теріскейдің рухындай,

Тұр ә-неу өр ашуың көкті шарпып.

Мен үшін асқар шыңың – Аршыдайын,

Көрінер құзың биік – Күрсідейін...

Үзілмес мұңың мың жыл жырласа да

Сүрінбес жүз жырау мен мың сүлейің...

...Қаратау – Созақтың керме қасындай,

Аспан мен Жер жаралғанда

Ортасында қалған

Ашылмай – Құдайдың қайғысы тұнған қара тасындай...»

Созақтың күнгей желкесінен көктей өтіп жатқан, мырза пейілмен байлығын шашса да құт-берекесі ортаймас Қаратауының шыңын Аршыға, найзадай үшкір құзын Күрсіге теңеген ақынның туған жерге деген ыстық ықылас, ілгері ниетіне қалай сүйсінбессің?!

Созақ ауданының орталығы Шолақ-Қор­ған ауылына жақын, Қаратаудың етегіне жар­маса орналасқан Қарабұлақ деген бере­келі ауыл бар. Төкең осы ауылда туған. Мұқа­ғалиға Қарасазы қадірлі болса, Төкеңе Қара­бұлақтай жер жаннаты жоқ. «Қайран, Қара­бұлағым» деген өлеңінде ақын былай дейдi:

«Қайран, Қарабұлағым!

Қайда қамсыз, бұла күн?!

Жаным бүгiн жабырқап,

Жар басында жыладым...

...Топырағы – құнарым,

Тасы болған – Тұмарым.

Қайран, Қарабұлағым,

Қайран, Қарабұлағым!»

Ақын үшін өзі әрбір тасын тұмардай көретін Қарабұлағы құтты қоныс, берекелі мекен.

Ақынның оқырманнан лайықты бағасын алған, әріптес ағайын жылы лебіз білдірген «Аққудың қауырсыны», «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» және «Сарғалдақ» атты жыр жинақтары халқымыздың рухани қазынасына қосылған үлес. Ақын бақытының мәні де осында.

Аталған кітаптар Төреғали Тәшеновтің қазақ поэзиясындағы орнын айқындап берді. Десек те ақын үшін 1997 жылы Алматы қаласында басып шығарылған «Аққудың қауырсыны» атты жинағының жөні бөлек. Бұл туралы Төкеңнің өзі былай дейді: «1997 жылы «Аққудың қауырсыны» деген пышақтың қырындай тұңғыш жыр жинағымды Алматыдан мың дана етіп шығардым. Тұңғыш жинақ болғанмен, ол жұртқа таңдамалым сияқты әсер етті. Әбден өзімнің қатаң сынымнан өткен, пісіп-жетілген отыз бес жасымда шығарған кітабым ғой. Осы алақандай кітап менің ақындық паспортым болды. Қазақстан Жазушылар одағының 1998 жылғы әдеби жылдық қорытындысында баяндамашының аузына ілігіп, жақсы бағаланды».

Ал таяуда ғана жарық көрген, Алматыда тұсауы кесіліп, әлі біздің қолымызға жетіп үлгермеген «Айттым құлдық, Қаламқас» атты жаңа жыр жинағы ақынның поэзиядағы белесін өзгеше өлшем биігіне көтерерін ішіміз сезеді.

Т.Тәшеновтің журналистика саласын­дағы еңбегі де ерен. Жаңатас қаласында шығып тұрған «Қаратау кеншісі» – «Горняк Каратау» өндірістік газетінен журналистік жолы басталған Төкең республикалық басылымдарда жарық көрген мақалаларымен кеңінен танылды. Оқырман мақаласын қиып алып, сақтап қоятын ізденімпаз жур­налистердің қатарына қосылған Төкең­нің қозғаған тақырыптары таңғалдырады. Тақырыбын ойната қойып, әрбір сөйлемін мәнісін келтіре жазар біздің кейіпкеріміз аңыздан ақиқат іздегенде, жабулы жат­қан, қалтарыста қалып қойған мәселелер­ді алдыңа жайып салғанда разы боласың. «Пушкинді атқан – кім?», «Арқалық аспа­нын аңдығандар кімдер?», «Жеті қат жер асты­нан шыққан дауыс», «Қапшағайдың тиімді­лігі көп пе, зияны көп пе?», «Қазығұрттың төбесінен неге ұшақ ұшпайды?», «Қағбадағы қантөгіс», «Ұлы Маңғыттың соңғы тұяғы», «Хан Тәңірі – қазақ жерінің Шамбала­сы», «Аға лейтенант Ағаевты ақтай аламыз ба?», «Шымкентті шулатқан «соғыс» қашан болып еді?», «Теміртау трагедиясын» тудырған айыптылар кім?», «Штирлиц – қазақ» болған ба?», «Гитлердің Қазақстанға соғысы» нені көздеді?», «Әлемдік жасырын үкімет» қайда орналасқан?» сынды көптеген материалы талайдың есінде болар.

Төкеңнің ғылыми-танымдық мақала­ларын айтсаңшы, шіркін! Оның бұл бағыт­тағы зерттеулері қазақ публицистикасы­ның деңгейін көтерді. Ол не жазса да же­ріне жеткізе әрі батыл жазды. 2011 жылы «Сана мен саясат» және 2012 жылы «Тәуелсіздік талайы», 2016 жылы «Қара жердің кін­дігі» атты жинақтарында топтастырылған еңбектерінен оның публицистикалық жанрда қарымды қаламгер екенін анық көре­сіз. Төкеңнің ел есінен шығып бара жатқан оқиғаларды «желкесінен сүйреп» алып шығар шеберлігі, санасының сүзгісінен өтіп, көңіліне әсер еткен ой-пайымдарын ұсынудағы ептілігі өз алдына бөлек әңгіме.

Төкең «Енді қандай мақала жазар екен?» деп елеңдеп күтіп жүретін оқырманы көп екенін сезетіндіктен ешқашан олпы-солпы дүние ұсынбайды. Оқырман алдындағы жауапкершілігін сезіну деген осы болар. Оның жазған зерттеу мақалалары, жүргізген сұхбаттары бүгінде интернет әлемінде, сайттарда өріп жүр. Көшіріп алып баса береді. Оларға пәлен деп жатқан Төкең жоқ.

Әрине, мақала өздігінен жазыла сал­майды... Биік талғамы, көпшіліктің алдын­дағы жауапкершілігі Төкеңді тыныш жат­қыз­байды. Том-том кітаптар оқу, ескі ба­сы­лым­­дарды, архивтерді ақтару, олардан тап­қан дүниелерін талдап, сараптап бүгінгі оқырман талабына сай жазып шығу оңай деймісіз. Бірақ Төкең осындай ауыр бейнетті абыроймен атқарып келеді. Өйткені оның өмірі жауапкершіліктен құралған. Белгiлi әдебиетшi ғалым Қансейiт Әбдезұлы кезінде Төкеңнің жазбалары жас журналистерге шеберлiк шыңдау жағынан да берер сабағы мол екенін айтқан еді. Ғалымның бұл пікірін алдағы уақытта ескергеніміз абзал.

Қорыта айтқанда, Төреғали Тәшенов – поэзия әлемінде де, ұлттық баспасөз кеңіс­тігінде де өзіндік орны бар айтулы қаламгер. Бұл біздің ғана емес, жұрттың пікірі.