03 Маусым, 2014

Визасыз режім туралы келісім жасалды

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Аргентина Сыртқы істер министрі Эктор Тимерманмен оның Қазақстанға ресми сапары аясында кездесті. Бұл Латын Америкасы мемлекеті сыртқы саясат ведомствосы басшысының Қазақ еліне алғашқы сапары болып табылады, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Сұхбаттасушылар экономика, сауда, инвес­тиция, туризм саласындағы Қазақстан-Арген­тина ынтымақтастығы мәселелері мен ха­лық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. «Біздің елдеріміз арасындағы ұқсастықтар өте көп, біздің көзқарастарымыз бен адамзат алдында тұрған тұрақты даму мен экология, яд­ролық қауіпсіздік пен көпполярлы әлемді ны­ғай­ту мәселелеріндегі қауіп-қатерлерді шешу тәсіл­деріміз өте ұқсас», деп атап өтті Е.Ыды­рысов. «Біз Аргентинаның осы жылдың екінші жартысында өкілетті бизнес-делегациясын Қазақстанға бағыттауды жоспарлап отырғанына қуаныштымыз. Біз аргентиналық бизнесмендерге өз тарапымыздан олардың қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықтарын бас­тай алатындай мазмұнды бағдарлама дайын­дамақпыз», деп атап өтті ҚР СІМ-інің басшысы. Ол, сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде екіжақты комиссия құру жоспары мен Аргентина тарапының Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесіне қолдау көрсету туралы келіс­сөз­дердің жалғасып жатқанына назар аударды. Екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты талқыға салды. «Біз елдеріміздің БҰҰ-ның түрлі құрылымдарына үміткерлікті өзара қолдап отыратынымызға қуаныштымыз және мен өзімнің әріптесіме Аргентинаның 2017-2018 жылдарға БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдағаны үшін ерекше алғысымды білдіремін. Аргентинаның қолдауы біз үшін өте құнды және біз болашақта БҰҰ ҚК құрамында бола отырып, ортақ мүд­делерімізді қорғауға ниеттіміз», деп мәлімдеді Е.Ыдырысов. Біздің елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтарды тереңдетуге серпін беретін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аргентина Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың визасыз сапарлары туралы келісімге қол қою келіссөздердің маңызды қорытындысы болды. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы қазақстандық СІМ әлем елдерімен визасыз режім орнату бойынша жұмысын белсенді түрде жалғастыратынын, оның ішінде тағы бір Латын Америкасындағы мемлекет – Чилимен орнату жоспары бар екенін мәлімдеді. Қазақстан өткен жылы Чилимен екі ел ресми делегациялары үшін визасыз сапар жасау туралы келісімге қол қойған болатын. Э.Тиммерман өз кезегінде екі жақты қатынастар дамуының жоғары серпінін атап өтіп, өз елінің тау-кен, ауыл шаруашылығы және атом өнеркәсібі салаларында ынтымақтасуға деген қызығушылығы бар екенін білдірді. Ол, сондай-ақ, Аргентина СІМ басшысының Қазақстанға тұңғыш сапарының маңызы жоғары екенін атап көрсетті. Кездесу соңында екі ел өзара тиімді қарым-қатынас орнататынынан үмітті екенін жеткізді.