Сұхбат • 29 Қараша, 2022

Бизнеске несие беру: Кепіл саясатына қойылатын талап жеңілдетіледі

333 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне экономиканың нақты секторына қолжетімді несие беруді қамтамасыз етуді тапсырған еді. Шыны керек, әсіресе, шағын және орта бизнестің несиені ыңғайлы әрі жеңіл талаппен ресімдеуіне жағдай жасау басты міндет болып тұр. Осы ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова экономикаға несие беруге байланысты негізгі сауалдарымызға жауап берді.

Бизнеске несие беру: Кепіл саясатына қойылатын талап жеңілдетіледі

– 2022 жыл жалпы ел, соның ішінде қаржы нарығы үшін оңайға соқпағаны белгілі. Гео­саяси ахуалдың қиындауы экономика мен халық жағдайының бел омыртқасы болып тұрған банк секторына да әсер етті. Осы орайда қаржы институттарының орнықтылық деңгейін қалай бағалайсыз?

– Рас, биыл әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі отандық қаржы секторына да әсер етті. Бұл еларалық экономикалық бай­ланыстардың үзіліп қалуына, энер­гия тасымалдау баға­сының өсуіне және жаһандық эконо­миканың өсу қарқынының баяу­лауына ықпалын тигізді. Әлемдік инфля­­цияның өсуі көпжылдық дең­гей­ге жетті. Бұл орталық банк­терді оны ұстап тұру үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуға мәжбүр етеді. Қазақстанда жылдық инфля­ция биыл қазан айының қоры­тындысы бойынша 18,8%-ға дейін жедел­деді. Бағаның өсуін тежеу үшін Ұлт­тық банк жыл бойы базалық мөл­шер­лемені ағымдағы 16% деңгейге дейін кезең-кезеңімен көтерді. Бұл, өз кезегінде, қорландыру мен кредит беру құнын ұлғайтты. Мәселен, корпоративтік сектордың кредиттері бойынша мөлшерлемелер 12,2%-дан 16,2%-ға дейін өсті.

Банк секторына және атап айтқанда, корпоративтік кредит беруге 2022 жылы ақша-кредит сая­сатын қатаңдату, белгісіздіктің өсуі аясында корпоративтік қарыз алушылардың кредиттік тәуекел­дерін арттыру, сондай-ақ санкция­лар енгізу нәтижесінде ресейлік еншілес банктердің жаңа қарыздар беруін тоқтата тұру едәуір әсер етті. Макроэкономикалық жағдайлардың қатаңдатылуына қарамастан, банк секторындағы жағдайды тұрақты деп бағалауға болады. Банктерде сыртқы күйзелістерді еңсеру үшін жеткілікті орнықтылық қоры және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту әле­уеті бар. Сектордың негізгі көрсет­кіштері оң серпінді көрсетіп отыр. Жыл басынан бері банк активтерінің өсуі 10,9% болып, 41,7 трлн теңгеге жетті. Банк жүйесіндегі салымдар 13,1%-ға, 29,4 трлн теңгеге дейін өсті. Несие портфелі 10,4%-ға, 22,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте банктердің капиталдандыруы жоғары, оны меншік капиталының жеткіліктілік деңгейі растап отыр: ең төмен норматив 8% болған кезде аталған деңгей 20,9%-ды құрайды.

– Мемлекет басшысы Жолдау­да бизнес субъектілеріне кредит беру­ді арттыру қажеттігін және қар­жыландырудың жеткілік­сіздігін айтқан еді. Банк­тердегі кредит беру рөлінің төмен­деуі­не не әсер етті және корпора­тивтік кредит беру нарығындағы қазіргі жағдай қандай?

– Соңғы жылдары ІЖӨ-дегі кре­дит беру үлесі 22,1%-ға дейін қыс­қарды. 2017-2020 жылдар аралы­ғында корпоративтік кредит берудің теріс серпіні байқалды. Бұл жалпы көлемі 6,9 трлн теңгені құрайтын стрестік активтерді ауқымды есептен шығаруға байланысты болды. 2020 жылы экономикаға берілген кредиттер 5,5%-ға, оның ішінде ШОБ кредиттері 7,2%-ға ұлғайса, 2021 жылы корпоративтік кредит берудің өсуі 9,3%-ды құрады, оның ішінде ШОБ кредиттері 29,2%-ға өсті. Корпоративтік кредит берудің бұл өсуі – соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Биыл геосаяси жағдайдың шие­ленісуіне және ақша-кредит саясатының қатаңдатылуына байланысты жаңа сын-қатерлерге қарамастан, корпоративтік кредит берудің оң серпіні сақталып отыр. Осы жылы 9 айда заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 3,6%-ға, 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілетін жиын­тық кредиттер жыл басынан бері 6,8%-ға, 8,9 трлн теңгеге дейін өсті, оның 63%-ы немесе 5,6 трлн теңгесі ШОБ-қа тиесілі. Бұдан басқа, ШОБ субъектілері – қа­рыз алу­шылар санының белсенді өсуі бай­қалады. Олар 1 қазандағы жағ­дай бо­йынша 255,3 мыңға дейін, 52,5%-ға көбейді (жыл басынан бері).

– Корпоративтік несиелер негізінен экономиканың қандай салаларына көбірек беріліп жатыр?

– 2022 жылдың басынан бері корпоративтік кредит берудің ең көп өсуі өнеркәсіпте (263 млрд теңге немесе 9,9%), ауыл шаруашылығын­да (86,1 млрд теңге немесе 16,3%) және көлікте (28 млрд теңге немесе 6,9%) байқалады. Ал құрылыста кредит беру көлемі қысқарған (-44 млрд теңге немесе -6,7%). Бұл теріс үдеріс құрылыс секторындағы белсенді кәсіпорындар санының азаюы, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ жаһандық логистикалық тізбектердің бұзылуы аясында құрылыс процестерінің тоқтап қалып жатқанына байланысты.

ШОБ кредиттерінің өсуіне қа­рыз алушылар үшін пайыздық мөл­шерлемелерді субсидиялау және кепілмен қамтамасыз ету тап­шы­лығы жағдайында олардың кепіл­діктер алуы түріндегі бизнес субъектілерін реттеушілік ынталандыру шаралары мен жеңілдік­пен қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламалары ықпал етті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағалауы бойынша қазір субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдік­пен қаржыландыру түріндегі қол­дау құралдарымен ШОБ кредит­тері портфелінің шамамен 37%-ы қамтылған.

– Агенттік бизнес субъекті­леріне қазіргі жағдайда кредит беруді қолдау үшін қандай шара­лар қолданады? Қарыз алушы­ларға қандай да бір талаптарды жеңілдету жоспарда бар ма?

– Жаһандық сыртқы факторлар мен макроэкономикалық жағ­дай­дың қатаңдатылуына орай қаржы секторының орнықты­лығын қам­тамасыз ету ғана емес, соны­мен қатар бизнес субъекті­лерін қажетті қаржылық ресурс­тар­мен қамтамасыз ету де маңыз­ды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес субъек­­тілеріне қазіргі жағдайда кре­дит беруді қолдау мақсатында агент­тік дағдарыс кезеңдерінде нарық қатысушыларына қойы­латын реттеушілік талаптарды ырық­тандыруды көздейтін контр­циклдік саясат шеңберінде пруденциялық ынталандыру шараларын іске асырады.

Банктер үшін ең өзекті мәселенің бірі – капиталға реттеуші жүктемені азайту. Банктер тәуекелдерді ескере отырып сараланатын барлық берілетін кредит үшін капитал­ды резервтейтінін атап өтеміз. Тәуекел неғұрлым көп болса, банктің өз ор­нықтылығын қамтамасыз ету үшін соғұрлым көп капитал болуы керек. Бұл тәсіл Базель коми­теті белгілеген халықаралық стан­дарттарға сәйкес келеді. ШОБ субъектілеріне кредит беруді ынталандыру үшін 2020 жылғы наурыздан бастап ШОБ қарыздары бойынша тәуекел-саралау 75%-дан 50%-ға дейін төмендетілді. Іске асырылып жатқан іс-шараның тиім­ділігін ескере отырып, ШОБ-қа кредит беруді одан әрі кеңейту үшін бұл іс-шараны агенттік биыл қазан айында 2024 жылға дейін ұзартты. Бұл бизнес субъектілеріне жаңа кредиттер беру үшін капиталды босатуға мүмкіндік береді.

Экономиканың нақты секторы­ның ірі инвестициялық жобаларын қаржыландыру үшін банктер мен даму институттарын қоса алғанда, бірнеше қатысушы тарапынан бірлескен қаржыландыруды ұйым­дастыру қажет. 2021 жылы агент­тіктің бастамасымен синдикат­талған кредит беруді (несиелеуші банктер тобы белгілі нысанға немесе қарыз алушыға несие беру мақсатында өздерінің бос қара­жатын уақытша біріктіреді – ред.) дамыту үшін заңнамалық жағ­дай жасалды. Синдикатталған қар­жы­ландыруды ынталандыру мақ­сатында көрсетілген қарыздар бойынша капиталға түсетін салмақ екі есе азайтылды.

Өтімділікке түсетін реттеушілік салмақты азайту және кредит беруге өтімділікті босату үшін агенттік 2020 жылдан бастап Базель стандартында кемінде 1-ді құрайтын өтімділік коэффициенттерін 0,8-ге дейін уақытша төмендетті. Ақша нарығындағы жағдайлар­дың қатаңдатылуына байланысты, сондай-ақ жеңілдікті кезең аяқ­тал­ғаннан кейін кредит беру әлеуе­тінің төмендеуіне жол бермеу мақ­сатында бұл іс-шара 2024 жылғы шілдеге дейін ұзартылды.

Кәсіпкерлер үшін кредиттердің қолжетімді болуына әсер ететін негізгі фактордың бірі – кепіл­мен қамтамасыз ету. Бизнес субъек­тілерінде сапалы кепіл тапшы­лы­ғының болуы жағдайында кредит беруді қолдау үшін агенттік биыл қазанда банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдетті. Кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды банк­тер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету, банктің кредит тәуекел­дерін азайту және банктердің орнық­тылығын қамтамасыз ету үшін белгілейді. Кредиттік тәуекел­дерді уақтылы өтеу үшін банктер қарыз алушылардың кредит­тер бойынша міндеттемелерді орын­дамауына байланысты кредит­тік портфель құнсызданған жағдай­да резервтер (провизиялар) қалып­тастыруға міндетті. Провизияларды қалыптастыру ХҚЕС-ке сәйкес жүзеге асырылады және банктердің қар­жылық орнықтылығын қамта­масыз етуге арналған.

Банк секторы мен кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен ұсыныстар шеңберінде кепіл саясатына қойы­латын талаптарды 2024 жылға дейін жеңілдету мақсатында жылжымайтын мүлік және жер учаскелері (0,7-ден 0,85-ке дейін), жабдық, да­йын өнім және тауар-материалдық қорлар (0,4-тен 0,5-ке дейін) сияқты кепіл мүлкінің жекелеген түрлері, болашақта мемлекет-жекешелік серік­тестік шарттары және сенім­ділік өлшемшарттарына сәйкес келетін басқа да келісімшарттар бойынша түсетін ақша (0-ден 0,5-ке дейін) бойынша өтімділік коэффициенттері көтерілді. Бұдан басқа, кепіл тетігінің тиімділігін арттыру үшін кепіл кредиторларының жер қойнауын пайдалану және жер пайдалану құқықтарын өткізуі кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді. Заңнамалық түзетулерді қабылдау банктердің кепіл саясатын жеңілдетуге және кәсіпкерлерге жер және жер қойнауын пайдалану құқықтары кепілімен кредиттерге қол жеткізуін кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Жалпы, төмен инфляцияға негізделген қолайлы макроэко­номикалық жағдай жасауда банк­тердің рөлі қандай болмақ?

– Агенттік қабылдаған реттеу­шілік ынталандыру шаралары қаржылық тұрақтылықты қамтама­сыз ету мен экономиканың нақты секторына сапалы кредит берудің өсуін қолдау арасындағы теңгерім­ді сақтауға бағытталған. Бұл ретте ұзақ мерзімді кезеңде сапалы өсуді қамтамасыз ету үшін банктер­дің орнықтылығы мен реттеу­шілік ынталандырудан басқа, тиісті жағдайларды жүйелі деңгейде қам­тамасыз ету қажет.

Біріншіден, банктерді қорланды­рудың ұзақ мерзімді дереккөздерін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта қорландыру құрылымының 80%-дан астамын депозиттер құрайты­нын атап өткен жөн. Оның негізгі бөлігінде мерзімінен бұрын алудың икемді шарттары бар. Борыштық бағалы қағаздардың үлесі 6,1%-ды ғана құрайды, бұл шектеулі институционалдық сұранысқа байланысты. Қазақстандық эмитент­тердің, оның ішінде банктердің бағалы қағаздарына деген инсти­туционалдық сұранысты дамыту үшін қазіргі уақытта жеке бас­қарушы компанияларды зейнет­ақы активтерін басқаруға тартуды кеңейту мәселесі пысықталуда.

Екіншіден, төмен әрі тұрақты инфляцияны қамтамасыз ету үшін тиісті макроэкономикалық жағдай жасау қажет. Бұған инфляциялық таргеттеу режіміндегі дәйекті және ашық ақша-кредит саясаты, сондай-ақ монетарлық және фискалдық саясатты тиімді үйлестіру арқылы қол жеткізіледі. Келесі негізгі шарт – корпоративтік сектордың орнықтылығын арттыру. Ол үшін компаниялардың корпоративтік басқару жүйесін, есептілік сапасын және аудит жүйесін жақсар­ту, сондай-ақ дәрменсіз қатысу­шыларды уақтылы шығару үшін корпоративтік банкроттықтың тиімділігін арттыру қажет.

Аталған іс-шараларды іске асыру бизнес субъектілеріне кредит берудің сапалы әрі орнықты өсуі­не ықпал етеді. Бұл Қазақстан эконо­микасының үдемелі өсуін және жалпы алғанда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.

 

Әңгімелескен

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»